Есеп беру – есеп үшін ғана ма?
15.05.2018, 12:03

Есеп беру – есеп үшін ғана ма?

Есеп беру – есеп үшін ғана ма? Фото: aktobetv.kz

«Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деген болатын Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының кіріспе бөлігінде.

Өзгеріс өмірдің кез келген саласында болуы тиіс. Ол үшін алдымен сана-сезім, дүниетаным өзгеруі қажет. Заман ағымына икемделу Қа­зақстан­­ның кез келген азама­тының ойында, бойында болғаны жөн. Осы тұрғыдан ой өрбітсек, көп жағдайда біз әлі баяғы бір үрдіспен, ескі сарын, таптаурын соқпақпен келе жатқандаймыз. Атқарушы билік халықтан ірге ажыратып алғандай.
Жыл сайын жер-жерде әкімдер халық алдында есеп береді. Үкімет құрамындағы министрліктер де тиісті есебін жасайды. Не байқаймыз? Әр деңгейдегі осындай үлкен жиындардағы картина бір-бірінен аумайды. Іріктелген кісілер жиналады. Сұрыпталған сұрақтар қойылады. Жылтыраған жүздер, сол жиындарға кіре алмай қалған аза­мат­тар сыртынан кіжініп кетеді.
Елбасы халық алдында есеп беру мәселесін алға қойғанда «жылтыраған жиын өткізіңдер» демегені анық. Елдің өзекті мәселелері ашық талқылансын, жергілікті атқару орындары сол жиындарда айтылған, көтерілген проблемаларды рет-ретімен шешсін деген талапты ашық қойған болатын. Өкінішке қарай, іс жүзінде олай болмай тұр.
Халыққа арнаған кезекті Жолдауында Елбасы «2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленген. 2020 жылдан бастап бұл нормалар барлық елді­мекен­дерде күшіне енеді. Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шы­ғын­дардың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілді. Бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режимінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлы техноло­гияларды қолдануға тиіс» деді.
Бір ғана факт. Биыл көктем шыға еліміздің көптеген аймағында су тасқыны етек алды. Соның салдарынан зардап шеккендер де бар. Егер есеп беру кезінде ашық айтылып, талқыланса талай тосын жағдайдың алдын алуға болар еді ғой.
Айтайын дегеніміз, осы есеп беру тек есеп үшін жасалмаса. Азаматтар бір бөлек, атқамінерлер бір бөлек өмір сүріп жатқандай… Не істеуге болады? Халықтың күнделікті тіршілік және тұрмыстық талаптары қайткенде ескеріледі?
Жергілікті билік «Тұрғындар талап-тілегін сайтқа жолдауына болады» деуі мүмкін. Бірақ елдің бәрі интернет желісін қолданып отырған жоқ қой. Қайтпек керек? Мүмкін, әр әкім­діктің арнайы пошта жәшігі ашылып, арыз-шағым, талап-тілектер сонда салынғаны дұрыс па? Тиісті мемлекеттік қызметкерлер ай сайын соған мониторинг жүргізіп, қордаланған мәселелерді жедел шешуге ұмтылса қайтеді?!
Басқа қандай жолы бар? Нақты өмір, нақты тірліктің төңірегінде бір ойлансақ. Осы ретте Мәскеу қаласының мэрі Собяниннің жасаған тірлігі еске түседі. Ресей астанасының тұрғындары қала өміріне қатысты кез келген жағдаятты фотоға, бейнетаспаға түсіріп, тиісті құрылым­дардың электронды мекен­жайына жүктейді. Мәселенің өзектілігіне қарай тұрғындар көтерген проблемалар тіркеуге алынады. Қажетті қадағалау, нақты шешім қабылдау, оларды тез орындау арқылы мәселелер жедел шешіледі.
Мемлекет басшысының «Мемлекеттік орган­дар нақты уақыт және жедел жауап беру режимінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлы технологияларды қолдануы тиіс» деген талабы өте орынды. Осы та­рапта атқарылатын тірлік аз емес. Соған мойын бұ­ратын, азаматтардың ескертпелері мен талап-ұсы­­ныстарын тез есепке алып, мәселені сиыр­құйым­­­шақтата созбай, жедел шешетін уақыт келді.

Нұртөре ЖҮСІП

Дереккөз: aikyn.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер