түрме

Показать содержимое по тегу: түрме

Қытайда боксшы Қанат Исламның Алматыда өткен жекпе-жегін көрген қазақтар түрмеге кетті. Бұл туралы бүгін Астанада Қытайдағы қазақтардың заңсыз қудалануына қатысты өткен баспасөз мәслихатында қоғам белсендісі Қыдырәлі Оразұлы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан-ға сілтемемен silteme.kz хабарлайды. 

«Білесіздер, бізде Қанат Ислам деген боксшы ағамыз бар. Қазақстанның шашбауын көтеріп, әлемге танытып жүр. Сол бауырымыз Қытайдан келген. Боксшының Алматыда болған жекпе-жегін интернеттен, теледидардан қолдаушылардың бәрі түрмеге кетті. Бұл туралы сайттарда да, журналдарда да жазылды. Одан кейін Бекболат ағамыз бар, сол кісімен суретке түсіп, шығармаларын, әндерін жолдаған азаматтарды соттап жатыр. Жалпы, Қазақстандағы танымал адамдарды көрген, олармен суретке түскен, оларды жарнамалағандарды түрмеге қамауда», — деген Оразұлы Димашқа қатысты ақпарат келіп түспегенін айтты. 

 

Опубликовано в Құқық-заң
Құр мақтан үшiн ақша шашуға әуес Қазақстан билiгi түбi осыған баратын сияқты. Сотталғандардың санын қыс­­қартып, 6 абақтыны жапса да, үкiмет жазасын өтеу­шiлерге жұмсалатын қаржыны ауырсына бастағандай. Күнi кеше Сенат депутаты Дариға Назарбаева Халық­аралық қатынастар, қорғаныс және қауiп­сiз­дiк комите­тiнiң кеңейтiл­ген отырысында тосындау бiр ұсыныс айтты. “Егер ауқатты адам қылмыс жасап, жазасын өтеу үшiн тұт­қындалса, онда ол түрме шығынын өзi көтерсiн. Олардың түрмеде отыруы қымбатқа тү­се­дi. Сiздерден осы ұсынысты қарастыруды сұраймын” дедi Д.Назарбаева.
 
Естерiңiзде болса, қараша айында ғана Астанада өткен Судьялар съезiнде Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми сотталғандар санының азайғанын аузын толтырып тұрып айт­қан. Оның сөзiне сенсек, 25 жыл iшiнде түрмеге түскендер саны 3 есеге кемiген. Осының арқасында Қазақстан 100 мың адамға шаққандағы сотталғандар саны бойынша 140 елдiң iшiнде 62 орынға төмендептi. Тоқсаныншы жылдары ғана қит еткендi түрмеге тоғыта бере­тiн елдер тiзiмiнде үшiншi орын­­да тұрғанымызды ескерсек, бұл әжептәуiр жетiстiк. Со­ның әсерi болса керек, биыл Қазақстанда 6 колония жабылды.
Сонда қылмыс азайған ба? Прокуратураның сайтына үңiл­сек, “Түрмедегiлердiң санын азайтудың 10 шарасы” атты жоба қабылданыпты. Сол шараның бiрi – сот талқылауына дейiн бiтiмге келу. 2012-2015 жылдар аралығында күдiктiлер мен жәбiрленушiлердiң бiтiмге келуi 5 есе артыпты. Бас бостандығынан шектеу жазасы да бiр жыл iшiнде 5 есе көбейген. Түрме жазасын айыппұлмен алмастыру да оң нәтиже берген көрiнедi. Бұрын ол 3,5 пайыз болса, 2015 жылы 21,2 пайызға артқан. Осының арқасында 2015 жылы ғана айыппұл салын­ған 6 мың адам мемлекетке 3,1 млрд қаржы құйған.
Ең қызық дерек мынау: 2015 жылдың желтоқсанындағы есеп бойынша түрмедегiлер саны 40159 екен. Жоғарыдағы есеп-қисапқа қарасақ, бiр жыл iшiнде сотталғандар саны бұ­дан да төмендеп кетуi тиiс. Бiрақ бiз 40 мың деп есептей берейiк. Қазақстан тәуелсiз­дiгiнiң 25 жылдығына орай осылардың қаншасы рақымшылыққа iлiгуi мүмкiн? 30 мыңы! Бұл жөнiнде жуырда Мәжiлiс­тiң Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетiнiң төрағасы Нұрлан Әбдiров мәлiмдедi. Ол: “Қазiр ешкiм адам санын нақты айта алмайды. Бұл заң жобасын дайындаған мемлекеттiк орган – Бас прокуратура. Олардан келiп түскен мәлiмет бо­йынша жобасы 30 мыңдай сотталушы рақымшылыққа iлiгуi мүмкiн” дедi.
Сонда әрбiр төрт адамның үшеуi рақымшылыққа iлiге ме? Бұл не деген батпанқұйрық? Санаулы жылдан кейiн Қазақстанда түрме атаулы мүлде болмайтын шығар онда? 30 мың сотталушының алды боп қазақ жерiнiң бүтiндiгi үшiн алаңға шыққан Мақс Боқаев пен Талғат Аян, саяси тапсырыстың құрбаны болған әкелi-балалы Матаевтар т.б бостандық алады деп күтемiз бе? Әлде жеген-жұтқаны көмейiне кептелiп, түрмеге түскен шендiлер босап, халық күтiп отырған саяси тұтқындар рақымшылыққа iлiнбеген төрттiң бiрi болып абақтыда қала бере ме? Мұны ендi уақыт көрсетер.
Бiз Дариғаның ұсынысына оралайық. Түрменiң жамбас ақысын сотталушының өзiне арту не үшiн керек? Бұл – қанша қаржы құйсаң да жемсауы толмайтын жалмауыз ЭКСПО-ға тыңнан “тамақ” тауып берудiң қарекетiне ұқсап-ақ тұр. Мейлi ғой, бiрақ Д.Назарбаеваның “ауқаттылар” дегенi кiмдер? Мемлекет пен халықтың дәулетiн жұтып, iстi болғандар ма? Мил­лиондап пара алып, миллиардтап құсып жатқандар үшiн түрменiң төсегiне ақы төлеу әрине, түк емес. Оларға салсаңыз, ақысын артығымен төлеп, түрмеге кесiлген уақытын санаторийде де өткiзе алады. Тiптi жуандар мен шонжарлар үшiн Бурабай секiлдi қазақтың ең шұрайлы жерiнен VIP-абақты тұрғызсаң да, артық емес. Әлде Д.Назарбаева осыны тұспалдап тұр ма? Олай дегiсi келсе, халық тарапынан қарсылық жоқ. Кiм бармай жатқан түрме, құдай-ау?! Дүние кезек деген, бүгiн төбесi көк тiреп жүргендердiң ертең жолы түсе қалса, жайлылау жерге жамбас басқаны да жөн шығар.
Бiздi қорқытатыны – басқа нәр­се. Сенатордың тосындау ұсынысын жалбақайлар жамырай қолдай жөнелсе, ертең сотталғандардың ауқаттысы мен ауқатты емесiн айы­ру қиындап кетуi мүмкiн. Екi қолға бiр күрек таппай сандалып жүрген жұмыссыздарды да сараңданбай салық төлеуге шақырған Д.Назарбаева соның ара-жiгiн ашып бере алатын адамға ұқсай ма?
Қ.Баян
Дерек көзі: zhasalash.kz
Опубликовано в Ұсыныс
Страница 2 из 2

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер