ЭКСПО импульсі: Астанада шетелдік инвесторлар бас қосты
22.06.2017, 19:10

ЭКСПО импульсі: Астанада шетелдік инвесторлар бас қосты

Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-шы отырысы өтті. Кеңес отырысының жұмысына 300-ден астам қазақстандық және шетелдік қатысушы, оның ішінде шетел тарапынан Кеңестің 30 мүшесі мен 2 бақылаушы (халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компания басшылары), сондай-ақ, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялар мен ұйымдардың басшылары келді.

Биылғы Кеңес «Жаңа энергетика» тақырыбында өтті. Жиында Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сэр Сума Чакрабарти, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «Қазақстандық шетел инвесторлары кеңесі» қауымдастығының Басқарма төрағасы Ульф Вокурка, «GE Oil & Gas» компаниясының президенті Лоренцо Симонелли, «ЭНИ С.п.А.» компаниясының Бас атқарушы директоры Клаудио Дескальци, Бірлесіп қаржыландыру және жеке сектор операциялары жөніндегі Азия даму банкінің вице-президенті Дивакара Гупта, «ERG S.a.r.l.» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич және басқалар сөз сөйледі.

Инвестициялық климатты жақсарту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде 35-орынға ие болды. Соңғы 12 жылда Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) 243 млрд. АҚШ долларын құрады. 2016 жылы 20,6 млрд. АҚШ доллары тартылды, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 40% көп.

Тікелей шетелдік инвестиция көлемі бірқатар салаларда айтарлықтай өсті. Мысалы, ақпараттық технологияда – 9,7 есеге, электрмен жабдықтауда – 5,9 есеге, тау-кен өнеркәсібінде – 2 есеге, құрылыста - 84,5%-ға, саудада - 51%-ға, өңдеу өнеркәсібінде - 48,3% -ға артты.

Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінің бірқатар салаларына салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі артып отыр. Мәселен, фармацевтика өніміне 8 есе, металлургия өнеркәсібіне - 85,8%-ға, ағаш және қағаз бұйымдары өндірісіне - 74%-ға өсті.

 Шетелдік инвестиция негізінен Нидерланды (7,7 млрд. долл.), АҚШ (3,4 млрд. долл.), Швейцария (2,6 млрд. долл.), Франция (1,1 млрд. долл.), Қытай (960,9 млн. долл.), Ресей (867,4 млн. долл.), Бельгия (710,6 млн. долл.), Ұлыбритания (684,8 млн. долл.) елдерінен тартылды.

Шетелдік инвесторлар кеңесі 1998 жылы Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсарту және инвесторлардың Қазақстандағы инвестициялық қызметіне қатысты туындаған өзекті мәселелерді тиімді шешу үшін ҚР Үкіметі мен шетелдік инвесторлар арасында тікелей диалогты қамтамасыз ету мақсатында құрылды. ШИК құрамына  35   ірі трансұлттық шетелдік компания мен халықаралық ұйым басшылары кіреді.

Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылғалы Мемлекет басшысының төрағалығымен 29 пленарлық отырыс өтті. Онда шетелдік инвесторлар үшін елдегі құқықтық режимді жақсарту, Қазақстанның сот жүйесін жетілдіру, шетел жұмыс күшін тарту және салық жүйесін оңтайландыру,  ҚР инвестициялық имиджін жақсарту сияқты тағы бірқатар мәселелер талқыланды.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер