Түркістанға былтыр зиярат етуге 1 млн-нан астам адам келді
26.01.2018, 09:44

Түркістанға былтыр зиярат етуге 1 млн-нан астам адам келді

Еліміздің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласына өткен жылы зиярат етіп, тарихи-мәдени ескерткіштерді тамашалауға 1 090 755 азамат келген. 2016 жылы бұл көрсеткіш 1 015 088 болғанын ескерсек, зиярат етіп келушілердің саны 75 667-ге артқанын аңғаруға болады. Оның 18 мыңы шетелдік туристер. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Ғани Искаков мәлімдеді, - деп ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап silteme.kz АА хабарлайды.

Оның айтуынша, қорық-музейінің тізіміне сәулеттік, археологиялық, діни-рухани және монументті түрлерге жататын 207 ескерткіш алынған. Оның 1-еуі халықаралық, 16-сы республикалық, 14-і жергілікті маңызы бар нысандардың санатына кіреді.

«Туристердің ерекше қызығушылығын оятатын тарихи нысандар, Қожа Ахмет Ясауи, Үкаша ата, Гаухар ана кесенелері және Сауран қалашығы. Жылдан жылға тарихи-мәдениетімізбен танысу үшін арнайы келетін қонақтардың саны артып келеді. Сәйкесінше оларға көрсетілетін ақылы қызмет аясында түсетін қаржылай табыстың да көлемі ұлғаюда. Жалпы ақылы қызметтен түскен қаражат музейдің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, күзет, байланыс, электр энергиясы, инкассация, полиграфиялық шығындарын, транспорттық және қорық-музей қызметкерлерінің жалақысын төлеуге жұмсалады», - деді Ғани Искаков.

Қорық-музейіне келетін туристердің қатарын арттыра түсу үшін бірқатар шаралар жүзеге асуда. Атап айтқанда, тарихи-мәдени ескеткіштерге «штрих-кодтар» орнатылды. Осы «штрих-код» арқылы смартфонның көмегімен туристер тарихи нысан туралы қажетті мағлұматты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ала алатын болады.

Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі құрамына кіретін ескерткіштердің 3D-тур виртуальды жобасы да пайдаға жарап тұр. Яғни, әлемнің кез-келген жерінен интернет жүйесі арқылы қорық-музейінің жәдігерлері жайлы толықтай ақпарат алып, ішін аралап көруге мүмкіндік туды.

Ал, «Қожа Ахмет Ясауи қорық-музейінде жерленген хандар, сұлтандар, батырлар және билердің тізімі электронды форматта әзірленген. Бұған дейін аталған тізім жай ғана тақтайшаға жазылып келген. Қазіргі таңда қорық-музейдің жұмыс істеу кестесі, өткізілетін іс-шаралар туралы ақпарат келушілерге ғимараттың қасбетінде орналасқан «Led» экран арқылы ұсынылып отырады.

Айта кетейік, заманауи технологияларды пайдалана отырып, қонақтарға көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту жұмыстары Елбасымыздың «Болашаққа  бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында іске асырылуда.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер