Алматы облысында «Бастау Бизнес» жобасы басталады
05.04.2018, 16:11

Алматы облысында «Бастау Бизнес» жобасы басталады

Оқыту облыстағы 16 аудан мен 3 қалада өткізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікке қаржылық емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Ерлан Датқаев мәлімдеді, деп хабарлайды silteme.kz AA

Оның айтуынша, «Бастау Бизнес» жобасы 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Өткен жылы оқыту пилоттық режимде облыстың жеті ауданында өткізілді. Курсқа 1 312 адам қатысып, оның 285 қатысушысы өз ісін ашып, жобалары жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам қаржыға қаржыландырылды. Бизнес-жобалар сан түрлі: мал және өсімдік шаруашылығынан бастап, өндіріс пен қызмет көрсету саласына дейін қамтыды.

«2018 жылы «Бастау Бизнес» жобасы барлық аудан орталықтарында, сондай-ақ, Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалаларында ұйымдастырылады. Биыл 3,3 мың адамды оқытып, 600-ден астам жобаны қаржыландыруды жоспарлап отырмыз», - деді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікке қаржылық емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Ерлан Датқаев.

Спикердің сөзінше, «Бастау Бизнеске» жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтыған азаматтар және ісін кеңейтуге мақсат қойған жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер де қатыса алады.

Қатысуға өтінім Жұмыспен қамту орталығы арқылы қабылданады және үміткерлер онлайн тестілеуден өтеді. Оның нәтижесі бойынша оқуға қабылданады. Облыс бойынша тестілеу 14 сәуірге жоспарланған.

Оқыту бағдарламасы 12 модульден тұрады. Қатысушыларға салық режимдері, заңнама, маркетинг негіздері, бизнес саласындағы сұраныстағы бағыттар және т.б. білім беріледі. Сонымен бірге, тәжірибелік сабақтар, кәсіпкерлік объектілерін аралау, табысты бизнес өкілдерімен кездесу ұйымдастырылады. Бір айлық курста сабақты отандық бизнес-тренерлер беретін болады.

Алматы облысында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту 16 сәуір күні басталады.

Айта кету керек, жалпы өңірге шағын несиелендіруге 4,3 млрд теңге бөлінген.

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер