Показать содержимое по тегу: Яссауи
Бірде Шығыс Қазақстан облысында тұратын құрбым хабарласты. Әңгіме барысында, «Осы бізде Түркияға жиі барғанымен Түркістанды көрмеген қазақтар жеткілікті. Ішкі туризм тұралап тұрғанда, діни туризм туралы айтып қайтейін» деді таусылып. Өзі жақында Түркістанға барып келіпті, Арыстанбабтың басын барып түнеп, Отырар қаласының орнын аралапты… Алған әсері ұшан-теңіз…
Рухани туризмнің дегеніміз аты айтып тұрғандай, рухани бағыттағы саяхаттың түрін айтады. Оның екі тармағы бар. Атап айтқанда, алдыңғысы – зиярат ету болса, екіншісі – танымдық туризм. Діни туризмнің отаны – Израиль деп айтуға болады. Осы жердегі ислам, христиан және иудей діндерінің шығу тарихына, қасиетті кітаптардағы ірі оқиғаларға қатысты орындар миллиондаған туристер үшін тартымды болып отыр. Адамдардың сеніміміне қарай, Тибет, Непал, Қасиетті Афон сонымен қатар Индия, Италия, Греция секілді мемлекеттер діни туризмнің ірі орталықтары қатарында саналады.
Іргеміздегі Ресей Федерациясы да діни бағыттағы басты маршруттарын анықтап, туристердің сұранысына қарай жұмыс істеуде. Зиярат етушілер Санк-Петербургтегі «Свято-Троицкая, Александро-Невская лаврлары» Калуга облысындағы Свято-Введенская монастыры, Мәскеу облысындағы Троице-Сергиев, Соловецкий монастырларына барып православ мәдениетінің ескерткіштерімен танысып, рухани жаңарады. Орта Азиядағы ислам діні орталықтары Самарқанд пен Бұхара, Хиуа, Үргеніш – кеңестер кезінде де сүрленген туристік соқпақ болып қалыптасқан еді. Бүгінгі күндері Өзбекстандағы орта ғасырдың сәулетті ғимараттары көз тартады. Сол жерлерге апарып-алып келетін туристік фирмалар да жеткілікті. Бұл компаниялар мұсылмандарды Мекке мен Мәдина қалаларына апарып, үлкен-кіші қажылықтарын атқаруға қызмет етіп жүр.
Ал, еліміздегі рухани туризмнің нысандары, зиярат ету мәдениеті жайын құрбымның сөзінен-ақ аңғаруға болады. Айта кету керек, кезінде осы туризмнің түбі жоқ пайда көзі екенін біліп, алдына ала қамданғандар болды-ақ. Соның бірі – 2009 жылы ресми тиым салынған «Ата жолы» тобы. Олар адамдарды қасиетті орындарға топтап апарып, дүниетанымызда жоқ әрекеттерімен ішкі туризмнің діни бағытының дамуына көп зардабын тигізді. «Аққулардың», «сұңқарлардың» тырнағына ілініп қалудан сескенген жұрт Түркістанға, жалпы еліміздегі қасиетті орындарана апаратын жолды ұмытты. Бұл ретте, діни туризмді дамыту үшін ресми дін қайраткерлерінің ағартушылық, насихаттық қызметі қажет сияқты. Соңғы кезде белең алып келе жатқан араб дәстүршілдігінің ықпалы да ықылым заманан бері келе жатқан, ұлттық санамызда қалыптасқан зиярат ету мәдениетімізге өз әсерін тигізуде. Жалпы ислам қағидаттары бойынша, барша мұсылман қауымға арнайы зиярат етіп баратын орындар деп Мекке, Мәдина, қалаларын және Құдыс қаласындағы әл-Ақса мешітін белгілеген.
Алайда сөз қазақы санамызға, дәстүрлі дініміз жайында болып отыр. Бұл ретте, дінтанушылар Құран-Кәрімнің «Ескертілген қауымның соңдарын көр» деген аятын қаперге алады. Демек, алдында өткен адамдардың өмірімен, артында қалдырған істерімен танысып, ерте заманнан бүгінге жеткен сәулет өнерінің де үлгісі болып қалған кесенелерді зиярат етуді жоққа шығармайды. Ол жөнінде Дін істері агенттігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының діни орталықтарды зерттеу бөлімінің басшысы Айнұр Әбдірәсілқызы: «Қазақ даласындағы мазарлар рухани тұрғыдан алғанда адамның өткенмен, өзімен, Алламен сырласу, арылу, есеп беру орнына айналған. Қазақтың қабірлерді ерекше қасиеттеуі, жиі зиярат етуі осындай себептерден туындаған. Осының барлығын жат көзқараспен өлшеп, бүкіл ғибратын жоққа шығару үлкен рухани қателік болмақ.
Қабірге зиярат етуді серік қосу күнәсімен байланыстырушылардың қарекеті қаншалықты қисынды дегенге келсек, қабірді зиярат етуге, әруақтарға Құран бағыштауға Исламның тыйым салмайтыны, қайта қолдайтыны белгілі. Бағышталған Құран соңынан әрбір мұсылманның Алладан тілек сұрап, дұға ететіні белгілі жайт. Осы тілекті қабір басында айтқаны үшін ғана адамның әруаққа табынған болып саналмайтыны анық» дейді.
Демек, заманның ықпалымен діни туризм десек те, қазақ халқының дәстүрлі дініне қатысты, салт-дәстүр, әдет ғұрыптарымен тығыз байланысқан зиярат етудің мәдениеті барлық кезеңдерде болған. Алтайдан Атырауға дейін байтақ елді жайлап жатқан қазақтың тарихын оның тағылымын кесенелер мен мазарлардан білуге болатын. Батыстағы Шопан-ата, Масат-ата, Қараман-ата, Шақпақ-ата, Бекет-ата секілді киелі орындар, баға жетпес археологиялық артефакттер,сансыз баптың мекені болған оңтүстік өңірі, қасиетті Ұлытау, мұның бәрі өткеніміздің ізі әрі тарих-шежіремізбен терең тамырлас. Сансыз баптың мекені оңтүстіктің киелі жерлері туралы сөз басқа. Сырға толы сыр өңірінде де талай бабамыздың ізі жатыр.
Ендеше халықтың рухани сұранысын діни туризммен ұштастыра білгенде ғана ішкі туризм жаңа сипатпен дами түспек. Меніңше, ел-жерді танып, тарихына қанығудың тамаша мүмкіндігін көлденеңнен қосылғандардың қолына ұстатып жібермеудің қамын жасау керек сияқты.
Ғибадат деп осы екі бағытты да бір ұғымға сайып, өз өлкеміздегі қасиетті орындарда болып, зиярат етудің мәні мен мәдениетін оқырмандарға жеткізбек мақсатында ашып отырмыз. Егер ойымыз көптің көңілінен шығып жатса, арнайы туристік маршрут сайлап, зиярат етушілерге жол бастаушы серік қосып, туған елімздің көрікті де киелі орындарына апаруға да құлықты екенімізді айтпақпыз.
Дерек көзі: kozhalar.kz
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының әкімшілігі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген тағы бір батыр туралы деректі жариялады. Бұл туралы kazmuseum.kz сайтына музей қызметкері Дәулет Қожамұратов хабарлады.
Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.
Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.
E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13