Сынды қалай қабылдайсыз?
30.01.2018, 09:33

Сынды қалай қабылдайсыз?

Кей кезде айналаңыздың қошеметтеуімен, мақұлдауынан бөлек жағымсыз сыни пікір естіп қалатынымыз бар. Сын адамның жүріс - тұрысына немесе іс - әрекетіне тіпті жеке болмысына қатысты да айтылуы мүмкін. Егер қоршаған ортаң өзің туралы жағымды пікір білдірсе әжептеуір көңілің көтеріліп қалады, ал егер теріс пікір естіген жағдайда көбіне өкпе-реніш туғызады...

Сонымен қоршаған ортаның жағымсыз пікірін қалай қабылдаған жөн. Әрине, оны құлаққа ілмей кетуге болады, алайда ашуға мініп тіпті жұдырық ала жүгіретін кездер де кездесіп қалады. Біз мұның дұрыс емес екенін түсіне тұра ештеңе істемейміз.

Құлақ асу, тыңдау.
Сіздің атыңызға айтылған теріс пікірді естіген жағдайда алдымен сабырлық танытыңыз. Ол адамның сізді ренжітейін деген жаман ойы болмаған шығар. Сабыр етіп соңына дейін тыңдаңыз, ондай пікір қайдан туындағанын сұрап біліңіз.
Ол сіздің жүріс - тұрысыңыздан қандай да бір қателіктер көріп тұрған болар, сол туралы ескертіп өзінің жеке көзқарасын білдірейін деген болар. Бұндай жағдайда, оның пікірі жағымсыз болса да, сіз өз ұстанымыңызды қайта қарап, оң қорытынды шығаруға көмектесе алатынын айтқым келеді. Әрине, «менікі дұрыс»,- деп қатып тұрып алудың қажеті шамалы.

Сөздің астарына үңіле біліңіз.
Өзгенің жағымсыз сөзін ести сала, өкпелеп теріс бұрылып кетпеңіз, ашуға мінбеңіз. Сіз туралы жағымсыз ойлауына не себеп болғанын түсіну үшін сөздің астарына үңіліңіз. Мүмкін, ол адам сізді бәсекелес санайтын болар немесе қорқатын шығар әйтпесе қызғанышпен қарайтын болар. Мұндай кезде жай ғана күлімсіреп, «жылы сөзіңізге рахмет» деңіз. Сөзіме сеніңіз, мұндай сенімділіктен соң кез келген сыншыны орнына қоясыз.

Барлығының көңілінен шығу мүмкін емес.
Қанша адам болса, сонша пікір бар. Әр адамның қалауы әртүрлі, барлық адамға ұнауға міндетті емессіз осыны түсініңіз. Сіздің іс - әрекетіңізді ұнатпай қалатын бір адам әйтеуір табылады. Ол адам өзінің сыни көзқарасын білдірмей қалмасы анық. Ондай кезде жөнсіз айтылған пікірге көңіл бөлмей, елемей кетуге тырысыңыз.

Сынға дайын болыңыз
Барлық адамның көңілін таба алу мүмкін емес, сынға шыдай біліңіз. Қандай іспен айналыссаңыз да сын тағатындар табылады. Сіз басқаларға ұнау үшін емес, өзіңіз үшін өмір сүресіз және қызмет етесіз, осыны естен шығармаған жөн. Сынды орынымен қабылдай біліңіз, теріс айтылған пікірге теріс жауап қайтару дұрыс емес.
Айналадағылардың жағымды пікірге қарағанда жағымсыз сынды қабылдауы анағұрлым қиын. Алайда оған бола дау - дамай туғызбай байсалдылық танытқан жөн. Бақыттың кілті – тыныш өмір!

©bilimdiler.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер