Алаштың асыл қызын ардақтады
15.10.2016, 15:12

Алаштың асыл қызын ардақтады

Биыл еліміздің ең ардақты қыздарының бірі, ана тілінің абыройын асқақтатып жүрген Алаштың Асылы атанған Асылы Осман апамыз жетпістің бесеуіне келіп отыр, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.

Жақында ана тіліндегі ұлт мектептерінің көптеп ашылуына ерен еңбегі сіңген халқымыздың қайраткер ұлдарының бірі Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназия ұжымы мен оқушылары өзі де, сөзі де асыл Асылы Османқызын қонаққа шақырған еді. Сыр мен сұхбатқа құралып, өлең-жырмен өрілген кешті гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мақтаулы ұстаздар Ғайни Әбнасырова мен Әлия Сәлімжанова ұйымдастырды. «Әлемнің үздік әйелі» атанған қоғам қайраткері Асылы Османның жүрекжарды әңгімесін естіп, дидарласу үшін Алмалы ауданындағы барлық мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынба­сарлары, Алмалы аудандық білім бөлімінің бас маманы Әсем Нұрбаева келіп қатысып отырды.

Тағдырдың жазуымен сонау үш жасында қазақ топырағына табан тіреген Асылы нағыз қазақтың нанын адал жегендердің санатынан. Мек­тептен соң Асылы қазақ қыздарының парасат мектебі Қыздар институтын үздік бітіріп, алғашқы еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастаған екен. Балалардың санасына сәуле құя жүріп, ғылыммен шұғыл­дануға да уақыт табады. «Елің үшін аянба» деген батыр Баукең­нің өсиетін өз өміріне арқау еткен Асылының бар ғұмыры қазақтың тілін ардақтап, дәстүрі мен болашағы үшін күреске толы болады. Осынау саналы ғұмырын­да ұлтаралық татулық пен қоғам­дық келісімге, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруда да азамат ретінде, ғалым ретінде, қайраткер ретінде әлі де жемісті де жеңісті еңбек етіп келеді. Сырласу кешінде Ғайни Жалғас­байқызы Асылы апамыздың өнегелі өмір жолымен таныс­тырып өтті.

Асылы Осман 1993 жылы ҚР Министрлер кабинеті жанындағы Тіл комитетінің Ұлт тілдерін дамыту басқармасының баcшысы, 1996 жылы ҚР Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комите­тінің Мемлекеттік тілді дамыту, терминологилық тілді дамыту, терми­нология және ономастика жұмысы жөніндегі бас басқар­масының бас­шысы сияқты жауап­ты қызметтерді атқарған болса, Алматы облыстық Әзірбайжан этно-мәдени орталы­ғының, «Мем­лекеттік тілге құрмет» бір­лестігінің төрайымы, «Мем­лекеттік тіл» қоғамдық қоз­ғалысы төрағасы­ның орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблея­сының мүшесі, Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен құрыл­ған «Мемлекеттік тілді дамыту Прези­денттік қоры» қамқоршылар кеңесінің мүшесі болды. Осынау еңбегі «Дос­тық», «Парасат» орден­дерімен мара­патталған. Осындай орасан жұмыстар­ды аса жауап­кершілік­пен атқарып келе жатқан Асылы Осман түрлі кездесу кештеріне де уақыт тауып, жас ұрпақты тілін сүйіп, ділін құрмет­теп, Отанға адал қызмет етуге үйрету­ден бір сәт те шаршаған емес. Сон­дықтан, күнде кездесе бермейтін Асы­лы апаның айтқан әңгімесін оқушы­лар да бар зейінмен тыңдап отырды.

– Сонау тағдырдың сынға салған сәтінде құшағына басып, бір үзім нанын бөліп берген қазақ халқының адамгершілігін, дар­хандығын ұмытуға бола ма? Менің жан дүнием қазақ болып кеткен, қазақ болып қала да береді. Қазақтың тілі, ділі мен әдет-ғұрпы үшін қашанда қызмет етуге дайынмын. Әрбір қазақ өз тілін білуі керек. Дүниедегі ең шұрайлы, ең көркем, ең бай тіл – қазақтың тілі. Мен ғалым ретінде тілді зерттегенде осындай інжу-маржанға толы тілді кездестір­медім. Сондықтан, ана тілін ардақтай біліңдер. Жақында ғана Ала­тау ауданындағы «Алғабас» ық­шам­ауданында болдым. Сон­дағы №182 жалпы білім беретін мектепке кез­де­суге шақырған еді. Мектеп ди­рек­торы жас та болса бас бола білетін Әсет Нұр­ғазы деген жігітке өте риза бол­дым. Нағыз ұлтына қызмет ете білетін азамат екен. Осындай жастар­дың ортамызда өсіп келе жатқаны ұлт үшін де зор мақтаныш, – деді Асылы Осман.

Гимназия оқушылары да «Асылы апаны көргенде осы сауалды бір қояр­мын» деп жүрген көкейлеріндегі сауал­дарын қойып үлгерді. Гимна­зияның өнерлі оқушыларынан құрал­ған «Мұ­рагер» оркестрі «Балбырауын» күйін күмбірлетсе, «Нарқыз» би тобы мың бұрала биледі. Ал Айдана Алай­дарова Шона атасы­ның атақты «Анам­­­­ның тілі» әнін, Әсем Тілеу­бер­дина «Менің қаза­ғым» әнін орындап, кездесу ке­шінің қонағына құрмет көрсетті.

Жас ақын Арна Ағыбай Асылы апа­сына арнауын оқып, риза етсе, гимназияның ұлағатты ұстазы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Жанай Еле­месқызы барша ұжым атынан кеш қонағына ризашы­лығын білдірді. Алаштың Асылы кездесу кешіне келген барша қонақтарға, ұжымға, оқушылар қауымына басын иіп, алғысын білдірді. Әсерлі кештен ерекше қанаттанған Асылы апамыз «қазағым барда мен бармын» деді рахаттана.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер