Показать содержимое по тегу: перзент
Егер тірі болса еліне еңбегі сіңген елеулі тұлға Өзбекәлі Жәнібеков бұл күндері 85 жасқа толар еді.
Үкімет үкілеп атап өтерліктей дөңгелек дата емес екенін білеміз. Әйтсе де асылын ардақтай білер әлеумет әулиедей әспеттеген аяулы ағамыздың көзі тірісіндегі көшелі істерін жадымызда қайта бір жаңғыртуды жөн көрген жайымыз бар.
Өресі биік Өзағаң кешегі қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде ұлтқа қызмет етудің үлкен үлгісін көрсетті. Шекпенді шенеуніктер шеруінің алдыңғы шебінде жүрсе де арттағы топтан адаспады. Тоталитарлық жүйенің толып жатқан тосқауылдарына қарамай халқының бары мен жоғын хаттады. Тар заманның тасасында көмескі тартқан ескі құндылықтарымыздың елесін іздеді. Сан ғасырлық салт-санамыздың ұмыт қалған ұстындарын жұртының есіне салып, жеті ықылымнан жеткен алтын арқаудың үзілмеуіне аянбай атсалысты. Бабадан мирас бай мәдениетіміздің мәртебесін көтерді. Төл тарихымыздың төрт құбыласын түгендеуді асқақ мұратына айналдырды. Өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілуіне өлшеусіз үлес қосты. Соның арқасында сойы бөлек саңлақтар сапынан ойып отырып орын алды. Қазақ руханиятының қабырғалы өкілі ретінде соңында мол мұра қалдырды.
* * *
Көне өркениеттің көмбесіндей киелі Отырар топырағында туып-өскен қайраткер қаршадайынан тағдырмен тайталасқа түсіпті. Әке-шешеден ерте айырылып, талай тауқымет тартқан. Ағасы Спандияр фашистермен сойқан соғыста хабарсыз кетті. Үш-төрт жас үлкен әпкесі Мәдина да жалғанның жарығымен тым жастай қоштасты. Ертерек күйеуге тиген апайы Күлараш қана беріректе қайтыс болыпты.
Жылай жүріп жетілген жетімекті жамағайын Құрман атасы басынан сипап, бауырына басыпты. Бар болмысымен дала данагөйлерінің кейпін байқататын осынау ойлы қариядан алғыр бала көп тәрбие алыпты. Ауылдық мектепті аяқтап, Алматыға арман сапарына аттанарында жол пұлына жаратуға қалтасына салып берер қаржы таппай қысылғаннан «атаңнан саған батасынан басқа берері болмады» деп егіле еңірегенде жарықтықтың ақ сақалынан алты тарам жас ағыпты.
* * *
Асқар Алатау аясындағы әсем Алматы төріндегі іргелі оқу орны – Абай атындағы Қазақ педагогика институтының тарих факультетін ойдағыдай тәмамдаған талапты жігіт 1952 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданындағы «Ленин жолы» мектебіне мұғалім болып орналасады. Сол жерде Халихан есімді әріптес қызбен танысып, отау құрады. Алғашқы аяқ алысынан-ақ айналасындағылардың ыстық ықыласына бөленіп үлгерген жас маман жоғары жақтағылардың да көзіне бірден түссе керек. Содан оның бедел жинап, жаңа белестерге беттеген өсу, өрлеу жолдары басталып кете барады. Алдымен ауданның, одан соң облыстың басқару органдарында абыройлы қызмет атқарды. Әсіресе, Шымкент облыстық комсомол комитетінің бірінші секретары болған кезінде биліктегі бюрократиямен күресте табандылық танытып, бүкіл Шығыс жастарының көшбасшысы дәрежесіне көтерілген Ғани Мұратбаевтың ескерткішін орнатуға, сондай-ақ қазақтың жақсы атын дүние жүзіне жайған атақты балуанымыз Қажымұқанның кесенесін тұрғызуға қайрат қылғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.
* * *
Шымкентте шыңдалған Өзбекәлі Жәнібеков алпысыншы жылдардың басында Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғаны белгілі. Қарағайдың қарсы біткен бұтағындай қайсар мінезді жастар жетекшісі бұл қызметінде де «тыныш» отыра қоймады. Ұраншыл қоғамның кейбір ұстанымдарымен келіспейтінін ашық білдіріп, «артықтау» кеткен тұстары аз емес. Мәселен, бірде «Казсельхозтехника» бірлестігі қыз-келіншектерден егістік-трактор бригадаларын құру жөнінде үкіметке ұсыныс жасапты. Соған қарсы шыққан Ө.Жәнібековті тәртіпке салу үшін үлкен ЦК-ның хатшысы Г.Мельник кабинетіне шақыртады. Ол ашуға мініп «Сен қаулының жобасына неге қол қоймадың?» деп бірден дүрсе қоя бермей ме? Сонда сабазың саспастан: «Григорий Андреевич, жанармай мен жағармай сасыған қызға қандай жігіт жақындайды. Жүздеген, тіптен мыңдаған еркек кеңсе қызметтерінде жүр, соларды тракторға неге отырғызбасқа?» деп орынды уәж айтыпты.
Өзімбілермендікпен өрекпіген «Казсельхозтехника» төрағасы А.Батраковтың мысын «Сіз әйеліңіз бен қызыңызды механизаторлар курсына жіберер ме едіңіз? Сіз жіберсеңіз, мен де әйелімді тракторшы етуге уәде берейін» деген жалғыз-ақ ауыз сөзбен басқанын әлгі жиынның куәгерлері аңыз қылып айтады.
Кентау қалалық комсомол ұйымына Еңбек Қызыл Ту орденін тапсыруға барғанында обком хатшысы «Жақында осындағы жұмысшыларды мал шаруашылығына жібермекпіз» депті жерден жеті қоян тапқандай желігіп. Мұндай сорақылыққа шыдайтын Өзағаң ба, «Өнеркәсіпте істейтін қазақты көбейте алмай жүргенде, осындағы азын-аулақ қаракөздерді қой бағуға жібертем дегеніңіз қызық екен» депті бойын кернеген ызаны әрең тежеп.
Енді бір жолы алыс ауылдардағы еңбекші өрендердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін өте қажет мәдениет ошақтарының жетіспеушілігін алға тартып, Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы төрағасының бірінші орынбасары Ілияс Омаровқа жолығады. Бұйымтайын мұқият тыңдап, тиісті шара қолдануға ықпал ететінін жеткізген абзал ағасы оған мынадай өтінішін білдіреді: «Қазір әдебиетке Олжас Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Сәкен Жүнісов дейтін үш жігіт келіпті. Егер мен бірдеңе түсінетін болсам, болашақта әдебиеттің құлағын солар ұстайды. Сен осыларға қамқоршы болсаң қайтер еді» (Ө.Жәнібеков, таңдамалы шығармалар жинағы, Алматы, ҚАЗақпарат, 2011, 2-кітап, 69-70-беттер).
Ізетті інісі Ілекеңнің бұл аманатын артығымен орындағаны әмбеге аян.
Жайсаң Жәнібековтің жақсылығын көрген көрнекті жазушымыз Шерхан Мұртаза «Ақ жолмен жүрген азамат» атты эссесінде (Ш.Мұртаза, «Ақындар мен әкімдер», Астана «Елорда», 2002 жыл, 372-379 беттер) ілгеріде өзінің «Лениншіл жас» газетіне қалай редакторлыққа тағайындалғанын баяндай отырып, біраз жайдың бетін ашады. Әділеттің ала жібін аттамайтын Жәнібековтің адамның түсіне емес, ісіне қарағанын қадап айтады. Талай рет ақиқатқа араша түскенін айшықты мысалдармен келтіреді. Туған еліне шексіз берілген заңғар замандасына сүйсініс білдірген Шерағаң ағынан жарыла ақтарған сырын төмендегідей түйіндейді: «Осы күнгі көзі тірі көптеген атқамінерлер, өнер, әдебиет қайраткерлері Өзбекәлі Жәнібековтің жүрегінен жылу алғандар. Бізді, тірілерді, келер ұрпақты рухы қолдасын деп дұға еткен жан жаман болмайды. Ол киелі адам».
* * *
Республикалық деңгейдегі толғауы тоқсан проблемалардың шешімін табуға хал-қадерінше қатысып, кең ауқымда ойлауға машықтанған Өзағаңды 1970 жылдың қарашасында жаңадан ашылған Торғай облысына идеология жөніндегі хатшы етіп жібергенде Компартия көсемдерінің көкейінде не болғанын кім білсін. Бірақ, партия қайда жұмсаса, сонда барып жұмысқа бел шеше кірісетін іскер жан орталықтан шалғайдағы аймақта жүрсе де елдік мән-маңызға ие бірсыпыра игі идеяларды жүзеге асырды. Өткенге шолу іспетті естеліктерінде Өзағаң Арқа төсіндегі аңыз өлкеде қазақтың ұлттық дәстүрлерін, киім-кешегін, музыка аспаптарын, халық әндері мен билерін, қолөнерін тарихи-этнографиялық тұрғыдан тереңдей зерттеуге мүмкіндік туғанын, болашақ шығармашылығына, тың ізденістеріне даңғыл жол ашылғанын аса бір жылылықпен жазады.
Қаншама қиыншылықтарға қарамастан оның облыстық театрды, музейді, филармонияны және тағы басқа мәйекті мәдениет мекемелерін құрудағы жанкештілігін торғайлықтар әлі күнге дейін ризашылықпен әңгімелейді. Кезінде керемет танымал болған «Торғай әуендері» фестивалі, «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблі туралы көзкөргендер шертетін шежіре таңға толғаса таусылмайды.
Ал енді өлкетану мұражайына экспонаттар жинау «жыры» тіптен қызық. Оның біраз оқиғасын торғайлық топжарған қаламгер, арғы-бергідегі атақты адамдар жайында ағыл-тегіл білетін шешен шежіреші, кеудесі кең сарайдай Сейіт Кенжеахметовтің аузынан естіген едік.
Музейге бөлінген ғимараттың іші-сыртын жөндеуге жоғары лауазымына қарамай Өзағаң екі жеңін түріп тастап өзі қатысыпты. Одан облысты шарлап мұрағаттар іздеуге тікелей араласқан. Архивтегі суретіне қарап Амангелді батыр туын қалпына келтіреді. Қайран сардар қапияда қазаға ұшырағанда әйелі Балым айтқан жоқтауды келінінің аузынан жазып алып, белгілі әнші З.Есбергенованың орындауында таспаға түсіреді. ХІХ ғасырдың аяғында аты-жөні беймәлім ұста жасаған асадал мен ағаш төсек бұған дейін кездеспеген бұйым болғандықтан, оларды осы уақытқа дейін сақтап келген кісілерден алу аса қиынға соққан. Көне мұра иелерін өйтіп-бүйтіп көндіруге тура келген.
Құнды жәдігерлерге құмар обком хатшысы аудандарды аралап жүргенінде біреудің ауласындағы байлаулы иттің алдында тұрған ескі астауға көзі түседі. Сұрастырып көрсе, 1900 жылдары шабылған қолөнер туындысы болып шығады. Соған қолқа салса, үй иесінің екі көзі шарасынан шыға таңданып, басын шайқай беріпті. «Бастық басыңмен сұрағаның итаяқ болса, ала ғой» дегендей сыңаймен сыңар езуін тартып, қаңсыған ыдысты әбден тазалағанша жуып, қадірлі қонағының қолына ұстатқан көрінеді. Құндылықтар құлдыраған заманның қариясы баға жетпес байлыққа баланатын дүниенің қадірін қайдан білсін…
Жәнібеков жинап-терген жәдігерлер Арқалық музейлеріне келушілердің көзайымына айналғалы қашан.
* * *
Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаушы Өзбекәлі Жәнібеков Мәдениет министрі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болған тұстарда да жарқын істер жалғасын тапты. Республика астанасында көне ұлттық аспаптар мұражайы ашылып, «Арқас», «Сазген», «Алтынай» секілді фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер құрылды.
Егемендіктің елең-алаңында кеңестік солақай саясаттың кесірінен арамыздан аластатылған «Наурыз» мейрамының, айтыс өнерінің ортамызға оралуына, азаттық аңсаған арда Қазақтың ар-намысы жолында бастарын бәйгеге тігіп, ақырында айдалып, атылып кеткен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстарының ақталуына мұрындық болған ұлтжанды азаматтардың көш басынан көрінді.
Бітірген ісі көп біртуар хақында тебірене қалам тербеген үзеңгілес серігі Мырзатай Жолдасбеков өзінің «Асылдарым» атты кітабында, «Өзекең көп жасамаса да қызығы, қиыны да, талас-тартысы да мол қайшылықты заманда мазмұнды ғұмыр кешті. Елін таныды, елі таныды, туған халқына ақырғы деміне дейін адал қызмет етті, көрнекті қайраткер дәрежесіне дейін көтерілді, аты аңызға айналды» деп рухтас ағасына аса жоғары баға бергені қандай ғанибет.
Аруақ айтқан сайын аунайды деседі. Ендеше, елін сүйіп өткен жақсы ағамыздың жәннатта нұры шалқығай.
Талғат БАТЫРХАН