«Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэрдің айтуынша, 20 қазан күні «Нәр» йогуртын таныстыруға қатысты ауқымды жиын өтпек.
«Бұл – Назарбаев университеті Өмір туралы ғылымдар орталығының өнертабысы. Сондықтан әзірше жаңа өнім туралы жіліктеп айтуға хақым жоқ. Алдағы бірер күнде аталған жобаға қатысты жиын өтеді. Сол жиында «Нәр» йогурты таныстырылмақ. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға қанша қаржы керектігі, оның өзге өнімдерден қандай айырмашылығы бары жария етіледі. Тек аталмыш жиыннан кейін ғана көпшілікті қызықтырған жоба туралы егжей-тегжейлі айтатын боламын», – деді Иван Сауэр С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің студенттерімен болған кездесуде. Ауыл шаруашылығы саласының болашақ мамандарын өз ауылы – Родинада қабылдаған кәсіпкер кадр мәселесіне қатысты ойын ашық айтты.
«Университеттен дайын маман шықпайды. Бұл мүмкін емес. Тіпті, біздің қолдауымызға ие болып, өндірістік тәжірибеден өтіп, еш алаңсыз білім алған жастың өзі өндіріске келгенде көп қателік жібереді. Себебі университет теориялық білімге баса назар аударады. Бірақ теориямен қаруланған студенттің бәрінен білікті маман шықпайды. Қысқасы, студентті білікті маманға айналдыру үшін көп уақыт кетеді. Әрине, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Өйткені жетістіктің кілті – адамның өз қолында. Теориялық білімді өндірісте жүзеге асыруға толыққанды мүмкіндік жасалған. Жастар осыны дұрыс пайдалана білуі керек. Теорияны іске асыратын тәжірибе алаңы бар екенін ұмытпау қажет», – деді Иван Сауэр.
Кәсіпкер «Родина» агрофирмасындағы жас мамандардың жайына тоқталды. «Біз талпынған жасқа трамплин болуға әзірміз. Бірақ студенттің бәрін қабылдай алмасымыз тағы анық. Өйткені мүмкіндігіміз шектеулі. Ал жұмысқа тұрған жас мамандарға арнайы тәлімгер бекітіледі. Олар бірнеше жыл бойы тәлімгердің қарамағында болады. Жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту – басты мақсатымыз. Мәселен, біздің фирма жастарға арнап 28 заманауи үй салды. Осындай мүмкіндіктер жастарды қанаттандыруға тиіс», – деді «Родина» агрофирмасының басшысы.
ҚазАТУ-дың 50-ге жуық студенті Аграрлық несие корпорациясы ұйымдастырған «Фермаға саяхат» акциясы аясында аталмыш кәсіпорынның сүт зауытын, техникалық паркін аралап, еліміздегі үлгілі ауылдардың қатарына жататын елдімекеннің тыныс-тіршілігімен танысты. Шараның мақсаты – аграрлық университеттің студенттерін ынталандыру, сала қызметкерлерінің имиджін арттырып, агроөнеркәсіп кешенінің кадрлық әлеуетін дамыту.
«Агротехникалық университетпен тығыз қарым-қатынастамыз. Былтыр біз оқу ордасында фермерлік дәрістерді өткізген едік. Бұл ретте, «Родинаны» тектен-тек таңдап отырған жоқпыз. Компания – өзгелерге үлгі боларлық еліміздегі бетке ұстар шаруашылық. Әрбір студент компанияның жұмысымен танысып, мамандық таңдауда қателеспегенін білсін деген ниетпен осында әкелдік», – деді Аграрлық несие корпорациясы Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Ерлан Қарабаев.
Естеріңізге сала кетейік, «Родина» агрофирмасы – елорда аумағында азық-түлік белдеуін құруға айтарлықтай үлес қосып отырған республикадағы таңдаулы шаруашылықтардың бірі. «Осы күні «Ақырзаман – ауылда» деген пікір бар. Бұл таяз ойлайтындардың айтып жүргені. Шын мәнінде олай емес. Сондықтан жастар арасында мұндай көзқарас қалыптаспас үшін оларды шаруашылықтарға жиі-жиі әкеліп тұру қажет. Қазір цифрлық жүйеге көшу күн тәртібінен түспей тұр. Ал Қазақстандағы шаруашылықтардың біразы бұл жүйеге әлдеқашан көшіп алған. Осының өзі көп жайды аңғартса керек. Жаңашылдықтың бәрін ауылда жүзеге асыруға мүмкіндік бар», – деді Иван Сауэр.
Фархат Әміренов
Дерек көзі: Аbctv.kz