Оны кедейдің асы дейміз бе, әлде бос уақыты жоқ іскерлердің тағамы дейміз бе?!
18.12.2016, 15:04

Оны кедейдің асы дейміз бе, әлде бос уақыты жоқ іскерлердің тағамы дейміз бе?!

Ел ішінде «бич-пакет» деп аталып кеткен тез дайындалатын кеспелер мен ботқалар отандық дүкен сөрелерінде шамамен 20 жыл бұрын пайда болды. Диетологтар мен тағамтанушы мамандар оның құрамына мұқият үңіліп, зияны мен зардабы туралы талай ескерткенімен, бұл тағамды тұтынушылар көбеймесе, азайған жоқ. Өйткені, дайындалуы тез, ыңғайлы, дәмді. Бағасы да қолжетімді – 50-250 теңге аралығында. Әлемде оның дәмін татып көрмеген адам кемде-кем.

 

Кеспенің өзі ұн мен жұмыртқа ұнтағынан иленген, зиянсыз деп саналса-дағы, онымен бірге берілетін түрлі дәмдеуіштер ішінде, әсіресе, түрлі зарарлы консерванттардың, пальма майы мен тұздың мөлшерден көп болуы диетологтардың бекер байбалам салмайтындығын білдірсе керек. «Бич-пакеттің» құрамындағы ең зиянды заттардың бірі – натрий глутаматы. Дәм күшейтетін қоспа. «Ол он екі елі ішекті жара қылып, гастритке, тіпті онкологиялық ауруларға ұшыратады» дейді ғалымдар. Натрий глутаматы қосылған тағамды жеген адам оған үйренісіп, қайтадан жегісі келіп тұрады. Сөйтіп, кәдімгі тамақ оған дәмсіз сияқты көріне бастайды. Кей мамандар бұны адамның темекіге әуестенуі сияқты аса қауіпті әдет дейді. Ал, пальма майы қандағы холестеринді көбейтіп, жиі тұтынған жағдайда семіздікке шалдықтырады. Оның үстіне, кеспе пластик ыдысқа салынатындықтан, пластик ыстық су құйған кезде түрлі зиянды заттарды бөліп шығарады. Құрамында еті бар деп жазылғанымен, негізінен ет орнына сояны кептіріп қосатыны тағы бар.

Қызық болғанда, былтыр америкалық дәрігерлер кеспенің құрамынан өнеркәсіпте жиі қолданылатын химиялық заттарды тапты. Yahoo health-тің мәлімдеуінше, лапшаның текстурасын, көлемін сақтап тұру үшін қосылатын пропиленгликоль деген зат әдетте темекі өндірісінде және антифриз жасайтын зауыттарда қолданылады екен. Сондай-ақ, кеспенің дәмдеуішіне қосылған антиоксидант трет-бутилгидрохинон мысалы парфюмерияда, тырнаққа жағатын лак пен шайырға пайдаланылады. Оның ыдысынан да бірқатар химиялық зарарлы қоспалар табылған.

2014 жылы осы зерттеуді жүргізген дәрігерлер кеспені жиі жейтін адам кардиометаболикалық тәуекелге бас тігіп, тіпті инсультқа ұшырайтынын айтқан болатын. Енді, міне, оның құрамынан басқа да қауіпті заттар тауып отыр. Дәрігерлер «Бич-пакет» жүрек пен асқазан ауруларын туғызады деген қорытындыға келіп отыр.

Қазақстанда мұндай кеспені бірінші болып қостанайлық кәсіпкер Азамат Нұрғазин өндірген болатын. Сосын кәсіпкер бұл өнімді «Доширак» брендімен шығара бастады. Ал биыл жазда оңтүстікқазақстандық «Lotus Food Company» компаниясы тіпті «халал» кеспе өндірісін ашты.

«Біздің ерекшелігіміз – сол «халал» екенімізде. «Қазан кеспе» – «халалдың» барлық стандарттарына сай, сертификатталған өнім. Қазақстандық жоғары сортты ұннан иленген, ешбір химиялық қоспалар қосылмаған. Қазақстанда кеспе өндірушілер көп емес, халық негізінен ресейлік және қытайлық өнімдерді тұтынып жүр. Біздің мақсат – алғашқы жылы осы нарықтың 20 пайызын жаулап алу» дейді «Lotus Food Company» ЖШС директоры А.Ибадуллаев.

Ресми мәліметке қарағанда, «халал» кеспенің бағасы – 220 теңге. Яғни, басқа кеспелерден аса қымбат емес. Біз «Қазан кеспенің» құрамымен танысу үшін Шымкенттегі дүкендердің біразын аралап, оны таба алмадық. Соған қарағанда зауыт мүмкіндігі нарықты жаулап алуға әлі жете қоймаған сияқты. Ең қызығы сол, денсаулыққа зиян деп бүкіл әлем дәрігерлері дабыл қағып отырған тағамның қалайша «халал» болып кеткенін түсіне алар емеспіз.

Денсаулығын ойлаған адам одан аулақ жүреді, алайда саулығымыздан бұрын күнкөрісті, үнемдеуді ойлайтын біздер керісінше, осындай арзан, пайдасыз тағамды қолай көреміз. Жасыратын несі бар. Бізге «бич-пакет» туралы әңгімелеген адамдардың біразы оны жегісі келмесе де, кейде жеуге тура келетінін мойындады. Мысалы, 32 жастағы құрылысшы Қанат Назарбеков «тез дайындалатын лапша – құрылысшылардың тұрақты ауқаты» дейді.

«Бойдақпын. Ата-анам ауылда тұрады. Ал менің жұмысым – қалада. Көбінде ашық алаңқайларда, тамақ жасауға мүмкіндік жоқ жерлерде үй саламыз, ғимарат жөндейміз. Сол кезде ылғи лапша жей саламыз. Оны жей бастағаныма 4-5 жыл болды. Дәмін жатқа біліп, қайсысы құнарлы, қайсысы ащы, қайсысы тез тойдырады, қайсысында «приправа» тым көп – бәрін біліп алғанбыз. Иә, асқазаным кейде ауырады. Гастритым бар. Бірақ ол лапшадан пайда болды ма, әлде басқа себебі бар ма, ол жағын білмеймін» дейді Қанат.

P.S. Оны кедейдің асы дейсіз бе, әлде бос уақыты жоқ іскерлердің тағамы дейсіз бе, дегенмен ол біздің дүкендердің тұрақты тауары, жақсы өтетін өнім. Өйткені, ел ішінде сұраныс мол. Бәлкім, дамудың жаңа сатысына көтеріліп, халқымыз оң мен солын бағамдап, денсаулығын басты орынға қоятын жарқын кезең келгенде бұл лапша дегеніңіз де өтімсіз, қажетсіз дүниеге айналар. Алайда, әзірге ол өзінің «ең танымал тамақ» деген мәртебесін сақтап тұр.

 

Дерек көзі: Baq.kz

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер