Руханият

Показать содержимое по тегу: Руханият

Немесе тіл суггестиясын пайымдау. ҚАЗДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК БИДЕН ҚАЛҒАН МҰРАЛАРДЫҢ БІР САЛАСЫ – ТІЛЕК БАТАЛАР. ОЙ-САНАҒА, АҚЫЛҒА НЕГІЗДЕЛГЕН БАТА-ТІЛЕКТЕР АДАМ АҚЫЛ-ОЙЫНЫҢ КҮШТІЛІГІН БІЛДІРЕДІ, ӘРҚАЙСЫСЫНЫҢ БЕРЕТІН АСТАРЛЫ МАҒЫНАСЫ, ТЫҢДАУШЫҒА БЕРЕР ӘСЕРІ БАР.

Опубликовано в Руханият

Қарақұмда емшілігімен талай жанға шапағаты тиген Қарамолда әулие өмір сүрген. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеден озған абыз ақсақалдың қасиетіне алыстағы болгарлық сәуегей Ванга да бас иген.

Опубликовано в Дін

Академик Әлкей Марғұлан Мәшекеңе (Мәшһүр Жүсіпке) жазған бір хатында: «Сізде ерте күннің әдемі сөзі көп екенін мен ежелден білем... Бар дүниеңізге ие болыңыз... бос уақытыңыз болса, ол әңгімелерді ретке түсіріп, баптай беріңіз... Оған оқушы да, сүйетін ие де табылады» деген екен.

Опубликовано в Әралуан

Бұл сөздерді атам қазақ құр бекерге айтпаған. Әлқисса, баяғыда аталарымыз баласын дүмше молданың алдына апарып тұрып: «Тақсыр-еке, мына жүгірмектің еті – сенікі, сүйегі – менікі. Әйтеуір адам қылып шығарсың болғаны», – дейді екен-мыс.

Кеңес дәуірінің әдеби шығармаларынан осы ыңғайдағы мысалдарды өте көп оқыдық. Оқыған сайын – көк шыбықты суға салып ісінтіп қойып,  бейшара шәкіртінің жон арқасын тілім-тілім етіп аяусыз сабайтын, «аюға таяқпен намаз үйреткен» қатыгез молданы (өзіміздің маңдайдан сипайтын мейірбанды мұғалімдерімізбен салыстыра отырып) жек көріп,  осындай қанішер тәрбиешінің қорлығына бауыр еті – перзентін қиып берген «тас жүрек» аталарымызды да іштей кінәлап қоятынбыз...

Бүгін байыптап қарасақ, ол замандағылар түсінігімізді қате қалыптастырыпты. Сөзін далаға жіберіп, босқа шығындамайтын аталарымыз әлгі әңгімеге зор мағына сыйғызып, үлкен аманат жүктеп айтқандығын енді біліп отырмыз.

Жер бетінде ұрпағының болашағын ойламайтын ұлт бар ма? Әрине, жоқ.  Қазақ үшін осы бағыттағы қам-қарекет пен салт-сананың бір тармағы «сүйек» ұғымымен байланысып жатыр екен. Соның астарын ашып көрейік.

 

Бейіттер бүккен құпия

Көнеден қалған талай топырақ үйіндісін аршып-ақтарып,  неше бір патша қорымдарының ішін адақтаған кәнігі археологтардың өзін аң-таң қалдырған, соңыра құпиясын таптырмаған, сирек те болса кездесетін бір жағдай бар. Ол не дейсіз ғой?

Әдетте сақ дәуірінің киелі зираттарының арасында кісі кейіпті көрбақтардың тонауы мен талапайына ұшырамай, бүгінге бүтін қалпында жеткені некен-саяқ. Өйткені тәңірі сипатты, асыл текті әулеттің марқұмдарының қасына о дүниеде қызмет етуге тиіс мал-жанымен қоса, обырлардың көз құрты іспетті – алтынмен апталған бұйымдар бірге қойылғанын білеміз.

Ал енді белшеден келетін байлыққа толы қабірлердің қайсыбіріне бір замандарда бұзып-жарып, баса-көктеп кіргендер сол қыруар қазынаға мүлде тиіспеген болып шықса ше?! «Алтын, күміс – тас екен» дегені ме?! Ендеше, бейітті бұзып... әрі – мұның үстіне – ондағы ақсөңке болған адам сүйектерін шотпен шауып, парша-парша етіп бөлшектеп, өлісінде қорлап несі бар? Зерттеушілердің ойын сан саққа жүгіртіп, басын қатырған нәрсе осы:  алтын әшекейлер – дін  аман, сүйектердің сау-тамтығы жоқ... Шетелдік ғалымдардың бірі: «Үстеріне бөтен кісілер келіп қалғандықтан, бағалы дүниеге қол сұғып үлгермеген болар», – деген оп-оңай болжам айтыпты. Шындығында, мәселенің мәнісі – тіпті басқада.

Гәп –  байырғы бабаларымыздың таным-түсінігінде және сол сүйектің өзінде.

Ежелгі түркілердің дәстүрлі дүниетанымы бойынша, ет пен сүйек – адамның болмысын құрайтын екі –  өзара кереғар әрі келісімді субстанция. Бүгінгі тілмен айтқанда, ет – тән, сүйек – жан. Әлі күнге дейін: «Адам баласы ет пен сүйектен жаралған», – дейтініміз сондықтан.

Іргелі ғылыми монографияның авторлары былай деп жазады: «Қайратты дене бітімі – «кемел сүйектіліктің» айғағы ретінде – сарқылмайтын өмір қуатына толы. Мұндай болмысқа ие батыр ешқашан өлімнің не екенін білмейді. Бұл секілді түсініктер соғыстар мен шайқастар туралы эпикалық сюжеттердің негізін құрайды. Батырдың міндеті – тек дұшпанын өлтіріп тастауда ғана емес, сондай-ақ оның сүйегін талқандап, сол арқылы жаудың тұқымын мәңгіге құртуда» (Оңтүстік Сібір түркілерінің  дәстүрлі дүниетанымы: Адам. Қоғам. -  Новосибирск, 1989, 65-бет).

Мысалы, тува ертегісінің қаһарманы Сайын-оол өзінің қарсыласы Тебене-Мөгені құздан лақтырып, быт-шыт қылғанда, оның сүйектері жан-жаққа қаша жөнеледі. «Егер мұның бір сүйегі сау қалса, менің бітіспес жауым болып тіріледі», – деп, Сайын-оол оларды түгел жоймақ болып, соңынан кезек-кезек тұра ұмтылады. Бірақ Тебене-Мөгенің астындағы тұлпары Сайын-оолды тұяғымен теуіп өлтіріп, қаза тапқан иесінің сүйектерін өзімен әкетеді.

Ал Терге-Қара сұлу болса, Тебене-Мөгенің сүйектерін жиып алып, жылқы басты бүркіттің кейпіне енеді де, көк әлеміне ұшып барады. Сол жерде бір жалғызілікті шалдың үстіндегі етін сыдырып, оны жас балаға айналдырады да, жерге қайта түсіп, үйіне алып келеді. Содан соң Тебене-Мөгенің сүйектерін әлгі еттің көмегімен құрастырып шығады. Тебен-Мөге жиырма бес жасар жігіт болып, қайта тіріледі...

Міне, адамның ет пен сүйектен жаралуының және жанның сүйекте сақталып қалуының  түркі фольклорындағы бір көрінісі – осы. 

Сонымен, неге әлгі зираттағы алтын заттарды «құдай сақтап», тек сүйектердің зардап шеккені түсінікті болды ғой дейміз.

Себебі біреу-ақ: бейітті бұзғандар ұрлық жасауды ұйғармаған, жауларының ата-бабасының сүйегін талқандауды, сөйтіп оларды ілгеріде болатын айқастың алдында «аруағынан айыруды» және «тұқымын тұздай құртуды» көздеген.

Бұл болжамды толықтыра түсетін басқа да мысалдар аз емес. Айталық, «тарихтың атасы» – Геродотқа сенсек, сақтардың көсемі Иданфирс бір ұлы майданның алдында парсының жиһанкез патшасы Дарийге: «Егер сендер бізбен қайтсек те соғысамыз деп өңмеңдеп қоймасаңдар, онда жолдарыңда  ата-бабамыздың бейіттері бар. Соларды тауып алып, бірінің шетін кертіп көріңдерші, сол кезде бейіт үшін біздің қалай соғысатынымызға көздерің жетеді», – депті.  Ү ғасырдың тарихшысы Приск Панийскийдің жазуынша, ғұндардың жеріне сапар шеккен Марг қаласының епископы патша қорымдарын қазып, ондағы қисапсыз қазынаға қол салған; соның нәтижесінде ғұн-византия қақтығысы басталып кеткен. Сайып келгенде, бейітті бүлдіру дегеніміз – аруақты аяқасты ету, жанды жерге қол салу, елдің намысына тию ретінде ұғынылған. Өйткені онда ата-бабаның сүйегі жатыр; ал сүйекті қорлауға жол жоқ.

Арада мың жылдан астам уақыт өткенде, Кенесарының заманындағы қазақ мен қырғыздың арасындағы қырғиқабақ оқиғаның бірі де осы төңіректен өрбиді. Нысанбайдың атақты жырында ата-бабаларының зираттары қорланған екі ағайынның да уәжі бар. Қырғыздар:  Тіріме қылсаң болмай ма,/Өлгенім саған не қылды? /Атаңның ақы бар ма еді /Есқожа, Қанай көрінде? – деп күңіренсе, қазақтар: Қанайыңа мен қылдым, /Кекті болған шағымда. /Әкеңнің ақы бар ма еді /Аңдасымның тамында? – деп жарыса күйзеледі.

Орыс отаршылдығы тұсында ақындарымыз келімсектердің табанының астында тапталған молаларды көргенде жандары түршіге жыр жазған. Мысалы:

Құдайдан кітап келген халық болса,

Іс қылмас хайуандарша көрді тесіп.....

Ақан сері

 Қасиетті бабамыздың зияраты

Қалды ғой көшесінің арасында.

Міржақып

 Ата-бабаның бейіті тұрған орын, сүйегі жатқан жер – елдің кіндік қан тамған мекенін, көші-қон кеңістігін, шекара аумаған анықтайтын белгі болып саналған.

Тоқ етері, сүйекті қор қылмау идеясы Ұлы Далада мыңжылдықтар бойына жасап келген. Келе-келе көршілес жұрттарға жұғысты болған.

... Әріде – ғұндар көсемі Аттиланың, беріде – монғол қағаны Шыңғысханның сүйектерінің қайда көмілгенін ешкім білмейді. Сүйегі қорланған бейіттердің хикаясын естігенде, мұның ақылмен жасалған іс екендігін бағамдайсың. Дұрыс та шығар дейсің...

Әйтпесе, бұрын да, бүгін де қиратылған зират, қорланған сүйек аз емес..

 «Сүйек  болудың» сыры

Алтай-Саян халықтарында «сеок», «сөөк» (сүйек) сөздері «тайпа», «ру», «ұрпақ» дегенді білдіреді.

Қазақтың  ақсақалдарынан да «сүйегің кім?» деген сауалды өз құлағымызбен талай рет есіттік. «Алпамыс батыр» жырында: «Сүйек болғандарыңды дәлелдеп, төс тигізіңдер...»; «Мыстанның ендігі ойы – басы таз, балтыры қотыр ұлына Қаракөздей аруды қосып, ханмен сүйек болу еді...», – деген жолдар жолығады. Мұндағы «сүйек болу» – туыс болу мағынасында екені көрініп тұр. Текті, шаһбаз, бекзат тұқымнан шыққан кісіні  ақсүйек дейміз.

Жастардың көңіл жарастыққа құрылған осы аттас әдемі ойыны да бар. Қыз ұзатып, келін түсірген құда-құдандылықтың жолын қайта жалғауды сүйек жаңғырту немесе сүйек шатыс деп атаған. Бүкіл бір әулеттің абыройына нұқсан тиген жағдайды сүйекке түскен таңба деген. Филология ғылымдарының докторы, белгілі зерттеуші Дихан Қамзабекұлының  мәліметінше, екі ел өз ара сүйек ұстау арқылы туысатын болған. Осыдан келіп, түркі халықтарының «мифологиялық анатомиясын» зерттеушілер олардың бағзы танымында «қандас туыстықтың» («кровное родство») емес, сүйек жақындықтың басым болғандығын тұжырымдайды.

Түркінің түсінігіне сәйкес, сүйек – бабадан жеткен белгі, атадан қалған аманат. Сондай-ақ, ол – болашақтың бастауы, келешектің кепілі. 

Қысқасы, «болған» мен «боладының» арасындағы дәнекер. Түркілермен түйісетін тұстары көп ежелгі шумерлер ата-бабасының сүйегінен көз жазып қалған жандарды қатты жазғырып, шетке тепкен.

Сүйектен өмір өнеді, тіршілік түзіледі. Мәселен, алтайлықтардың фольклорындағы Қызыл-қая атты батыр ғажайып түрде өз әкесінің сүйегінен жаратылады. Бір қызығы, Месоамерика үндістерінің мифологиясында Батыс құдайы – Кецалькоатль жер бетіндегі төрт апаттан соң, өлілер әлемі – Миктланға сапар шегіп, соның патшасының қол астындағы адам сүйектерін үстіндегі киіміне орап алып қашады да, оларға өз қанын шашу арқылы жан бітіріп, адамзатты қайтадан дүниеге келтіреді.

Сол секілді, орыстың «Крошечка-Хаврошечка» атты көне ертегісінің кейіпкері – жетім қыз сойылған сиырдың сүйектерін шүберекке жиып, сосын бақша ішіне егіп, суарып тұрады да, ақырында олардан сиқырлы алма ағашы өсіп шығады. Әрине, сүйектің «жаралғыштық» қасиетін сипаттайтын бұл тәрізді кейбір ұқсастықтар арнайы зерттеуді қажет етеді.

Ш.Уәлиханов: «Жануарлардың сүйегінде құдіретті күш бар», – деп жазған. Бұл қағида малдың мүшелерін үлестіру, жылқының бас сүйегін қастерлеу, т.с.с. жөн-жоралғыларда  өз көрінісін тапқан.

Тарқатып айта берсек, қазақ тіліндегі «сүйек» сөзінің мағыналық аясы өте кең. Оның дәрежесі әрдайым «еттен» жоғары тұрады.

Бұған алдымен ертеде кең тараған өлікті отқа өртеу салты дәлел бола алады. Талантты мифтанушы Серікбол Қондыбай  осыған орай фольклорлық сюжетті баяндай отырып: «Еті өртеніп, тек сүйегі қалғанда, оны ақ шүберекке түйіп, «туф» деген сәтте Ералы батыр атып түрегеледі. Бірақ «түк көргенім жоқ» дейді. Сонда әкесі енді оны алпыс арба отынға салып өртейді, нәтижесінде Ералы дүниенің барлық сырын білетін болып шығады», – деп жазыпты (Арғықазақ мифологиясы. Бірінші кітап. Алматы, 2004,  252-бет). Бұл – адам жанының жаңа сапаға өтуінің «өліп-тірілу» мотивіне негізделген мифтік, мистериялық рәсімі. Ол тағы да сүйектің «жан сақтағыштық» қабілеті арқылы жүзеге асқан.

Есте жоқ ескі дәуірде зороастризм дінін ұстанғандар қасиетті от пен суды былғамас үшін о дүниелік болған адамның нас, қаскөй күштер жайлаған мүрдесін аң-құсқа жем болсын деген оймен жырақ төбенің беткейіне немесе арнайы салынған мұнараның басына апарып тастап отырған. Сүйек етінен әбден арылып, күнге қақталып, суға шайылып, залалынан тазарып біткен соң ғана жер қойнына берілген. Сөйтіп, зороастрлықтар да ет пен сүйектің арасын осылай ажыратқан.

Ал түркілердің түсінігіне қарасақ, түбегейлі айырмашылықты байқаймыз. Мысалы, Ә.Марғұлан «Ежелгі жыр-аңыздар» атты кітабында (Алматы, 1985) былай деп жазады: «Жаугершілік заманда, жау қолынан оққа ұшқан ардақты ерді қандай қиындықтың үстінде болса да, жат жерде қалдырып кетпеген. Ондай адамдардың етін сүйегінен айырып, дене сүйегін былғарымен қаптап, ұйық жұртына әкеліп қоятын» (275-бет).

Соған сәйкес, белгілі түркітанушы Әлімғазы Дәулетхан: «Өмірін ат үстінде, жорық-жортуылда өткізген түрік сарбаздары елінен шалғайға кетіп қаза болса да, сүйегінің жат жерде қалып, ит-құсқа жем болмайтынына кәміл сенуші еді. Сондықтан сарбаздар екі дүниясына да алаңдамайтын», – деген дұрыс қорытында жасайды («Түркеш қағанаты» атты зерттеу кітабы. Алматы, 2005, 127-бет).

Этнограф-ғалым Б.Кармышева Ферғана өзбектерінің өлікті жерлеу салтындағы байырғы үрдістің іздерін қарастыра отырып, «түркі» аталатын этникалық топтың келесі жөн-жоралғысына назар аударады: «Сүйекті жуу рәсіміне қатысуды әсіресе түркілер қатаң ұстанған. Олардың аузынан: «суягимизни бировга ушлатмаймыз» – «сүйегімізді біреуге (басқаға) ұстатпаймыз», – дегенді талай естідім» (Орта Азия халықтарының ежелгі ғұрыптары, наным-сенімдері және табынушылықтары. Мәскеу, 1986,  142-бет).

... Олай болса, атам қазақтың «Еті – сенікі, сүйегі – менікі» деген тұспал сөздері арқылы ел тұтастығын, жер бүтіндігін, рух мықтылығын, ұрпақ қамын меңзегенін аңғару енді қиын бола қоймас дейміз. 

Дерек көзі: zebra.today

Опубликовано в Сарап Time

Елбасымыз «Менің халқым, өзге ұлттың түсіне кірсе, шошып оянатындай ауыр-ауыр тағдырларды басынан кешті.

Тіпті тұқым теберігімен қырылып, жойылып та кететін кездері болды. Бірақ азаттыққа деген арпалыс, Тәуелсіздікке деген талпыныс бүгінгі таңға жеткізді»,  деген болатын.

Сондықтан Тәуелсіздік біз үшін ең қастерлі де қасиетті ұғым болуға тиіс. Азаттығымыздың ширек ғасырында қoғaм­ның бaрлық сaлaсындa дeрлiк тeрeң дe күрдeлi өзгeрiстeр oрын aлды. Еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің алтын ұясындай Қaзaқстaн әлeм тaнығaн eлгe aйнaлып, хaлықaрaлық дeңгeйдe өзiнiң бәсeкeлeс бoлуғa қaбiлeттiлiгiн көрсeтiп кeлeдi. Бабаларымыз ғасырлар бойы арман­да­ған азаттықты алып, Тәуелсіз ел болу ба­қы­ты бұйырған бүгінгі ұрпақ келешекке осы ба­ғасыз құндылықты аманаттауға тиіс. 
Халықтың халық болып өмір сүруі, не жырымдалып жүріп өз бет-бейнесінен айы­ры­луы сол ұлт өкілінің өзінен кейінгі ізба­са­рына бабалар аманатын қай сапада жеткізуіне байланысты. «Адам баласы ба­сына қонған бақты сезбейді, ұшқанда бір-ақ біледі», деген батыр Баукеңнің асыл сөзін­дей, әрбiр хaлық­тың шыққaн тeгi мен тaрихы, мoрaльдық-құқықтық мәдeниeтi болатыны aнық. Қaзaқ халқы тaрих сaхнaсындa қaн­шaмa қилы-қилы зaмaн­дaрды бaсынaн өт­кe­ріп, eшкiмгe ұқ­сa­мaйтын бiтiм-бoлмысы мен жaқсы қa­сиeт­тeрiн жоғалтпай, әлемдік қауым­дастықтан өз орнын алуға ұмтылуда. Өр­кe­ниeтке ұмтылған қaзaқ eлi бүгiнгi тaңдa та­рих­қа тағзым жасай отырып, өшкенін жан­дырып, болашағын бекемдеуде. Қазақ­стан­дық за­йыр­лы қоғамның eң бaсты құн­ды­лығы – адам және олардың бойындағы ізгі қа­сиеттер. 
Өткен тaрихымызғa көз жүгiртeтiн бoл­сaқ, қазақ елі – ұзaқ ғaсырлaр бoйы тiрнeктeп қaлыптaстырғaн түркi тeктeс хaлықтaрдың заңды мұрагері, мәдeни мұрaсының жaлғaсы eкeнi aнық. Eурaзия дeп aтa­лaтын Ұлы дaлaны мeкeн eткен түркi тeк­тeс хaлықтaрдың тaғдыры мeн тaрихы, тiр­шiлiк eту жүйeсi мeн шaруaшылық-тұр­мыс­тық, дүниeтaнымдық көзқaрaстaры ұқсaс бoлғaндықтaн, рухaни-мәдeни бoлмыс­тaры дa eтeнe жақын. 
Өзгe жұрт нaным-сeнiмдeрi мен мo­рa­ль­дық-этикaлық нoрмaлaрын, эстeти­кaлық тaлғaм-түсiнiктeрiн жүз құбылтып, жeкe aдaмды қaнaудaн бaстaп, тұтaс хaлықты oтaрлaуғa дeйiнгi тaрихи-әлeу­мeттiк өрiстeрдi шиырлaп жүргeндe, көшпeлiлeр тeк қaнa iштeй шыңдaлу үдерісін бaстaн кeшiргeнiн әлeмдiк тaрих растайды. Қазақ­тың тұрмыс-тіршілігі мен кәсібі көш­пeлiлeрдiң тaнымдық тaлғaмын жeтiл­дiругe, oй-өрiсiн eрeкшe eтiп қa­лып­­­тaстыруғa мұрындық бoлды. Кeң дaлaның төсiндe eркiн жүрiп өскeн түркiлeр үшін aдaм мeн тaбиғaт, қoғaм мeн aдaм, aдaм мeн aдaм aрaсындaғы қaрым-қaтынaс бiрiншi oрынғa қoйылды. Қaзaқ eлi aдaми құнды­лықтaрды қaшaн дa алдыңғы oрынғa қoй­ғaн, ар-ұят, нaмыс, aбырoй секілді қа­сиеттер бaс­ты құндылық бoлып сaнaл­ғандықтан, қaзaқ «мaлым – жaнымның сaдaғaсы, жaным – aрымның сaдaғaсы» дeп есептеген. Сондық­тан адaм бoлмысындaғы aбырoй-нaмысқa қoрғaн бoлaтын күш – әдiлдiк, aдaмгeршiлiк, имaндылық дeп тaнығaнымыз oрынды. Бұл ізгіліктердің сақталуы үшiн тәртiп пен қaғидa-зaңдaрды қoғaм қaжeт еткендіктен, құқықтық сa­нaның қaлыптaсуы ұзaқ уaқытқa сoзыл­ғaны бeлгiлi. Мiнe, aтa-бaбaлaры­мыздың әдeт-ғұрыптық зaңнaмaлaр жүйe­сiнің қа­лып­тасуы oсылaй бaстaлды. Сөйтiп, көш­пe­лiлeрдiң oйлaу қaбiлeтi өмiрдiң бaрлық сaлaлaрымeн қaбысып, қoғaмдa oрын aлғaн құқықтық нoрмaлaр бәрiне жаппай мiндeт­тeлдi. Көшпeлiлeрдiң құқықтық жүйeсi oлaрдың төл дүниeтaнымымeн қaбыс­қан­дықтан, сaбaқтaса дамығанын көрeмiз. Ұлы дала халқының құқықтық өмiрi тiкeлeй дүниeтaнымдық oй-сeзiмдeрiмeн aрaлaсып, aжырaмaстaй біте қайнасуының нәти­жесінде олардың өмiр сүруiн жeңiлдeттi. Қaзaқ халқында қан тазалығы мен текті сақтау үшiн жeтi aтaғa дeйiн қыз бeрiп, қыз aлыспaуы қaғидa болып қaлыптaсқaн. Жазылмаған бұл заңдылық күнi бүгiнгe дeйiн жaлғaсып, дана халық салт-дәстүрл­е­рін ғaнa бaйытпaй, туыс­қaндығын, құдa-жeкжaттығын aртты­рaтын сыйлaстық пен тaтулықты бекемдей түсуде. Екi ру нe тaйпa aрaсындaғы бaйлaныс жeлiсiн үзбeу мақсатымен қандай жағдайда да кеткен қыздың қaйтa кeлмeуі үшін әмeңгeрлiк зaңын қaлыптaстырып, «қaрғa тaмырлы қaзaққa» aйнaлды. Әмeңгeрлiк зaңы – қaзaқтың қaнына сіңген қaсиeт еді. Бүгiнгi тaңдa жетімін жылатпайтын, жесірін қаңғырт­пайтын сондай үрдiстeр жaлғaсын таппай, кeшe үйлeнe сaлып, ертеңіне aжырa­сып жaтқaн жaстaр көп. Зaң орын­даушылық пен дәстүр үйлесімі межeдeн көрiнe aлмaсa, хaлық aрaсындaғы бeрeкe-бiрлiк тe кeтeдi. Сoндықтaн қaзaқ халқы ұлттық бoлмысын сaқтaу үшiн ислам діні­мен біте қайнасып кеткен дәстүрдi жаң­ғыртып, oны ұрпaқтың санасына жaс­тaйынaн құйғаны жөн. Өйткені қазіргі таңда дін атын жамылған салафизм идео­логиясы қазақ халқының ғасырлар бойы қалып­тасқан барлық рухани құнды­лық­тарын құлдыратуға бағытталған.
Қазақстан – еуразиялық мемлекет, орналасқан жері геосаяси жағынан аса қолайлы, жері шикізатқа бай болған­дықтан, жат пиғылды көптеген ағым­дардың қызығу­шылығын тудыра­тыны сөзсіз. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан хал­қына Жолдауында: «Қазақстан­дық­тардың діни санасын елдің салт-дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес қалып­тастыру керек» деген болатын. Елбасы сол Жол­дауында біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәсе­лесінің әлі де өзекті екендігін айқындап берді.
Әрине, кереғар діни ағымдар зардап­та­рының алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан көптеген жұмыстар атқа­ры­луда. Діннің атын жамылған экстремистік оқи­ға­лар өршеленіп тұрған қазіргідей кезеңдегі өткір мәселелердің бірі – жаһандық лаң­кестікке қарсы тұру.
Қазіргі уақытта ислам дініне түрлі «изм­дер­ді» тіркеп, терроризмді ислам дінімен байланыстыру арқылы теріс көзқарас қа­лыптастыру белең алып, бүкіл әлемде ра­ди­калды идеологиялардың әрекеттері өр­ши түсуде. Діни қақты­ғыстардың бұрын да орын алғаны, әсіресе, орта ғасырларда діни фана­тизмнің үстемдік құрып, соның салда­рынан қаншама адамның қаны төгілгені тарихтан мәлім. Қазіргі таңда діни фанатизм тарих сахнасына қайта оралып, әсіре діншіл­дердің жаппай қырып-жоюы әлемдік қауым­дастықты алаңдатып отыр. Бұл – адамзаттың тағдырына қауіп төндіретін құбылыс. Соның салдарынан заманауи сын-қатерлер, қарама-қайшылықтар, зұлымдық ошақтары туын­дап, кейбір мемлекеттер тұтастай бүлін­шілікке ұшы­рауда. Қаншама халық басы ауған жаққа қашып, әп-сәтте босқынға айналып жатыр. Осы орайда Қaзaқстaн мұсыл­мaндaры ұстанатын дәстүрлі бағы­тымыз ислaм тaғылымындaғы Әбу Хaнифa мaзһaбының ерекшеліктерін терең зерттеп, оны өскелең ұрпаққа жан-жақты жеткізудің мәні зор, өйткені жат идео­логияға озық, сындарлы идеологияны насихаттау арқылы ғана қар­сы тұра аламыз. Хaнaфи мaзһaбы – сун­нит­тiк ислaмдaғы бaсқa мaзһaбтaрғa қaрaғaндa төзiмдi, жeргiлiктi әдeт-ғұрып, сaлт-дәстүр зaңдaрымeн, дәстүрлi жүйемен сaнaсaтын мeктeп. 
Ислaм дiнi тaрихи дaму бaрысындa өз iшi­нeн түрлi aғымдaр мeн бaғыттaрғa бөлiндi. Бұл бөлiну дoктринaлық сипaттa eмeс, дiннiң прaктикaлық жaғымeн бaй­лa­нысты eкeнiн eскeртe кeту кeрeк. Хaнaфи, Шaфиғи, Хaн­бaли және Мaлики мaзһaб­тары ислaмның қағидаларына сай бiрлiктe бoлғaнмeн, кeйбiр жeкeлeгeн мәсeлeлeрдe бiр-бiрiнeн eрeкшe әдiстi ұстaнaтын тұстaры дa бaр. ҚМДБ-ның рeсми түрдe нaсихaттaп oтырғaн Хaнaфи мaзһaбы – хaлқымыздың діліне, жан-жүрeгi мeн тaбиғaтынa, салт-дәстүрі мен әдeт-ғұрпынa жaқыны. Алайда соңғы уақыт­тарда елімізде Ханафи мазһа­бын мойын­дағысы келмейтін, үнемі бүй­рек­тен сирақ шыға­ратын, салафизм идео­логиясымен уланған топтар пайда бол­­­ған­­дықтан, олардың алдын алуды уақыт талап етуде. Әсіресе, иммунитеті әлсіз, діни сауаты жоқ жастардың басым көпшілігі салафизм идеологиясына қатты шыр­ма­луда. Жалпы, шетін көзқарасты ұстана­тын­дар ресми ақпарат көздері мен діни инсти­туттар арқылы таратылатын түсіндірулерді қабылдамайтынын қазіргі таңда мешіт­терде көруге болады. Көптеген жаста­рымыз ме­шіт имамдарына құлақ аспай, «өз біл­генімен» құлшылықтарын орындап жатыр. Мұндай көрініс – қазақ үшін ерсі қылық. Ата-бабаларымыз дін ұстанғанда имам-молдаларды құрмет тұтып, тура жолдан таймау үшін олардан ілім үйрен­ген. Қазақтың ешбір ұлттық салт-дәст­үр­лері мен жиындары рухани көшбас­шыларсыз өтпейтініне тарих куә. Ал бүгінде мешітке келген кейбір адам­дардың келеңсіз әрекет­тері олардың қалың жұрттан бөлініп, көпе-көрнеу кереғар бағыттарға қарай кетіп бара жатқанын көрсетеді. Бұл – алаңдатарлық жайт. Тіпті өте-мөте қауіпті құбылыс.
Мәселен, көзі қарақты жұртшылықты бүгінгі қоғамда бой көрсетіп жүрген ала-құлалық ашындыра бастады. Салафизм идеологиясын ұстанушылардың мешіттегі өрескел қылықтары басқаларды басыну болып табылады. Олар Жаратқанға әдеппен ғана бас иіп жалбарынуды мешіт жама­ға­ты­ның алдында талтайып, көкірегін керіп, тәкаппарланып тұру деп түсінетін тәрізді... Бұл – нағыз көрген­сіздік. Сондықтан олар­дың сырқатына шалдығып, артынан ерген жастарымызбен кешенді түрде шұғыл жұмыс жүргізу керек. Радикалдардың шыр­ғалаңына түскен қаракөздеріміз рухани әрі психо­логиялық көмекке мұқтаж болған­дық­тан, алдымен олардың діни сауатты­лы­ғын, зайырлы кәсіби білімін жетілдіріп, патриоттық әрі ұлттық санасын жандан­ды­руға көңіл бөлген жөн. 
Жақында Мемлекет басшысының Жар­лы­ғымен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды. Министр Н.Ермек­баев: «Жаңа министрлік өз жұмы­сын басты 3 бағытта жүргізетін болады» деп, соның қатарында – дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, діни бірлестіктермен өза­ра әрекеттесу, азамат­тардың діни сенім бостандығы құқығын қамтамасыз ету мәсе­лелерін атады. Ал діни экстремизм мен тер­ро­ризмнің алдын алу жұмыстары негізгі екі бағытта – жалпы профилактика және мақ­сат­­ты реабилитациялау жұмыста­рының жүргі­зілетінін тілге тиек етті. Білікті маман­дар әрдайым профилактика және реаби­ли­тация жұмыстарын қарқынды, әрі сапалы жүргізетін болса, онда қоғамдағы сала­физм ағымының алдын алуға өз септігін тигізері сөзсіз. 
Дін істері және азаматтық қоғам минис­трлігі жақында салафизм діни ағымына қатысты ұстанымын да ресми түрде жариялап, еліміз үшін салафизмнің мүлдем жат әрі теріс діни ағым екендігін ескертті.
Жалпы, қазақстандық қоғам радика­лизм­ге жетелейтін жат ағымға қарсы бол­ған­дықтан, күн өткен сайын халық тарапынан тойтарысқа ұшырауда. Биылғы жылдың жаз айында қаншама жазықсыз азаматтардың қанын төккен Ақтөбе, Алматы қала­ла­рын­дағы қайғылы жағдай бұл ағымның бет­пер­десін сыпырды. Сол қанды оқиғаларды ұйым­­дастырушылар ислам атын жамылған салафизм ағымы­ның өкілдері екенін ресми органдар мәлімдеп, Елбасы «дәстүрлі емес діни ағым – салафизмнің зұлымдық әре­ке­ті» деп айыптады. 
Дәстүрлі қазақ қоғамы қалыптастырған рухани құндылықтарды, ғасырлар сынынан өткен ұлттық салт-дәстүрлерді түгел күй­ре­ту мақсатын түбегейлі түрде ұстанатын сала­физм ішкі тұрақтылыққа, татулыққа, бір­лік пен ынтымаққа қауіп төндіреді. Елі­мізде жылдар бойы олардың ел санасын жаулау үшін астыртын, қасиетті діннің атын жамылып жүргізген сұрқия әрекеттері тұр­ғын халықты сенімі­нен жаңылдырып, ұлт келе­шегіне қатер төндіруде. Мұндай жағ­дай­ларды болдырмау үшін радикалды идеологияның құрығына ілінбеген ауди­то­рия­ларға алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қарқынды түрде жалғастырған жөн. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары­нан-ақ салт-дәстүрлер мен діннің арасына сына қағып, сызат түсіруді бастаған сала­физм сияқты басқа да кереғар ағым­дар­дың әрекеттеріне қарымды қаламгер­лер қатты қарсылық білдіріп, жазған да, айтқан да еді. Өкінішке қарай, оларды тыңдай қоймады. «Ештен кеш жақсы» дейді қазақ. Әлі де бұл күреске жаппай жұмылу – пара­сат­­ты парыз.
«...Әр қазақ – менің жалғызым» деп бауыр­ларымызды жат ағымдардың шырма­уы­нан қорғап, дәстүрлі ортаға қайтару – бар­шамыздың міндетіміз. 
Қазақстан азаматтарын алауыздықтың салдарынан басынан бағы тайған, соғыс өр­тіне оранған алыс-жақын елдердің бү­гі­нінен мықтап сабақ алуға, өз елімізде берік орныққан тыныштық пен келісімді, бірлік пен ынтымақты қадірлеуге шақыра­мын. Біз тү­тіні түзу шығатын қуатты ел бо­луы­мыз үшін парасаттылыққа, ғылым­ға, білімге, жаңашылдыққа, жасампаз­дыққа ұмтылып, елі­міздің тұтастығы мен тұрақтылығын көз­дің қарашығындай сақтауға тиіспіз.

Мархабат Байғұт, 
жазушы 

Дерек көзі: aikyn.kz

Опубликовано в Руханият
Страница 9 из 12

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер