Конференцияның мақсаты – мемлекеттік органдардың, бизнестің, қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін кәсіпорындардағы жарақаттануды азайтуға, өндірістік нысандардағы апат қаупін азайтуға, қоршаған орта мен қоғамға келтірілетін ықтимал шығынды барынша азайтуға, кәсіби аурулардың алдын алуға, еңбек өнімділігін арттыруға бағыттау.
Шараларға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің, ҚР Ішкі істер министрлігінің, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ҚР Кәсіподақтар федерациясының, Қазақстандағы Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымының, ҚР Халықаралық еңбек ұйымының, РФ, Моңғолияның Еңбекті қорғау және жұмыспен қамту федералдық қызметтерінің және басқалардың өкілдері қатысады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жиынды салтанатты түрде ашты.
Шараға «Еңбек қызметінің барысында жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын сақтау және еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасын қамтамасыз ету», «Жеке және ұжымдық қорғау құралдарын қамтамасыз етудің және сертификаттаудың өзекті мәселелері», «Еңбекті қорғаудағы теория мен тәжірибені біріктіру артықшылықтары мен мүмкіншіліктері, ғылыми қызметтегі жаңа нәтижелер, реформалар, заманауи үрдістер», «Қазақстанның қауіпті өндірістік нысандарындағы қауіпсіздікті, соның ішінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Жұмыс орындарындағы маманның денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ алғашқы көмек көрсетудің маңыздылығы»тақырыптарына арналған 5 сессия кіреді.
«Қазақстан Республикасының қауіпті өндірістік нысандарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайы туралы» тақырыбымен шараның бірінші сессиясының алғашқы күні ҚР Инвестициялар және даму министрлігінен Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Құнанбаев баяндама жасады.
27 сәуірде Еңбекті қорғау және Өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша жыл сайынғы «KIOSH-2017» 7-ші Қазақстандық Халықаралық Конференция мен Көрменің ресми жабылуы болады.