– Мұндай жоба еліміздің ешбір өңірінде жоқ. Бұл – тек автокөлік қозғалысының ғана емес, сондай-ақ әрбір әлеуметтік нысанның, аула мен подъездің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін алғашқы жоба. Алдағы міндетіміз – бірден кешенді бағдарламаны әзірлеп, іске асыру. Осылайша, біз тұрғындар қауіпсіздігін толық қамти аламыз, – деді жиында облыс әкімі
Бұл жоба әлемге әйгілі «Смарт Сити», яғни «ақылды қала» тұжырымдамасына негізделген. Оның басты мақсаты – энергетика, экология, көлік жүйесі, қауіпсіздік, қатты тұрмыстық қалдықтарды қоймалау сияқты түрлі салалар мен бағыттарды бірыңғай цифрлы кеңістікке біріктіру, үйлестіру.
Айталық, облыс орталығында жоба бірден 12 бағытты біріктірмек, олардың қатарында ақылды емханалар мен көше жарықтандыру жүйесі, коммуналдық қызметтерге ақы төлеудің бірыңғай есеп айырысу орталығы, қоғамдық көліктерге арналған электронды билеттер, сандық қоғамдық қабылдаулар сынды бағыттар енген. Өскеменде сонымен қатар, үлгі ретінде «Киота үйін» салу да көзделуде, аталған ғимарат толық баламалы энергия көздерінен қуат алатын болады. Үйге жел, күн генераторлары, жылу сорғылары орнатылады.
Қалалардағы технологиялық іс-шараларды атқаруға стартап-жобалары бар жас кәсіпкерлерді тарту көзделуде. Олар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жүйесі арқылы іске асатын болады. Мәселен, «Қауіпсіз қала» аталатын жоба бүкіл Өскемен бойынша 4000 бақылау камерасын орнатуды қарастырады. Олар сәуір айынан бастап ең алдымен криминогенді аулаларға, қоғамдық орындарға және көлік апаты жиі болатын көшелерге қойылмақ.
Алдағы екі жылдың ішінде қос қаланың көшелеріне 25 мыңнан астам «ақылды» шамдар орнатылады. Тағы 4 мың шамды мердігер компания өз қаржысы есебінен қойып бермек. Құрылғыларға 15 жылдық кепілдік беріледі. Сонымен қатар, Беларусь елінен келген кәсіпкерлер өздері әзірлеп шыққан қоғамдық көлікке ақы төлеу жүйесін енгізуді ұсынып отыр.
– Бұл — «Цифрлы Шығыс» жобасына қатысты өткізіліп отырған кезекті бесінші кеңес. Қазір біз жоспарларды пысықтап, анықтап алдық, бұл үлкен жұмыстың басы ғана. Енді нақты іске кірісу керек. Жұмыстар мерзімінде және, ең бастысы, сапалы орындаулы тиіс. Қатаң талап пен бақылауды қамтамасыз етіңіздер, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі атап өткендей, барлық шағын жобалар өзара үйлестіріліп, біріктірілуі тиіс. Ал атқарылатын іс-шаралардың бәрі де өңір азаматтарының тұрмысын барынша жайлы әрі оңтайлы етуге бағытталуы тиіс.
Автор: Ержан Әбіш (Шығыс Қазақстан)
altaynews.kz