БҰРЫНҒЫНЫҢ ӘДЕМІ СӨЗДЕРІ (ойтастар)
21.12.2017, 18:41

БҰРЫНҒЫНЫҢ ӘДЕМІ СӨЗДЕРІ (ойтастар)

Академик Әлкей Марғұлан Мәшекеңе (Мәшһүр Жүсіпке) жазған бір хатында: «Сізде ерте күннің әдемі сөзі көп екенін мен ежелден білем... Бар дүниеңізге ие болыңыз... бос уақытыңыз болса, ол әңгімелерді ретке түсіріп, баптай беріңіз... Оған оқушы да, сүйетін ие де табылады» деген екен.

Жалпы бүгіндері бір нәрсе айтайын, жазайын десең, сенің сол айтпақ, жазбақ болған дүниелеріңнің барлығы баяғыда айтылып, жазылып кеткенін біліп қайран қаласың. «Жаңалық дегеніміздің бәрі әбден ұмытылған ескі дүниелер» деген де сөз бар.
Ендеше осыдан 700 жылдан астам уақыт бұрын, яғни, 7 ғасыр бұрын ислам ғалымы, шейх Әдәб Әлидің баласына айтқан бір насихатын оқып көрейікші. Оны оқығандар бұрынғының осы әдемі сөзін «алтын насихат» деп те атаған екен:
«–Балам, таң ағарып ата бастағанда дүние есігін ашып, кешкі азан айтылғанда өмірден өтіп кететін жандар жеткілікті. Сондықтан әр күннің қадірін біл!
Ақылыңды, бойыңдағы күшті, аузыңдағы сөзді қашан, қай жерде айту керектігін білгейсің. Әйтпесе, бір күні жел ұшырған қауқарсыз жапырақ кейпіне түсерің анық. Ашуың мен нәпсің бір жақ боп ақылыңды жеңіп кетпесін. Ылғи да сабырлы, тұрақты бол, жігерлі болуға ұмтыл!
Ата-анаңды құрметте! Береке үлкендермен бірге жүретінін есіңнен шығармағайсың. Бұл жалғанда наным-сеніміңнен қол үзіп қалар болсаң, жап-жасыл күйіңде құрып, шөлге айналасың. Ақжарқын бол, ашық айт. Әр сөзді көңіліңе ала берме. Көп білемдікке салынба, әр көргеніңді айта берме.
Өзіңді жақсы көретін жерге көп барма, сый-құрметтен айырыласың. Үш кісіге жаның ашысын.
1. Надандар арасындағы ғалымдарға
2. Байлығынан қол үзген кедейге
3. Құрметке ие болып жүріп, абыройынан айырылған адамға
Жоғары орынға жайғасқандар төмендегілер сияқты отыра алмайтынын ұмытпа! Ақ екенің рас болса, күресуден қорықпа!»
«Мен тұла бойымда күшім бар, жалындаған жас кезімде бүкіл дүниені өзгерткім келді. Жасым келіп, бойдан қуат кете бастағанда бұлай істей алмайтыныма көзім жеткендей болды. Содан арман, ойларымды тоқтатып, өз мемлекетімді өзгертсем де жетіп жатыр деген шешімге келдім. Бірақ, бұл шаруаның да қисыны келмеді. Бойымды кәріліктің дерті билеп, оны мойындаған шағымда бар күш-жігерімді жинап, тек қана отбасымды,
жақындарымды өзгертуге тырысып көрдім. Ал, дәл қазір өлім аузында жатқанымда алдымен өзімді өзгертсем, менен үлгі алып отбасым да өзгеретінін түсіндім. Кім біледі, бәлкім, дүниені де өзгертуге болар ма еді...»
Мұны айтып отырған мен емес, әрине. Бұл сөз де 700 жыл бұрын айтылып қойыпты.
«Көл басында отырған адамның назары бір сәтке итке ауады. Қатты шөлдеген жануар суға жақындап келеді де артқа шегініп қаша жөнеледі. Оның бұл қылығын түсінбеген адам сәлден кейін барып қана істің мәнін ұғынғандай болады. Сөйтсе, ит көлдің жағасына жақындап келіп су ішпек болғанда, өз бейнесінен қорқып қашып кетеді екен. Бірақ, соңында шыдамы таусылған ит судың ортасына секіріп шөлін қандырады. Мұны ұзақтан бақылап отырған адам былай деп ой түйеді:
- Адамның алдына қойған арман-мақсаттырына көбінесе қорқақтығы тосқауыл болады. Оны аттап өте алса, мұратына жетеді!»
Әрине, итті бақылаған мен емес, менің замандастарым да емес. Бұл да көне кітаптардың бірінде жазылып қалған мысал сөз екен.
Көне кітап демекші, қазақ жерінде осыдан 10 ғасыр бұрын тұрғызылған ең көне жәдігерлердің бірі Айша бибі кесенесін ана бір жылдары барып көргенім бар. Салынғанына 1200 жылдай болған бұл кесененің маңдайшасындағы уақыт шайып өшірген жазуларды ғалымдар түрліше оқиды:
а) Аспан... Бұлт... Аруана дүние...
ә) Сүмбіле... Су суыды... Өмір – сұмдық...
б) Күз... Бұлт... Жер сұлу...
в) Күз еді, көкті бұл торлаған...
Ғалымдар не деп оқыса да бұрынғының бұл әдемі сөздерінде адам жанын тербететі, толғантатын және тітіркентетін «сұмдық бір сыр бар» сияқты.
Бүгінгі күннен 250 жылдай бұрын марқұм Сергейдің ұлы Александр: «Иә, өз Россиямды, өзімнің түсніксіз, сүйікті, жексұрын, қымбат Отанымды жақсы да көрем, жек те көрем» деп жазған. Бірақ бұл мақаласын төмендегі сөйлеммен аяқтапты:
«Мен өз Отанымды, жеме-жемге келгенде, жерден алып, жерге салуым мүмкін, бірақ оны бөгде адамдардың тілдеуіне ешқашан да жол бере алмаймын!»
Ал Абай атамыз Пушкиннің жасына келген кезде «Қалың елім қазағым, қайран жұртым...» деп күрсініпты...
Е, бұрынғының сөздері-ай деген!..

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер