Показать содержимое по тегу: қапас
Жуырда ғана дүниеден өткен жарықтық Евгений Евтушенко «Ленин, а не Сталин, подписал декрет о создании первого в Европе концентрационного лагеря для инакомыслящих в Соловках еще в 1918 году. Сталин был отцом ГУЛАГа, но дедушкой был Ленин» дегені бар еді. Біз әңгіме арқауына айналдырғалы отырған әлемдегі ең жауыз лагерь СЛОН-ды ашқан Ленин болатын.
СЛОН (Соловецкий лагерь особого назначения) дегеніміз – 1919 – 1933 жылдардағы Соловки аралдары (Ресейдің Архангельск облсында) аумағында құрылған КСРО-дағы ең ірі еңбекпен түзеу лагері. Қарапайым тілмен айтқанда, Соловки лагері. КСРО-да құрылған ГУЛАГ-тардың атасы – осы СЛОН.
1919 жылы Архангельск губерниясындағы бірнеше түзеу лагерьлері біріктіріліп, Соловки лагері құрылды. 1921 жылдан бастап СЛОН атала бастады. Алғашқы кезде мұнда дін қызметкерлері қамалса, 1923 жылдан бастап саяси қызметі үшін сотталғандарды жинады. Осылайша, лагерь тұтқындарды «еңбекпен түзеуге» тырысты. 1923 жылы – 2557, 1924 жылы – 5044, 1925 жылы – 7725 адам қамалса, 1928 жылы – 21900, 1929 жылы – 65000, 1930 жылы – 71800 адам СЛОН-ға айдалған. Лагерь тұтқындарының саны қаншалықты көп болғанын осыдан-ақ байқауға болады. Жалпы, СЛОН-ның қызмет еткен жылдары мұнда 7,5 мың адам өлген. Оның 3,5 мыңы 1933 жылғы ашаршылық кезінде қырылды.
СЛОН-ның тұтқындары азаптаудың, зорлық-зомбылықтың неше атасын бастан кешті. Еңбектің ең ауыр түріне жегіліп, соңында ауру үстіне ауру жамап, біразы көз жұмды. Журналист-зерттеуші Тілеу Көлбаев бұл жайлы: «Соловки лагері 1918 жылдан бүкіл КСРО құрылымының ГУЛАГ-тік басқару жүйесінің үлгісін жасап берді. Соловки арал лагері айналасы теңіздермен қоршалса, КСРО-ның айналасы темір тормен қоршалды. Міне, Социалистік Республикалар одағын құрмас бұрын лагерьлік басқару жүйесін оқып, тану жұмыстары осылайша қатаң жүргізілді… Қысқаша айтқанда, Соловки арал лагері КСРО-ны басқарудың лагерьлік жүйесінде «көрнекілік» рөл атқарды. Қолындағысын күштеп тартып алу, аштан өлтіру, тілді ұмыттыру, ассимиляцияландыру, дінсіздендіру, соғыс қаруларын сынау, интернационалдандыру секілді жеті түрлі мақсат Соловки аралында арнайы қолданылған болатын» дейді. Міне, лагерьдің құрылғандағы мақсаты осындай.
Соловкиде елуге жуық ұлт өкілі қамалды. Арасында қазақтың қайсар ұлдары да болып, азапты күндерді бастан кешті. СЛОН-да қанша қазақтың қамалғаны жайлы нақты мәлімет жоқ. Дегенмен деректерде біраз қазақтың болғаны айтылады.
СЛОН-ға айдалған алғашқы қазақ – Дуанбек Балтабаев. Өзбекстанда туған. Соловки түрмесіне 1923 жылы жөнелтіліп, 1937 жылы атылған.
2002 жылы шыққан «Ленинградский мартиролог 1937-1938» кітабының V томында Дуанбек туралы мынадай мәлімет берілген.
«Род. в 1901 г., Узбекистан, Средне-Чирчикский р-н, с. Ангор; казах; бывший член ВКП(б); Служащий. Проживал: Отбывал наказание в Соловецкой тюрьме. Приговорен: особая тройка при УНКВД по Ленинградской обл. 25.11.1937 г., обв.: 58-10-11 УК РСФСР. Расстрелян 8.12.1937 г».
Дуанбек Балтабаев Соловки лагерінде орыс оқымыстысы, діни философ Павел Флоренскиймен бірге болды. Бір бап бойынша қылмысты деп танылып, бір жерде, бір уақытта атылды.
СЛОН-ға1929 жылы Алашорда үкіметінің мүшелері Мағжан Жұмабаев пен Ахмет Байтұрсынов та айдалды. Мағжан 1929 жылы Қызылжарда қамауға алынды. Ақынды алашордашы, пантюркист, жапон шпионы деп ұстап, алдымен Мәскеудегі Бутыркаға, одан кейін Соловки лагеріне аттандырды.
Ақынның жары Зылиха Жұмабаеваның естеліктерінде Мағжанның Соловки лагерінде мұғалім болып, сауатсыздықты жоюға қатысты сабақ бергенін айтады. СЛОН-да тұтқындардың біліктілігін арттыруға арналған жұмыстар жүрді. Сөйтіп, лагерь тұтқындарын түрлі саладағы еңбекке жекті. Соның арқасында Мағжан орыс зиялысы Иван Фетисовтың дәнекер болуымен, фельшерлік мамандықты игерді. Осылайша, лагердің санитарлық бөлімін басқарды. Алайда Соловкидегі кезеңі сағын сындыра жаздады.
1934 жылы Мағжан Соловки азабынан құтқарып, қол ұшын созуын сұрап Максим Горький мен жазушының әйелі, сол кезде Қызыл крест қоғамының төрайымы болған Екатерина Пешковаға хат жазды. Ол хаттың иесіне жетіп, нәтижелі болуына Міржақыптың жары Зылиха Жұмабаева мен ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның септігі тиді.
Арада екі жыл өткенде, яғни 1936 жылы екеуінің араағайын болуымен Мағжан абақтыдан уақытынан бұрын босатылып, Қызылжарға оралды.
Қызылжарда техникум мұғалімі болып қызметке тұрды. КСРО Жазушылары одағына хат жазып, Кеңес әдебиетіне үлес қосатынын айтты. Өкінішке қарай, арада бір жарым жыл өткенде, яғни 1937 жылдың қысында Мағжан ақын тағы да саяси қуғынның тырнағына ілініп, абақтыға айдалды. Қазақтың лирик ақыны содан қайтып оралмады.
Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.
«Қарашығым, құлыным!» деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым.
Мағжанның абақтыда өткізген күндердің куәсіндей болып артында осы «Сағындым» өлеңі қалды.
Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының да тағдыры тым ауыр болды. Ахаң да Соловки лагеріне Мағжанмен қатар, 1929 жылы келді.
Ахмет те Мағжанмен бірге Горький мен Пешковаға хат жазды. Тұрсын Жұртбай мақаласында Ахаңның сол хатын былайша береді:
«Жақын арада жазушының (М.Горькидің) бұрынғы қатыны (Пешкова) бастық болып тұрған мекеме (Қызыл крест қоғамы) арқылы арыз бердім. Мұнда қазіргі жай-күйімнің бәрін айтып: өлсін демесеңдер мені не жылы жаққа жіберіңдер, не қатын-балам тұрған жерге жіберіңдер. Мен бұл күйде тұрғанда өлемін деп жазып отырмын. Мұнан анау қатын арқылы бірдеме болар деген үміт бар. Мұнан ешнәрсе шықпаса, шынында да өлу ғана қалады». СЛОН-ның азабы қатты екенін қазақтың қайсар ұлының осы хатынан-ақ байқауға болады.
Екеуінің осы хаттарының нәтижесінде Ахмет те абақтыдан босап, Соловки лагерімен білжола қоштасты. Отбасымен Алматыға келді. Алайда 1937 жылғы репрессия Ахаңның да жанын алып тынды.
СЛОН сорлатқан қазақтың бірі Міржақып Дулатов. Сұм лагерьде Міржақып ажал құшты.
Міржақыптың 1922-1928 жылдары Орынборда баспа және педагогикамен шұғылданып жүрген кезі еді. 1928 жылы араб қарпі алынып тасталады деген қаулы шықты. Мұндайда Міржақып қарап қалсын ба, қазақтың тіліне қорған болғысы келді. Соңында, қаныпезер НКВД Міржақыпты «ұлтшыл» деп айыптап, Қызылорданың түрмесіне тоғытты.
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кeттi, дін нашарлап,
хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамасты, – деп жырлаған абзал азамат қара басының қамы үшін емес, халқының болашағы үшін абақтыға айдалып кете барды. Бастапқы кезде сот Міржақыпты өлім жазасына бұйырып, артынша мерзімін 10 жылға қысқартты. Алғашында Бутыркаға кейін Соловки лагеріне айдалды.
Мұнда Міржақыпты жоғарыда аты аталған Павел Флоренский жазбай таныды. Флоренский өзі де қаламгер болатын. Міржақыптың «Литературной энциклопедии», «Малой Советской энциклопедии» арқылы атын естіген, шығармашылығынан хабары бар еді. Флоренский Міржақыптың 1934 жылдың басында Медвежья гора қаласындағы фельдшерлердің орталық курсында оқуына, фельдшер болып қызмет жасауына себепкер болды. Флоренскийдің мұндағы ойы қазақ ақынын түрме азабынан құтқару еді.
Негізінде, Міржақыптың түрмеден сытылып шығуына мүмкіндігі бар болатын.1933 жылдың күзінде Мұстафа Шоқай Міржақыпты абақтыдан алып шығу үшін Соловкиге кемемен адам жіберді. Алайда Міржақып өзі бас тартады. Себебі, ақынның түрмеден шығып, туған жерге ораламын деген үміті болатын. Өкінішке қарай, ол үміті ақталған жоқ.
Қазақ зиялысы өмірінің соңына шейін Сосновец поселкесіндегі Тунгуд бөлімшесінің 5-орталық лазеретінде фельдшер болып қызмет етті. 1935 жылдың қазанында дүниеден өтіп, лагерьдің зиратына жерленді.
1990 жылы Карелия Республикасында арнайы комиссия құрылып, жергілікті тұрғындардың куәлігі және құжаттардың дәлел болуымен, міржақыптанушы-ғалым Марат Әбсеметтің зор еңбегінің нәтижесінде Міржақыптың жатқан жері нақтыланып, 1992 жылы сүйегі елге қайтарылды. Қостанай облысы Жангелдин ауданындағы Бидайық ауылына әкелініп, қайта арулап жерленді. Міржақыптың ақталып, шығармаларының насихатталуы жолында қызы Гүлнар Дулатова көп еңбек сіңірді.
СЛОН-да азап тартқандардың бірі Алашорда қайраткерлері Мырзағазы Есболов болатын. 1891 жылы Қостанай облысында дүниеге келді.
Мырзағазы қазақтың қарымды журналистерінің бірі болды. Ауыл жағдайы, жер мәселесі, ұлт-азаттық қозғалысы туралы өзекті мақалалары «Айқап» журналы, «Қазақ» газетінде жарияланды. Петербордан шығатын «Мусульманская газетаның» тілшісі болды. Е.Тілешов пен Д.Қамзабекұлының кітабында Мырзағазының монархиялық режим тұсында «Мусульманская газета» басылымында жарық көрген «Вол в степи» мақаласы үшін оған 400 сом айып салынғаны жазылған. Мырзағазының жаужүрек адам болғаны осыдан аңғарылып тұр.
1916 жылдың 25 маусымындағы Патша жарлығынан кейін Батыс майданы штабы жанынан құрылған түз халықтары өкілдері бөлімінің жұмысына кірісіп, Минскідегі әскери қосындарды аралады. Мұндағы ойы Әлихан Бөкейханмен бірге майдандағы қазақ жігіттеріне арашашы болу еді. Кейін Алашорда үкіметінің әскери бөлімінде қызмет атқарып, Алаш милициясын жасақтағандардың бірі болды.
Мырзағазы Есболов сондай-ақ білікті педагог-тұғын. 1920 жылдан бастап мұғалімдік қызмет істеп, Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтында сабақ берді.1929 жылы тұтқынға алынып, 1930 жылдың көктемінде 10 жылға Соловки лагеріне айдалды. Лагерде Міржақыппен бірге болып, фельдшерлік курсты бітіріп, кіші дәрігерлік қызмет істеді. 1938 жылы өлім жазасына кесіліп, осы жылдың көктемінде Ленинград түбінде атылды.
Соловки лагеріне айдалған тағы бір қазақ – Ибраһим Қиқымбаев. 1905 жылы Омбыда дүниеге келді. Қарапайым жұмысшы болды. 1928 жылдың жазында 5 жылға сотталып, 1933 жылы мерзімі 10 жылға дейін ұзартылды. Жазасын СЛОН-да өтеді. 1937 жылдың қысында өлім жазасына кесіліп, осы жылы Ленинград түбінде атылды.
Иә, өмірін CЛОН сорлатқан қазақтардың саны көп болуы да мүмкін. Себебі, Ахметтің, Мағжанның хаттарында сондай емеурін бар. Бізге белгілісі Соловки лагеріне түскен қазақтардың қай-қайсысы да, азапты аз көрген жоқ. Қазақ үшін, қазақтың болашағы үшін жан берген боздақтар алдында мәңгілік қарыздармыз. Оларды үнемі еске алуға тиіспіз. CЛОН туралы жазу боздақтарды еске алуға арналған сондай ойдан туындаған еді.
Дерек көзі: aikyn.kz