зайырлылық

Показать содержимое по тегу: зайырлылық

Мемлекеттік қызметкерлердің діни ұстанымына қатысты нақты үш шектеу болады. Бұл шектеулерді бұзғаны үшін тәртіптік жаза қолданылады, деп xабарлайды ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасаған silteme.kz.

Опубликовано в Құқық-заң

Жан күйзелісіне түсіп, әрқалай себептермен торыққан жас­тарды түрлі діни ағымдар өз қатарына тартатыны белгілі. Ал біздің зайырлы қоғамда оларды қолдайтын, қысылғанда көмек беретін қандай қызметтер бар? Осы сұраққа жауап алу мақсатымен Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым ШОЙКИНМЕН сұхбаттасқан едік.

– Азаматтардың дін саласындағы мәселелерге қатысты сауатын көтеру мақсатында 2015 жылы және 2016 жылдың өткен айларында қандай жұ­мыстар атқарылды?

– Дін істері комитеті тарапынан ғылыми сараптамалық, әлеуметтанулық зерттеулер жүргізуге, азаматтарға дін мәселелері бойынша кеңес беруді ұйымдастыруға, тұрғындарға дәстүрлі ислам діні туралы шынайы ақпарат беруге, радикалдық сипаттағы діни ағымдардың жетегінде кеткен жандарды, оның ішінде экстремизм баптары үшін түзеу мекемелерінде жазаларын өтеушілерді дәстүрлі ортаға қайтару мен оңалту жұмыстарын ұйымдастыруға, орталық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен журналистері үшін дін саласындағы тақырыптарды қамтитын мәселелерді жариялау бойынша оқыту семинарларын ұйымдастыруға, конференциялар өткізуге, дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша ақпараттық және әдістемелік құралдар әзірлеуге және осы қатардағы басқа да шараларды ұйымдастыруға жыл сайын қаражат бөлініп отырады.

– Дін саласындағы мәселелермен аймақтарда жұмыс жүргізіп отырған қызметкерлердің әлеуеті талапқа сәйкес келе ме? Оларды білікті мамандармен, материалдық-техникалық қажеттіліктермен қамтамасыз ету деңгейі қандай?

– Қазіргі күнде еліміздің 15 өңірінде Дін істері басқармалары әкімдіктер құрылымында дербес құрылым ретінде жұмыс атқарады, ал Қызылорда облысының Дін істері басқармасы 2014 жылы таратылып, облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасына қосылған. Өңірлердегі дін істері басқармалары жергілікті деңгейде дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырумен айналысатын құзырлы орган болып табылады.

Барлық өңірлерде Дін істері басқармаларының жанынан дін мәселелерін зерттеу орталықтары құрылып, жұмыс істеп келеді. Өңірлерде қызмет атқарып отырған дін істері басқармалары қызметкерлерінің және дін мәселелерін зерттеу орталықтары мамандарының әлеуеті жоғары және олар материалдық-техникалық тұрғыдан жеткілікті қамтамасыз етілген деп айта аламыз. Өңірлердегі дін саласындағы жұмыстарға үздік теологтар мен дінтанушылар тартылған.

Дін және дінтанушылық білім беру мәселелерімен айналысатын ғалым зерттеушілер, дінтанушылар, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасында үйлесімді үнқатысу, өзара түсінушілік пен ынтымақтастықты дамытуға үлес қосатын Қазақстан дінтанушыларының форумы жыл сайын өткізіліп келеді. Комитет діни саладағы түрлі теріс әрекеттерге қарсы күресу мақсатында дәстүрлі діни бірлестіктермен, азаматтық қоғам институттарымен және БАҚ өкілдерімен өзара әрекеттестікте жұмыстар жүргізуде.

– Кейбір тіркелмеген діни бірлестіктердің еліміз аумағында еркін әрекет етуінің қандай себептері бар? Оларды әшкерелеп, құқық қорғау органдарының көмегімен жазаға тартқан мысалдар бар ма?

– Елімізде қазіргі күнде қызмет атқарып отырған 18 конфессияның мүдделерін білдіретін 3600-ден астам діни бірлестіктердің барлығы өз қызметтерін заңды негізде жүзеге асыруда. Қазіргі күнде еліміз аумағында тіркелмеген діни бірлестіктердің еркін әрекет етіп отырғаны туралы мәліметтер жоқ. Ал дәстүрлі емес діни ағымдардың әрекеті туралы айтар болсақ, олар негізінен идеялық тұрғыдан көрініс тауып отырғандығын айта кету керек. Демек, олар ұйымдық-құқықтық нысанда жұмыс істемейді деген сөз. Бұл, біріншіден, исламдық бағыттағы дәстүрлі емес ағымдарға қатысты жалпы атаумен белгілі салафизм ағымына қатысты.

Десек те, жекелеген діни бірлестіктердің ұстанушыларының еліміздің заңнамаларын бұзуға жол беріп, діни әдебиеттерін рұқсат берілмеген орындарда тарату, заңсыз миссионерлік қызметпен айналысу деректері орын алып жатқандығын да айта кету керек. Ондай деректерге тиісті мемлекеттік органдар тарапынан жедел назар аударылып, сәйкесінше шаралар қабылданып отырады.

Мемлекеттік органдармен анықталған құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік істер қозғалып, айыппұлдар салынады және түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп отырады. Еліміз аумағында қызметіне тыйым салынған жекелеген діни ұйымдардың ұстанушылары тарапынан заңсыз қызмет атқару деректері орын алып отырады. Олардың қатарында «Таблиғи жамағат» ұйымының ұстанушылары мен салафи идеясын ұстанушылар жиі кездеседі. Мысалы, 2015 жылы Астана қаласының соты терроризмді насихаттау және көмек көрсету қылмыстық әрекеттері үшін 2 азаматты бас бостандығынан айырды. 2016 жылғы ақпан айында Астана қаласы Сарыарқа ауданы сотының шешімімен «Таблиғи жамағат» тыйым салынған экстремистік ұйымының 5 мүшесі бас бостандығынан айырылды.

Әрине, бұл мәселелер қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бағытында жұмыстар жүргізіп отыруды қажет ететіні анық. Осы мақсатта Дін істері комитетінің жанында мүдделі мемлекеттік органдардың, діни бірлестіктер мен дін саласындағы сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен ақылдасу тобы құрылып, жұмыс істеуде. Мәселен, Ақтөбеде орын алған оқиға дін саласын реттейтін қолданыстағы заңнамаға жеке үйлерде, пәтерлерде немесе басқа орындарда діни сипаттағы жиналыстар өткізуді реттеу мәселесін күн тәртібіне қойып отыр. Қазіргі күнде бұл мәселенің заңнамалық тұрғыдан дұрыс шешімін табуы үшін кеңесу жұмыстары жүргізілуде.

– Дін істері комитеті жастар ара­сында діннің таралу әлеуетіне мониторинг жүргізіп отыр ма?

– Жыл сайын дін саласындағы өзекті мәселелерді зерттеу мақсатында тұрғындардың әртүрлі топтарының арасында әлеуметтанулық зерттеулер жүргізіліп отырады. Мәселен, біздің тапсырысымыз бойынша 2015 жылы 14 – 25 жас арасындағы азаматтарды қамтып, жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысына сәйкес, сауалнамаға қатысқан респонденттердің 86,8%-ы өздерін дінге сенушілер ретінде санайтындықтарын айтқан. Сонымен бірге, сауалнамаға қатысқан жастардың 15,6%-ы діни рәсімдер мен жөн-жоралғыларды қатаң сақтайтын діндарлар екенін, ал респонденттердің басым бөлігі (71,2%) өздерінің діндарлығы діни мерекелер мен басқа да діни салт-дәстүрлерді формалды түрде орындаумен шектелетіндігін көрсеткен.

Бұл деректер еліміздің жастарының басым бөлігі дінді ұлттық және мәдени-рухани бірегейлік ретінде түсінетіндігін көрсетеді. Жалпы, жастар арасында діннің ықпалының жыл санап артып отырғаны туралы айтқанда, діни құндылықтар мен азаматтық құндылықтарды алмастырмауын басты назарда ұстауымыз керек. Осы орайда, дәстүрлі діндердің туған жер мен Отанға деген патриотизмді терістемейтінін айта кету қажет.

– Жастардың теріс діни ағымдарға тез тартылу себебі неде деп ойлайсыз? Оған қарсы қандай әрекеттер жасалуда?

– Қоғамның ең көп және белсенді тобы ретінде жастардың қандай мәселеге болса да қызығушылықтары жоғары болатыны сөзсіз. Дін істері комитеті осыны ескере отырып басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен, діни бірлестіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесу арқылы жастар арасында дәстүрлі ұлттық және тарихи құндылықтарды насихаттау, зайырлылық қағидаттарын ілгерілету, діни ағымдардың қаупін түсіндіру және олардың бойында теріс діни идеологияларға қарсы иммунитет қалыптастыру бағытында кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Жастармен жүргізілетін жұмыстар мектеп оқушыларымен, орта және жоғары оқу орындарының студенттерімен, үлкенді-кішілі еңбек ұжымдарындағы жұмысшылармен, өзін-өзі жұмыспен қамтушы және жұмыссыз жүрген жастармен ақпараттық-түсіндіру бағытында іске асырылуда. Әсіресе, жастардың көп шоғырланатын орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге баса көңіл аударылып, осы мақсатта студенттік жатақханаларда жүйелі түсіндіру жұмыстары жүзеге асырылуда. Өткен жылы барлық өңірлерде жастармен 9 мыңнан астам тікелей іс-шаралар өткізіліп, оған 760 мыңнан астам жас қамтылды. Ағымдағы жылдың І тоқсанында түсіндіру жұмыстарымен 2 мыңға жуық әртүрлі пішімдегі тікелей іс-шаралар өткізілді.

– Теріс ағымдармен күресуге қарсы жасалған арнайы бағ­дар­лама немесе жоспар бар ма?

– Теріс ағымдардың алдын алу еліміздің қолданыстағы заң­на­малары шеңберінде іске асырылады. Бұл жердегі түйткілді мәселе – дәстүрлі емес ағымдардың идеялық тұрғыдан таралуы және оларға қарсы заңдық тетіктерді қолданып күресудің барлық уақытта мүмкін еместігі. Сондықтан Дін істері комитеті басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен, діни бірлестіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен және ғылыми-сарапшылар қауымдастығымен бірлесе отырып, теріс діни ағымдардың алдын алу және олардың идеологияларынан келетін қауіпті тұрғындарға түсіндіру бағытындағы жұмыстарға басымдық беріп отыр.

Қазіргі кезде теріс діни ағымдардың идеологиялық шабуылы интернет кеңістікте белсенді жүргізіліп отырғанын ескере келіп, теріс сипаттағы діни идеологияларға сапалы тойтарыс беру мақсатында сарапшылар қауымдастығын тартып, әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.

Комитетпен интернетресурстардың мазмұнын талдау жұмыстары ұдайы жүргізіліп отырады. Өткен жылы 6000-нан астам интернетресурстың мазмұны талданып, олардың ішінен заңнамаға қайшы 414 материал анықталды. 2016 жылдың І тоқсаны бойынша 1020 интернетресурстың мазмұнына талдау жасалып, онда заңнамаға қайшы келетін 302 интернетресурс анықталды.

Дін істері комитеті идеологиялық жұмыста инновациялық әдістер де пайдаланылуда. 2013-2015 жылдары бірқатар өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп анти­экстремистік сипаттағы «Хақ жолы» (Атырау), «Жан шырылы» (Көкшетау), «Шырмауық» (Өскемен), «Ойран» (Шымкент), «Жәннат» (Орал), «Адасқандар» (Қарағанды) драмалық спектакльдері әзірленді. Аталған қойылымдардың бейне нұсқалары әзірленіп, олар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған іс-шараларда кеңінен қолдануда.

– Жастар арасында түрлі күйзелістер мен өмірдің ауыр талқыларына ұшырағандарға көмек қолын ұсынатын, дұрыс діни бағдар беретін орталықтар бар ма?

– Тұрғындардың кең тобына, оның ішінде жастарға дін саласындағы мәселелерде дұрыс бағыт-бағдар беруде орталық деңгейде Дін істері комитетінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Қауырт желі – 114» жобасын іске асырып отырған «Діндерді зерттеу орталықтары қауымдастығы» ЗТБ қоғамдық қорының және «Ақниет» республикалық оңалту орталығының әлеуеті жұмылдырылған. Өңірлік деңгейде бұл бағыттағы жұмыстарды әкімдіктердің дін істері басқармалары мен дін мәселелерін зерттеу орталықтары, кеңес беру-оңалту жұмыстарымен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар іске асырады. Еліміздің барлық өңірлерінде дін істері басқармаларының жанында дін саласындағы мәселелер бойынша қоңыраулар қабылдайтын «Сенім телефондары» жұмыс істейді.

Сонымен қатар, өңірлерде теріс діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсетумен айналысатын 28 үкіметтік емес орталық бар. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен жұмыс істейтін бұл орталықтар радикалдық ағымдардан жапа шеккендермен қатар, жалған діни ұйымдардың құрығына түскен жандарға көмек көрсетумен де айналысады.

Діни басқарманың рухани-интеллектуалдық орталығы ретінде Ғұламалар кеңесінің жұмысы жанданды. Осы кезеңде «қарулы джихад», «такфир» және «хиджра» радикалды идеяларын әшкерелеу бойынша пәтуалар қабылданды. Сондай-ақ, діни ғұрыптар мен рәсімдердің біркелкілігін қамтамасыз ету бойынша жаңартылған уағыздар жинағы әзірленді.

Жақсыбай САМРАТ

© «Егемен Қазақстан»

Опубликовано в Сұхбат

Ғалам тарихындағы ең алғашқы мононормалардың (мемлекет) теократиялық сипатта болғандығы көпшілікке мәлім. Теократиялық мемлекеттердегі әрбір норма сакральді құндылықтарға негізделді. Қоғамдық қатынастағы жосық-жоралғылардың астарынан діни догма көрініс беріп отырды.

Опубликовано в Дін

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер