Today.kz қазақ поэзиясының Хан Тәңірі Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Бақытгүл Айдарованың шаңырағына барған еді. Ақынның бала-келіні ақын туралы жарқын естеліктерімен бөлісті.
Телефонға шалынған үздіксіз қоңыраулар. Жұлдыз ағамыз бен Бақытгүл жеңгеміз қарбаласып жүр. Өйткені бүгін олар үшін маңызды күн. Жауапты істер жетерлік. Маңыздысы - бүгін кешке өтетін ақынның ән-жыр кеші. Уақыттың тығыздығына қарамай, сауалдарымызға жауап берді.
- Бір сұхбатыңызда "Әкем бірде "болашақта әкең қандай адам болды" деп сұрайтын болса, "әкем сәби жүректі, ақкөңіл жан еді" деп жауап берсең қателеспейсің" деген еді" деп айтқан едіңіз. Әкеңіз туралы өз естеліктеріңізбен бөлісіңізші.
- Әкемді Құрманғазы атындағы консерваторияға студенттер шақырып, жас ақын-жазушылардың кездесуіне мені де ерте барды. Сол жерде өзінің өлеңін оқығанын көрдім. Ол кісі өлең оқығанда нақышын келтіріп, мәнерлеп оқушы еді. Өлеңді өте жақсы оқитын. Өйткені ол радиодиктор Әнуарбек Байжанбаевтың мектебінен өтті ғой. Жиында әкем өлеңін оқып жатты. Сонда залдан ызыңдаған шыбынның да дауысы естілмеді. Аудитория тып-тыныш бола қалды. Осы бір сәт әлі есімде. Ауылда Қорабай деген атамыз тұратын. Сол кісі қалаға қыдырып келді. Біз ол кезде қазіргі Сырбай Мәуленов атындағы, сол кездегі "Интернациональный" деген көшеде тұратынбыз. Қорабай атамыз біздің үйде түнеді. Өзі намаз оқитын кісі еді. Таңда айғайлап азан шақырып, намазын оқыды. Сонда әкемнің "Ескінің адамдары-ай, намазын қаза қалмайды" деп тамсанып, разы боп қарап тұрғаны есімде. Ол кісінің жанында үнемі жастар еріп жүретін. Әкем поэзиядағы құбылыс. Жастар деген жаңа көзқарастарға үйірсек болады ғой. Рафаэль Ниязбек ағамыз, Тұрсынзада Есімжанов ағамыз, Иран Ғайып ағамыздың және сол кездегі көп жастардың үйге қонақ боп келетіні есімде. Әкемді жастар қатты жақсы көрді. Үйге жанында жүрген жастарды ертіп келеді де "Лашын, мынау балаларға бірдеңкең бар ма? Ет болса сал!" дейтін. Қолы ашық, жомарт кісі еді. Соңғы еті қалса да салғызатын. Жастармен отырып, шүйіркелесіп, поэзия туралы әңгіме айтатын.
- Қазір сіздің шаңырағыңызға "Мұқағили Мақатаевтың ұлы бар екен, сәлем бере кетейік" деп қонақ болып келетіндер жандар бар ма?
- Иә, ондай қонақтар шаңырағымызда болды. Көбінесе басқа облыстан келеді. Шет елден, әсіре Қытайдағы қандастарымыз келеді. Әлі есімде, Қарағанды облысынан әкемнің поэзиясын құлай сүйетін, жігіт ағасы болып қалған кісі келіп, қонақ болған. Онда да Қарағандыдан емес, қаншама шақырымды артқа тастап алыс ауданынан келген екен. Бір жинақты сыйға тартып едім.
- Әкеңіз шығармашылықпен қай кезде айналысатын еді?
- Әкеміз бөлмесінде жазып отырғанда, шешеміз бізді кіргізбейтін. "Далаға барып ойнаңдар, әкелерің жазуына отырды" деп бізді үйден шығарып жіберетін. Сол кезде біз оған кедергі келтірмей, шуылдамай, далада жүретінбіз. Әкем кабинетіне кіріп кетеді де, жазатын. Әсіресе күз мезгілінде жазғанды ұнататын. Соған қарағанда күз адамды сан ойларға жетелейтін болып тұр ғой. Атмосферасы бөлек күз мезгілін жақсы көретін, сол кездерде жұмыс істейтін.
- Жұлдыз аға, сіздің отыз жыл заң саласында қызмет еткеніңізді білеміз. Мамандық таңдауыңызға әкеңіздің ықпалы болды ма?
- Заң жағына кетуіме әкем тікелей себепкер болды. "Балам, заң саласында істеп жүрген азаматтарды көріп жүрміз. Біздің тұқымнан да сондай азамат шықсын. Сен заң мектебіне түс" деп жол көрсеткен. 1970 жылы сол кісінің нұсқауымен оқуға түстім.
Қазір Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қор жұмыс істейді. Бұл істі Мұқағали Мақатаевтың жұбайы Лашын бастап, кейін келіні Бақытгүл жеңгемізге тапсырған екен. Қазір Бақытгүл Айдарова осы қордың президенті. Жыл сайын "Ғұмыр-дария" фестивалін өткізіп, ақынның кітаптарын шығарып тұрады.
- Бақытгүл апай, осы бір абыройлы істі Лашын анамыз өзіңізге аманаттаған екен. Мұның өзі тарихи дүние ғой. Қалай болғанан толық айтып беріңізші?
- Лашын анамыз атамыз қайтыс болғаннан кейін 30 жылдан астам өмір сүрді. Сол 31 жылдың ішінде атамыздың артында қалдырған мұрасын кітап қылып халыққа жеткізді. Ақынның елу, алпыс жылдық мерейтойында 3,4 томдық кітаптарын шығарды. Ол кітаптардың құрастырушысы да өзі болды. Денсаулығы сыр бере бастаған кезде мені шақырып алды. Ол кісі менің атымды тура атамаушы еді. "Бақыт-ай, жаным, әулеттің барлық ауыртпалығы екеумізге түсетін сияқты. Мен өзімнің міндетімді орындадым. Ендігі кезек сенікі" деді. Атамыздың аудармаларын, қолжазбаларын, атамыз туралы естеліктерді көп жинаған екен. Оның ішінде газет қиындылары да бар. 3-4 үлкен папка болыпты. Бұл - ананың аманаты. Мен келін ретінде атама қызмет жасай алмадым. Сондықтан ол кісінің рухына қызмет істеп жүрмін. Ақынның артында қалдырған асыл мұрасын, жүрегінен шыққан асыл жырларын халыққа жеткізу үшін еңбек етіп келе жатқаныма биыл 12 жыл.
- Ақынның туған күні жыл сайын қалай тойланады?
- Атамыздың туған күнінде мәдени шаралар көп ұйымдастырылады. Біздің қордың ұйымдастыруымен өтетін шаралар қаншама. Бұрын әр жыл сайын ақынның ән-жыр кешін өткізетінбіз. Кейін қымбатшылыққа байланысты 2 жылда 1 рет өткізетін болдық. Түрлі фестивальдер, байқаулар, еске алу кештері өтеді. Атамыздың биыл өмірден өткеніне 42 жыл. Бірақ жылда ресми бұйрық келмесе де, ешкім міндеттемесе де қаңтардан бастап түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылады. Осы кезде біздің жұмысымыз да күрделене түседі. Атамыз ең көп оқылатын ақын десем қате айтпаймын. Қатты таң қалғаным, былтыр қалалық санэпидемия станциясында ақынның поэзия кешін өткізді. Ол жақтағы көбіне орыс тілді адамдардың өзі ақынның өлеңдерін оқыды. Халықтың ниетіне, ықыласына рақмет деймін. Өйткені халық ақынды жақсы көреді, қатты құрметтейді. Жастардың ақын өлеңдерінің қуаты мен құдіретін жанымен сезініп, жүрегімен түсініп, қабылдағандары қатты қуантады. Бұл дегеніміз келешек ұрпағымыздың өнерге бет бұрғанын көрсетеді. Қазақтың қара өлеңіне бет бұрған адам келешекте жамандыққа бармайды. Тек жақсылыққа талпынатына мен сенімдімін. Атамыз бақытты деп ойлаймын. 45 жыл өмір сүргенімен қысқа ғұмырында таусылмайтын мұра қалдырды.
- Жұлдыз аға, Бақытгүл жеңге, сұхбатыңызға көп рақмет!
Дереккөз: Today.kz