Цифрландыруды саусақпен түсіндіру керек
Өткен жылы интернетке қолжетімділік әрбір 100 қазақстандықтың 14-інде бар деп тіркелген. Дәл осы санат бойынша әрбір 100 ауыл тұрғынының тек алтауы ғана ғаламторға қосылу мүмкіндігіне ие екені анықталды. Шалғай аудандарда интернет қолданысын қаладағы көрсеткішке жеткізу мақсаты – бір бөлек, ал қағазбастылықтан құтқарып, экономиканың барлық саласын ілгері жылжытатын цифрландырудың негізгі мақсатын түсіндіру әрі оған үлес қосатын халықты дайындау – өз алдына жеке бір мақсат. Осы мәселенің бір ұшын өткен жолы Президент те көтерді…
Елдегі цифрландыру бағдарламасының жүзеге асу ретін таныстыру кезінде Мемлекет басшысы Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевқа цифрландыруды халыққа жеңіл тілмен түсіндіру керектігі жөнінде ескерту жасаған еді. «Мен шопан не механизатор түсінбейді демеймін. Білімді азаматтың өзі түсінбейді. Сен цифрландырудың не екенін саусақпен түсіндіру керексің» деген Президенттің сөзіне жауапты Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың биылғы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының барысын әңгімелеген есебі бергендей болды. Онда Министр 2018 жылы түсіндіру жұмыстары ақпараттық стратегия мен бірыңғай республикалық медиажоспар негізінде жүзеге асатынын және жыл соңына дейін 10 млн адамға арналған 1 мың 500 ақпараттық өнім халыққа ұсынылатынын жеткізді.
Интернеттің жылдамдығы неге бірдей емес?
Білім және ғылым министрлігінің дерегіне сүйенсек, қазір орта білім беру мекемелерінде 80 мыңға жуық ұзақтығы 3-5 минуттық, үш тілде дайындалған интерактивті, мультимедиялық оқыту құралы бар. Дегенмен интернетке қосылмаған ауыл мектептерінде бұл білім беру ресурстарын оффлайн режимге аударып пайдалануға тура келеді. Одан бөлек, электронды күнделік жобасын үнемі жаңартып, толықтыру мүмкіндігі болмай отыр. Интернет желісі тартылған кей аудандарда оның жылдамдығына қатысты шағымдар жиіледі. Бұл сұраққа жауап берген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ауыл мектептерінде ғаламтордың жұмыс істеу жылдамдығы неге әртүрлі екенін былай түсіндірді: «Жоғары жылдамдықтағы интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржы жергілікті бюджетке аударылды. Бірақ жағдайды саралай келе, біз жергілікті атқарушы органдар бірыңғай технологиялық саясатты ұстанбағанын анықтадық. Осыдан жылдамдық та, қызмет көрсету сапасы да әртүрлі. Кейбір облыстар мектептерге мүлде интернет жеткізбеген» деді министр. Министрдің сөзінше, елдегі мектептердің 98 пайызы интернет желісіне қосылған. Дегенмен секундына 4 мегабит жылдамдықтағы кеңжолақты интернет қазірше тек 2400 (34%) мектепте бар.
Әлеуметтік жоба болғалы тұр
«Қазақстанның интернет қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Шавкат Сабиров ауылға интернет желісін тарту ұлттық оператор арқылы жүзеге асуы керек деп есептейді.
– Бүгінгі таңда қала мен ауыл арасында үлкен цифрлық теңсіздік бар. Кей аудан орталықтарында интернетке қолжетімділік үлкен қалалармен бірдей әрі қолданушыларға бірнеше оператор қызметі ұсынылатын болса, шалғай аймақтардың тұрғындарында мұндай мүмкіндік жоқ. Бұл бірінші кезекте, еліміздің территориясының үлкендігімен және елдімекендердің бір-бірінен алшақ орналасуымен түсіндіріледі. Бірде-бір коммерциялық компания аудан орталығынан 300 шақырым қашықтықта орналасқан мыңға жуық тұрғыны бар ауылға интернет тарту ісімен айналысқысы келмейді. Өйткені қажетті инфрақұрылым мен интернет қызметін қамтамасыз ету көп шығынды талап етеді. Пайда табу тұрғысынан бұл жекеменшік компанияларға тиімсіз. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде мемлекет интернет желісін тарту кезіндегі инфрақұрылымның қаржысын өтегенімен, кейіннен ауылда ғаламторға қолжетімділікті тұрақты сақтап тұру шығындары компанияның «мойнында» қалатынын ескеру керек. Жеке байланыс операторлары шығынның орнын интернет бағасын бірнеше есеге көтеру арқылы қарапайым халықтың қалтасынан толтыруға тырысуы мүмкін. Сондықтан ауылды өңірлерді интернетпен қамтамасыз ету ісімен «Қазақтелеком» АҚ ұлттық операторы айналысқаны дұрыс. Бұл жағдайда мемлекет тұтыну төлемдерін қаладағы бағаның деңгейінде не одан төмен ұстап тұру үшін операторға белгілі бір қаржы көлемін аударып отырады. Қала мен ауылдағы өмір сүру деңгейі екі түрлі екенін ескерсек, елдімекендердегі баға алып шаһарлардағы интернет құнынан арзан болуы керек. Бұл мемлекеттің міндеті және мемлекет қана өзіне осындай шығындарды ала алады. Алыс аймақта тұратын мың тұрғын да – біздің еліміздің азаматтары.
Сарапшы соңғы кездері қазақтілді интернет қолданушылардың саны артып келе жатқанын да тілге тиек етті.
– Соңғы 6-7 жылда интернет қолданушыларының негізгі өсімі Қазақстанның үлкен қалалары емес, өңірлерінің есебінен жүзеге асып отыр. Мемлекеттік тілде сөйлейтін аудиторияның саны артып, ол миллиондаған интернет қолданушыға ұласты. Қазақ тіліндегі жаңалықтар орыс тіліндегі ақпаратпен салыстырғанда көбірек қаралады, ал той кәсібін серік еткен жұлдыздардың оқырмандары өте көп. Дәл осы сипаттар елімізде қазақ тілін пайдаланатын миллиондаған тұрғын бар екенін және олардың негізгі дені 15 пен 30 жас аралығындағы жастар екенін көрсетеді.
Мәжілістің пленарлық отырысында мәлімдеме жасаған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та ауыл тұрғындары үшін интернет бағасы қолжетімсіз болу ықтималдылығымен келісетінін білдірді.
– 2017-2019 жылдар аралығында 1291 ауылдағы – 2 млн тұрғын, 2020-2025 жылдар аралығында 4 000 ауылдағы 1,5 млн азамат интернетке қол жеткізеді. Мемлекет жоғары жылдамдықтағы интернет құнын төлеу ауыл тұрғындары үшін қиынға соғуы мүмкін екенін ескеріп, бұл жобаның әлеуметтік сипатта жүзеге асатынын түсініп отыр, – деді министр. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің мәліметінше, аталған жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алу үшін арнайы жол картасы әзірленген. Оған сәйкес, мемлекет кәсіпкерге ұзақмерзімді тұтыну кепілдемесін береді. Инвестор үш жыл ішінде ауылдарға интернет желісін жоспарға сәйкес жеткізумен айналысады. Желілер кәсіпкердің иелігінде қалады, ал мемлекет оның қызметін 14 жыл бойы сатып алуға келісімшарт жасасады. Бұл жоба жеке кәсіпкерлерді цифрландыру міндетін орындауға жұмылдыра алса, жоғарыда сарапшының «коммерциялық компаниялар ауылға интернет жеткізуге ынталы емес» деген күмәні сейіліп, ауыл тұрғындарына интернет желісін жеткізу ісін жылдамдатар ма еді?
Динара Тілеубек
Дереккөз: aikyn.kz