Сарапшы: Түркістанның алдында тұрған құрылымдық мәселелердің өзектілігі өсіп келеді
24.07.2019, 13:53

Сарапшы: Түркістанның алдында тұрған құрылымдық мәселелердің өзектілігі өсіп келеді

Биыл Түркістан жаңа статусқа ие болып, өзінің 1500 жылдық даму тарихында жаңа парақты ашқанына тура 1 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде түркістандықтардың өмірінде біршама өзгерістер орын алып үлгерді, жоспарланып отырған істер де қыруар. Бірақ облыс тұрғындары алдында шешілмеген проблемалар бар және еліміздің тарихындағы ең жас облыс орталығы олардың түйінін қалай таба алатындығын қарап көрелік.

Жыл он екі ай

Түркістан облыс орталығына айналғаннан бері көзге байқалатын басты нәрселердің бірі – аймақты дамытуға қажет инвестицияларды тарту барысында мемлекет белсенді жәрдемдесуді көздеп отырғандығы.

Өткен жылы маусым айында Нұрсултан Назарбаевтың қатысуымен өткен Түркістан облысының кешенді дамуына арналған кездесуде бірқатар әлеуметтік және мәдениет нысандарын салуға ұлттық компаниялар мен ірі экономикалық ойыншылар ат салысатындығы туралы келісімге қол жеткізілген болатын. Нәтижесінде Түркістан Түркі әлемінің мұражайы, Қазақ батырларының орталығы, театр, спорт кешендері, жастар сарайы, жаңа емхана және т.б. жаңа ғимараттар соғылатын болды.

Құрылыс жұмыстарын Түркістан қаласының ескі бөлігінде де жүргізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жергілікті әкімшілік Қожа Ахмет Яссауи кесенесін жаңартуды көздеуде және бұл жоба ЮНЕСКО-ның көмегімен іске асырылмақ. Одан бөлек Түркістанның тарихи елді-мекендерінің бірі Күлтөбе қалашығын реконструкциялау бойынша кешенді жоба қолға алынбақ.

Сонымен қатар қарапайым тұрғындарың өміріне тікелей әсер ететін басты өзгеріс жаңа ғимараттармен емес, Түркістан қаласын газбен қамтамасыз етумен байланысты. Облыс орталығында орналасқан жаңа компрессорлық станцияны іске қосу арқылы Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының қуаттылығы артып, қаланың 20 мыңға жуық тұрғыны көгілдір отынды тұтынуға мүмкіндік алып отыр.

Жалпы, үкімет пен жергілікті әкімшілік тарапынан Түркістанды дамытуға отандық және шетелдік инвесторларды тарту мәселесі назарға алынуда. Өткен жылы қыркүйек айында өткен «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық жəне туристік форум аясында құны 1,7 млрд долларды құрайтын 19 меморандумға қол қойылды деген ақпарат болған.

Бірақ...

Дегенмен де Түркістан облыс орталығы болған 1 жыл ішінде аймақтағы қордаланып келген барлық мәселелер шешілді деп айтуға болмайды. Керісінше Түркістан алдында тұрған құрылымдық мәселелердің өзектілігі тек өсіп келеді.

Ең алдымен облыстың қаржылық тұрақтылығы мәселесін атаған жөн. Аймақтың экономикалық базасы Шымкент құрамынан шыққаннан кейін әлсіреп қалғаны рас. Және бүгінде Түркістан облысы өз бюджеттік қажеттіліктерінің тек 20 пайызын ғана қамтамасыз етіп отырған жайы бар.

Одан бөлек жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі бар. Айта кететін жайт, бүгінде Түркістан республика бойынша Алматы мен Алматы облысынан кейінгі жұмыссыздар ең көп шоғырланған үшінші елді мекен (ресми 40 мыңнан астам жұмыссыз тіркелген).

Одан қалды Түркістан үшін транспорт пен логистика сұрақтары өз шешімін таппаған. Мысалға, облыс орталығы Түркістан қаласында жолдардың 25 пайызы ғана асфальтталған жағдайда екендігі туралы ақпарат бар. Бұл өте төмен көрсеткіш екендігі айтпаса да түсінікті.

Облыстың тұрақты дамуына ерекше әсер ететін келесі проблема – халықты ауыз сумен қамтамасыз ету. Түркістан облысының халық саны алдағы 5 жылдықта біршама өседі деп күтілуде. Ал 2025 жылға қарай түркістандықтардың саны бүгінгі 162 мыңнан 350 мыңға жақындайды деген болжамдар бар. Бұл өз кезегінде ауыз су тапшылығына әкеп соқтыруы мүмкін.

Жоғарыда көрсетілген түйткілді мәселелер көптің бірі ғана. Сондықтан облысқа экономикалық өсімді күшейтетін жобалар ауадай қажет екендігі айтпаса да түсінікті.

Бәсекелік артықшылықтар

Түркістан тек қазақ халқының рухани орталығы емес, бүкіл түркі әлемі үшін қасиетті жер. Қожа Ахмет Яссауи түркі әлемінің ағартушысы ретінде мойындалған тұлға. Бұл ретте Түркістан қаласы еліміздің басты туристік орталығына айналуға толықтай мүмкіндігі бар.

Бірақ әлемдік туризм тәжірибесіне сүйенсек, бай тарихи қазына жеткіліксіз. Көп жағдайда туристер легінің ағылуы үшін шешуші рөлді тиісті инфраструктура ойнайды. Яғни жаңа әуежай мен заманауи жолдар, ыңғайлы қонақүйлер керек.

Одан бөлек бұл бағытта бәсекелестік деңгейі жоғары екендігін де ұмытпаған жөн. Жалпы түркі әлемі бүгінде 40-тан астам халықтан тұратындығын ескерген жөн және олардың әрқайсысы түркі әлемінің орталығы деген статусқа дәмелі. Сондықтан Түркістанның туристік брендін дамыту бойынша жүйелі жұмыс керек.

Өткен жылы Түркістан облысы әкімі жанында арнайы ғылыми кеңес құрылған болатын. Мақсаты – Түркістанның түркі әлемінің рухани және мәдени тарихи орталығы ретіндегі имиджін дамыту. Бірақ әлі күнге дейін аталмыш кеңестің тарапынан қандай да бір серпілісті, тың идеяларды естімедік.

Туризмнен бөлек түркістандықтардың қолында бар мүмкіндіктер транзитпен байланысты. Бұл ретте Түркістан аумағында «Орталық Азия» халықаралық сауда аймағын құру идеясы ерекше назар аудартады. Бұл тек Түркістан облысының емес, жалпы еліміздің экспорттық әлеуетін жүзеге асыруға бірден-бір алғышарт. Өзбекстан мен Қазақстан екіжақты сауданы келесі жылдың соңына қарай 20 млрдқа дейін өсіруді көздеп отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін де аталмыш сауда аймағы керек.

 

Өмірбек СЕРІКОВ,

сарапшы

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер