«Самғау» Сауда үйінде «Жеңіл өнеркәсіп» секторы ашылды
26.10.2016, 15:00

«Самғау» Сауда үйінде «Жеңіл өнеркәсіп» секторы ашылды

  1. Ағымдағы жылдың 26 қазанында «Самғау» СҮ алаңында көрме-жәрмеңке ретінде жұмыс жасап отырған «Қазақстанда жасалған - Халық Маркасы» сауда-көрме павильонының тағы бір секторы – «Жеңіл өнеркәсіп» секторының ресми ашылу салтанаты болып өтті. Онда 50-ден астам қазақстандық жеңіл өнеркәсіп өндірушілері таныстырылды, деп хабарлайды Silteme.kz. 

    Іс-шараны «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ҚР Жеңiл өнеркәсiп кәсiпорындарының қауымдастығы және ҚР Сауда кәсіпорындары қауымдастығы ұйымдастырды. Салтанатты шараның ашылу рәсіміне мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және өзге де қауымдастықтар мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

    Жоба бастамашыларының айтуынша, жобаны іске асыру – отандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары өндірісінің көлемін ұлғайтуға және қосымша жұмыс орындар құруға ықпал етіп, жеңіл өнеркәсіптің дамуына қолайлы жағдай туғызады.

    Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, осындай формада тұрақты түрде жұмыс істейтін көрме-павильондары компаниялар мен брендтердің танымалдығын 45 %-ға арттырады. Өз кезегінде, бұл үрдіс сатылым көлемін 57%-ға, ал экспорттық әлеуетін 28%-ға ұлғайтады.

    Айта кетейік, ағымдағы жылғы 6 шілдеде өңірлік өндірушілерді және кәсіпкерлерді қолдау мақсатында елордамыздағы «Самғау» ТҮ алаңында 5000 шаршы метр аумақты қамтыған «Қазақстанда жасалған –Халық Маркасы» сауда-көрме павильоны ашылды. Ол «Қазақстанда жасалған» акциясының шеңберінде құрылған еді.

    Жоба қатысушыларына өз брендін ілгерілетуге бірқатар артықшылықтар ұсынылды. Мәселен, отандық өндірушілерге 2017 жылғы 30 қыркүйекке дейін 6 шаршы метрден бастап 100 шаршы метрге дейінгі павильондардан тегін орын берілді. Сонымен қатар, сертификат пен «Халық маркасы» белгісі табысталды. Ол белгіні өндіруші жарнамалық мақсатта, қаптамаларда, этикеткаларда, стенділерінде екі жыл бойы пайдалана алады. Аталмыш белгі халық мойындаған өнімнің нышаны ретінде беріледі.

    Тағы бір айта кетерлік жайт, өндірушілер журналистер арасындағы «Самғау» ұлттық конкурсы шеңберінде арнайы оқытылған сатушы-консультанттардың тегін қызметтерін алуға, сондай-ақ, тегін жарнаманы және маркетинг мүмкіндіктерін пайдалануға мүмкіндіктері бар. Онымен 37-ден астам республикалық БАҚ айналысатын болады. Олар жыл бойы бұл жобаны жария етіп, павильон қатысушыларының өнімін және стенділерін таныстыратын болады.

    Сондай-ақ, ұйымдастырушылар мен жоба қатысушыларының мәлімдеуінше, келесі жылы «Экспо-2017» көрмесі кезінде мұның кең көлемді презентациясы болады.

    «Қазақстанда жасалған – Халық Маркасы» павильоны Астананың туристік картасына кіреді. Бұл сауда орталығына барушылардың санын көбейтеді.

    Қатысушыға қойылатын шарттар:

    1.​ Қатысушы өнімнің ассортиментін ұсыну үшін алған сауда орнын

    өз дизайны бойынша рәсімдейді және жабдықтайды.

    2.​ Қатысушы стендіні күтіп-ұстауға (күзету, сатушылар, жинау

    және т.б.) жылына 300 мың теңге төлейді.

    Жоба жетекшісінің мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстаннан 100-ден аса компания аталған жобаға қатысуда. «Самғау» СҮ алаңына барлығы 500-ден астам компанияның брендін ілгерілету жоспарланып отыр.

     

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер