Бұрынғы қазақ қыздары мен келіншектері бет - аузын боямайтын. Өзін ретті ұстаудағы табылса жұпар сабынмен жуыну, шашты түспесін, ажарлы болсын деп қатықпен, не ірімшіктің сары суымен жуу, бетке әжім түспесін деп кілегей жағу сияқтылар ғана болатын. Бұған құсқа үшін бола бастаған соң басты жұмыртқамен жұмсарту – үлбірету қосылды.
Адамгершіліктің табалдырығын аттамауға қатты бағынатын көшпелілер біреудің нәпсісі ауса намахрам, Ислам дінінің заңы бойынша күнәлі боламыз деп еркектер көп қызығатын ақ тамағын, ашық етін бояғанды қойып, омырауын, балтырын көрсетпеуге тырысатын, жасыратын.
Бүйтудің жақсы жақтары – біріншіден, әдептілікке бейім. Екіншіден, денсаулыққа пайдалы. Үшіншіден, өзін - өзі базарға салмайды. Әдептілікке бейім дейтініміз – жас қыздардың «мен көр, маған қызық» деген кісіше ернін шиедей ғып, көзінің айналасын таяқтың табы қалғандай көп ала ғып боянғанына. Боянғанда қалыптан асыра баттағанына бармаған. Оның үстіне қасындағыны шөлп еткізсе еріндегі қою бояуы қарға тамған қандай.
Қазіргі химиялық бояулар езудегі сілекей арқылы асқазанға барып ауру әкелуі мүмкін. Сондықтан да біз бояуды ада - күде білмеген бұрынғы қазақ әйелдерін мұндай аурудан аулақ болған дей аламыз. Қазақ әйелдерінің бұнысын қазіргі ғылым да қуаттайды.
Ертеде қазақ қыздары өте ұяң, биязы, сөзге сараң, тайраңдауға жоқ болды. Көбі махаббатының өртін сүйреңдеп тілімен айтқаннан гөрі, ұялып өңімен білдіргенді ұнататын. Олардың ұялғанын, екі бетінің лап қызарғанын, денесінің дірілдегенін, тілінің күрмелгенін көру – бұл ғаламның ғанибеті еді - ау! Ақбоз үйдің артынан алакеуімде аттандырып тұрып «Қош қалақатайды» естігенде қиылып, қимай жаутаңдағаның өзі қаншалықты! Өн бойы осындай тылсымнан жаралған жандар сұлулықты қолдан жасап, дарақылыққа бара ма? Бұл арада қыз - келіншекті таранба, боянба деуден аулақпыз. Бірақ шектен тым шығып кетпе. Қызылды ерінге тым баттастырма, «не нәрсе қалпынан асса - ұнамсыз» деген лебіз ғана. Оның үстіне мына сұлулығы құрғырдың өзін табиғат қыз атаулысының бәріне, бар мүшесіне бере бермейді.
Бұрынғы мен бүгінгі сөз ете келе айтпағымыз – қыз бен келіншектердің өзін әсем ұстағаны әрине, керек. Бірақ, мөлшері мен уағын білсе деген сөз ғой.
Бұрынғы қазақ қыздары боянған ба? Боянған, бірақ...
Бұл сауалға bilimdiler.kz сайтында Әсел Қайратқызының «Қыз өссе – елдің көркі» жинағы арқылы жауап берілді, деп хабарлайды silteme.kz AA.