Мемлекеттік тілдің мерейі үстем
13.07.2018ж.

Мемлекеттік тілдің мерейі үстем

Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма
басшысы Әсия ҚЫСТАУБАЕВАМЕН сұхбат

– Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған Мем­лекеттік бағдарламасының қазіргі таңда үшінші кезеңі іске асырылуда. 
Әсия Баянқызы, бағдарлама та­лаптарының Атырау облысында орындалуы қандай деңгейде болып отыр?
–Осы бағдарламаны өңірде жүзеге асыру мақсатында Атырау облысы әкімдігінің өткен жылғы 14 наурыздағы №42 қаулысымен 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалуда. Соның ішінде 2017 жылы жоспарланған іс-шаралар толықтай жүзеге асырылды.
Тіл – басты байлығымыз. «Қазақ­стан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның орындалуы әрдайым назарда. Бұл бағытта басқарма тарапынан қоғамдық бақылау, зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл жыл басынан бері облыс бойынша 200 нысанда акциялар ұйымдастырылып, зерделенген 419 көрнекілік ақпарат­тың 172-не байланысты ескерту жасал­ды. Күні бүгін оның 52-сі түзетіліп, 120-сы түзетілу үстінде. Жасыра­тын несі бар, кейбір көрнекілік ақпарат құралдарында, заң талаптары бұзы­лып, тіл нормалары сақталмайды. Олар – мемлекеттік және орыс тілінде жазылған көрнекіліктің дұрыс орналастырылмауы, мәтін мазмұ­нында жіберілген қателер, түсіп қалған әріптер, т.б. Зерделенген кәсіпкерлік нысандарында (сауда орталықтары, жеке шағын дүкендер, банктер, оқу орындары, т.б.) заң талаптары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Зерделеу жұмысына жергілікті мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен бірге облыстық тілдер туралы заңнаманы және Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшелері, қоғам­дық ұйымдар, БАҚ өкілдері тартылады.
Сыртқы жарнама құралдарына келетін болсақ, бүгінгі күні облыс аумағындағы елді мекендерде барлығы 1271 баннер орнатылған. Олардың 763-і әлеуметтік жарнама тақырыбында, 178-і коммерциялық жарнама. Бірінші тоқсан ішінде 474 билбордта сыртқы жарнама құ­ралдары орнатылған баннер жаңартылды.
Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасының көр­сет­кіштерінің бірі – мемлекеттік органдардың құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесін арттыру.
Бұл бағытта басқарма тоқсан сайын мониторинг жүргізіп келеді. Был­тырғы жылдың қорытындысы­мен салыстырғанда биылғы бірінші тоқ­санда қалыптасқан мәліметке сәй­кес оң өзгеріс байқалады.

Өткен жылы кіріс құжаттарында мемле­кет­тік тілдің үлесі 94,4 процент болса, 1 тоқсанда – 95,5 процент. Шығыс құжат­та­рында 96,3 проценттен 97,9 процентке дейін, ішкі құжат айналымында 98,7 проценттен 99,7 процентке дейін көтерілген.
Облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктерде барлық шаралар, оның ішінде ресми мәжілістер, жиналыстар тек мемлекеттік тілде өткізіледі. Жалпы облыста мемлекеттік тілдің үлес салмағы басым.
Жоғарыда айтылған мемлекеттік бағдар­ламаны іске асыру мақса­тында бекітілген жоспарға сәйкес өткен жылы басқарманың ұйымдас­тыруымен мәдени-бұқаралық, әдісте­мелік, танымдық шаралар өткізілді. Соның ішін­де, республикалық, халықаралық деңгейде ұйымдас­тырылған шаралар бар. Республикалық бай­қауларда Атырау облысының өкілдері екі рет Бас жүлдені жеңіп алды, бір рет жүлделі орынға ие болды.
Биылғы жылы басқарма 14 мәдени-бұқа­ралық, әдістемелік, танымдық шаралар өткізуді жоспарлады. Жыл басынан бері басқарманың ұйымдастыруымен терме­шілердің облыстық «Текті сөздің төресі – терме», үш тілді жетік мең­герген мемле­кеттік қызметші жастар арасында «Тіл шебері – 2018», «Мемлекеттік тіл және БАҚ», көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы, Абай атындағы облыстық бай­қаулары өтті. Облыстық байқаулардың қоры­тындысы бойынша үміткерлер республи­калық байқауға жолдама алды.
Жыл көлемінде жоспарға сәйкес, тіл оқыту әдістемесін жетілдіруге ықпал ету мақ­сатында «Үздік оқытушы», қыркүйек айында Қазақстан халқы тілдерінің фестивалін, «Мемлекеттік тіл-мемлекеттік қызметте» облыстық байқауын, қазан айында жастар арасында Жұмекен Нәжі­меденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауын, қазақ, орыс, ағылшын тілін меңгерген жастардың арасында «Тілдарын» облыстық олимпиадасын, жоғары сынып оқушыларының қатысуымен ағылшын тілінде эссе жазудан «Астана – менің қалам» облыстық байқауын өткізу жоспарлануда.
– Әңгіме арнасын «Қазтест» жүйесінің өңірде іске асырылу жайына бұрсақ…
– Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында – «ҚАЗТЕСТ» жүйесін іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бұл бағытта өткен жылы мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау мақсатында 4153 адам тесттен өтті. Олардың деңгей бойынша мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші төмендегідей: А1 (қарапайым деңгей) – 205 адам; А2 (базалық деңгей) – 1441 адам; В1 (орта деңгей) – 1516 адам; В2 (ортадан жоғары деңгей) – 860 адам; С1 (жоғары деңгей) – 13 адам. 118 адам сертификатқа тапсырды. Биылғы жылы мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау үшін 8802 адамды диагностикалық және 112 адамды сертификаттық тест тап­сырудан өткізу жоспарланды. Бұл «Қазтесттің» маңызы өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Жыл басынан бері диагностикалық тестілеуден Атырау қаласы, Жылыой және Құрманғазы және алғаш рет компьютерлік бағдарламамен диагностикалық тестілеуден Махамбет, Индер аудандарынан 3155 адам өткізілді, сонымен қатар 105 адам қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – Қазтест Сертификатын алу үшін тест тапсырған.
Жыл аяғына дейін қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау мақсатында облыстың 5674 тұрғынын тестілеуден өткізу жоспарланды.
Бүгінгі күннің мәселесі болып отырған үштілділікті дамытуға тоқтасақ. Бұл бағытта мемлекеттік тапсырыс аясында Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысымен облыстағы тіл ахуалын зерттеу мақсатында облыстың барлық өңірінен ересек 800 адамды қамтып, қала және 7 аудан бойын­ша 2018 жылға сауалнама толтыру арқылы әлеуметтік зерттеу жұмысы жүргізілді.
Зерделеу жұмысының негізгі мақсаты – Атырау облысы тұрғындарының облыстағы тілдік жағдайға қатысты пікірлерін және облыс тұрғындарының «үштілділік» бағдарламасын енгізуге деген қарым-қатынасын анықтау, қазақ тілінің латын графикасына көшу реформасына көзқарастарын білу.
– «Жеріңнің аты – бабаңның хаты» дейміз. Енді ономастика саласындағы соңғы жаңалықтармен бөлісе отырсақ…
– Біздің басқарма жергілікті жердегі о­номастика жұмысын үйлестіруші орган.
Бүгінгі күні облысымыздың аумағында 248 әкімшілік-аумақтық бірліктер (облыс, қалалар, аудандар, ауылдық округтар, кенттер, ауылдар) және 4036 геонимдер (ықшам аудандар, көшелер, даңғылдар, өт­келдер, алаңдар, жер телімдері, елді ме­кендердің басқа да құрамдас бөліктері) бар.
Өткен жылы облыстық ономастика ко­мис­сиясының қарауына 197 ұсыныс түсіп, 106-сы мақұлданды. Олардың ішінде 5-і елді мекендердің атауы, 101-і көшелер атауына қатысты. Атырау қала­сын қосқанда жалпы облыс бойынша былтыр 110 көшенің ­атауы өзгерді. Сонымен қатар ҚР Үкіметінің қаулысымен Атырау облысының 10 білім беру ұйымына тарихи тұлғалардың, Ұлы Отан соғысы батырларының, «Алаш» қайрат­керлерінің есімдері берілді.
Биыл ҚР Үкіметінің жанындағы Рес­публикалық ономастика комиссиясы­ның отырысында мақұлданған және ҚР Президенті Әкімшілігінен қолдау тапқан облысымыздың 3 білім беру мекемесіне ҚР Үкіметінің қаулысымен жаңа атау берілді. Атап айтсақ, Атырау қаласындағы №18 Н.Крупская атындағы орта мектепке Хиуаз Доспанова, Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжіне Сафи Өтебаев, Мақат ауданындағы Доссор балалар өнер мектебіне Рыспай Ғабдиев есімі берілді.
Сонымен қатар биыл облыстық ономастика комиссиясының 2-отырысы өткізіліп 175 ұсыныс қаралап, 128-і мақұлданды.
Ономастика саласындағы соңғы жаңалық­тардың бірі – облыстық ономастика комис­сиясының қолдауымен Құрманғазы ауданында бір қатар әкімшілік-аумақтық бірліктердің идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларының өзгер­тілуі. Нақты айтсақ, Ганюшкин ауылы Құрманғазы ауылы болып өзгертілді, Дәшін ауылы – Хиуаз ауылы, Киров ауылдық округі – Жаңаталап ауылдық округі болып қайта тіркелді.
Сондай-ақ облыс әкімдігінің қаулысы мен облыстық мәслихат шешімінің біріккен жобасы дайындалып, келесі нысандардың атауын өзгерту жұмыстары жүргізілуде:
— Исатай ауданындаТұщықұдық ауылын­дағы жалпы білім беретін Чапаев бастауыш мектебінің атауын Жамбыл атындағы бастауыш мектебі;
— Махамбет ауданын­дағы Чкалов атындағы орта мектепті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп;
— Индер ауданында Гребенщик орта мектебін Әбіш Кекілбайұлы атындағы орта мектеп деп қайта атау.
Бүгінгі күні жергілікті жерлерде ескір­ген, қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары мен ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен, ұлттық деңгейде танымал тұлғалардың есімдерімен өзгерту жұмыстары жүргізілуде.
– «Атаулар тарихы» деген ғылыми экспедиция ұйымдастырыпсыздар. Бұл жұмыстың мақсаты қандай?
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындаған Қо­ғамдық сананы жаңғырту бағдар­ла­масының «Туған жер» кіші бағдарла­масы аясында ұзақ мерзімді (2017-2020 жылдарға арналған) «Атаулар тарихы» ғылыми экспедициясы ұйымдастырылды. Экспедиция құрамына ғалым этнографтар, тарихшылар, тіл мен әдебиет саласының ғалымдары, жергілікті жер­лердегі жер-су тарихын жақсы білетін көнекөз адамдар, басқа да мамандар енгізілген. Мақсат – жер-су атауларының, басқа да физикалық – географиялық объектілердің, елді мекендер атауларының шығу, қалыптасу тарихын зерттеп, мәліметтер базасын жасақтап, нәтижесінде анықтамалық жинақ шығару. Бұл өңір тарихын жаңғыртып, шынайы келбетін қалпына келтіруге үлес болмақ және тұрғындардың тарихи санасын қалыптастыруға ықпал етілмек.
Бүгінгі күні 3000-нан астам атау туралы деректер жинақталды.Түпкі күтілетін нәтиже: Атырау облысының Құрманғазы, Исатай, ­Индер, Махамбет, Қызылқоға, Мақат, Жылыой аудандары мен Атырау қаласы бойынша атаулар тарихы туралы толық иллюстрациялы «Атаулар тарихы» деген атпен анықтамалық жинақ шығару. Барлық атаулардың басын біріктіріп біріздендіру.
Бұл ретте, экспедиция жұмысына кө­мек­тескен жергілікті көнекөз қария­ларға алғысымызды білдіреміз. Қазіргі таңда ұмы­тылып бара жатқан атаулар, олардың шығу тарихы туралы деректерді болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру біздің парызымыз деп білеміз. Сондықтан осы игі істің басы-қасында жүрген экспедиция мүшелеріне, жергілікті тұрғындарға ризашылығымыз мол.
– Латын әліпбиіне көшу – тарихи таңдау. Бұл бағытта қандай шараларды қолға алып отырсыздар?
– Қоғамдық сананы жаңғырту бағдар­ламасын іске асыру аясында ҚР Президен­тінің Жарлығымен бекітілген қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуіне қатысты жобаларды да жоспарлап отырмыз. Өздеріңізге мәлім бұл – бүкіл ел қолдаған тарихи мәселе. Осы бағытта қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Басқарма бүгінгі күні қазақ әліп­биін латын графикасына көшіру бойынша түсіндіру жұмыстарын одан әрі жүргізуді жоспарлап отыр. Яғни мемлекеттік тілдің әліпбиін латын графикасына көшіру ­жайын түсіндіру, насихаттау мақсатында облыстағы Тіл орталықтарымен семинар өткізу.
Осыған орай, облыс аумағында латын графикасын түсіндіру, оқыту және насихаттау мақсатында көшпелі семинар-тренингтің алғашқы шарасы Атырау қаласында наурыз айында өткізіліп, мемлекеттік тілдің жаңа әліпбиін, сонымен қатар оған көшу жолдарын түсіндіру үшін Атырау қаласының 200-ге жуық қазақ тілі пәнінің мұғалімдері қамтылды. Бұдан әрі аталған шара қараша айына дейін Атырау қаласы және барлық аудандарда өткізілетін болады. Көшпелі семинар-тренингтермен облыс бойынша барлығы 4000 жуық адам қамтылады.
Жуырда 5-6 маусымда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен бірлескен «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру: жаhандану жағдайындағы мемлекеттік тілдің дамуы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Халықаралық деңгейдегі бұл шараның мақсаты – қазақ жазуын латын қарпіне көшіру мәселесін талқылау, жаһандану жағдайында мемлекеттік тілді дамыту. Халықаралық жиынға конференция тақырыбы бойынша елімізге танымал қоғам, мемлекет қайрат­керлері, тіл мамандары, ғалымдар қатысты.
Жаңа латын әліпбиін түсіндіру жұмыстары бойынша басқармамен ағымдағы жылдың 8 маусымында облыстық Халыққа қызмет көрсету орталығы және «Бірыңғай Зейнетақыны жинақтау қоры» мекемесі қызметкерлеріне латын қарпінде алғашқы дайындалған күнтізбені тарату акциясы өткізілді. Алдағы уақытта осындай жұмыстар өз жалғасын табады.
Еліміз әлемдік қауымдастықта өзінің орны бар жас мемлекеттің бірі ретінде жан-жақты даму үстінде, сондықтан әлемдік коммуникациялық кеңістікке барынша ене отырып, басқа елдермен қоғамдық өмірдің барлық саласы жағынан байланыста болу аса қажет. Бірақ соның ішінде тілдік қарым-қатынастың, әліпбидің орны ерекше екені сөзсіз. Елбасы өзінің мақаласында таяу жылдардағы міндеттердің бірі – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру екендігін атап өткен болатын. Қазір елімізде осы ауқымды мемлекеттік шараны жүзеге асыруға арналған жұмыстар жан-жақты жүргізілу үстінде. Бұл жұмыс өңірімізде де қазақ тілін латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшіруге арналған жоспарға сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Латын әліпбиіне көшу – бұл біздің мемле­кеттік тіліміз – қазақ тілінің дамуына, заманауи ғылым мен технологияның тіліне айналуына зор ықпал ететін фактор екені талас тудырмайды.
– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен
Өтеген Нәукиев

Дереккөз: Ана тілі

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер