Жыл термешілері анықталды
26.11.2016, 21:11

Жыл термешілері анықталды

Нақыл сөздер нақыштала айтылып, мәні терең тақырыптар теріліп бір арнаға үйлессе халқымыздың өнері сондай ғажап екеніне көзіміз жете түседі. Терме – әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Терме – халыққа, қоғамға керек. Сондықтан дәстүрлі өнердің бір бөлшегі саналатын термешілік кеңінен насихатталса жастардың ынтасын оятарына сенім мол.

Жуырда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 — 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Текті сөздің төресі- терме» республикалық жыршы-термешілер байқауын ұйымдастырды. Байқау бүкіл республиканы қамтыды. 14 облыстан және Астана, Алматы қалаларынан облыстық, қалалық деңгейде өткізілген байқаулардың жеңімпаздары, яғни барлығы 16 үміткер қатысты, - деп хабарлайды alashgazeti.kz.

 

Республикалық кезеңнің аясында байқауға қатысушылар өз білімдері мен шеберліктерін «Ел бірлігі туралы»; «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы туралы»; «Тілдің Қазақстан халқын топтастырудағы маңызды рөлі туралы»; «Мәңгілік ел идеясы туралы» тақырыптар бойынша сынға салды. Жыршы-термешілердің жұмысы мен жеңімпаздарын халық өнері шеберлерінен, қоғам қайраткерлерінен, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құрылған қазылар алқасы бағалап, анықтады.

Нәтижесінде Бас жүлдені Алматы қаласынан келген Уатқан Шаттық қанжығасына байлап, 300 000 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды. 1-орынды иеленген Есназар Эльвира (Солтүстік Қазақстан облысы) 250 000 теңгені, 2-орынды иеленген Оразов Фархат (Батыс Қазақстан облысы) 150 000 теңгені, 3-орынды иеленген Баймырза Зульфия (Астана қаласы) мен Төлебай Жарасқан (Қызылорда облысы) 100 000 мың теңгені өз қоржындарына басты. Сондай-ақ тиісті дипломдар табысталды. Байқауға белсене қатысқан үміткерлерге алғысхаттар мен ақшалай сыйақы берілді.

 

 

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер