нығматуллин

Показать содержимое по тегу: нығматуллин

Кейде осы жоғарыдан айтылған қайсібір пікірлер адамның есіне әрнені салады. Мәселен күні кеше ғана Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин заң қызметіндегі оңбай тұрған бір мәселенің бетін ашты. Спикердің сөзіне сенсеңіз, жетекшілер уақытында ауысып тұрса, жұмыс сапасы артады екен. Былай қарасаңыз, өте орынды тұжырым. Бірақ ол неге адвокаттар алқасына ғана қатысты болуы керек? Міне, қарапайым халыққа осы жағы ғана ұғынықсыз.

Н.Нығматуллин мұндай сөзді Мәжілістің пленарлық отырысында айтқанға ұқсайды. «Азаттықтың» хабарлауынша, ол аймақтардағы адвокаттар алқасы президиумдарын ондаған жылдар бойы бір ғана адамдардың басқаруынан заң қызметі мен заң көмегінің сапасы нашарлап кеткенін айта келіп былай деген: «Маңғыстау облысында облыстық адвокаттар алқасы президиумының төрағасы ұйымды 25 жылдан бері басқарып отыр, Алматы облысында 27 жыл, Атырау облысында 31 жыл. Бұл жайт мұнымен бітпейді, Ақтөбеде 33 жылдан бері басқарып отыр. Бұл нені көрсетеді? Бұл азаматтарға заң көмегін көрсету саласында мүлдем бәсекелестік жоғын білдіреді. Бәлкім, ол адамдар кәсіби мамандар шығар, олардың тәжірибелі екеніне күмән жоқ, бірақ уақыт өзгерді. Қазір барлығын бәсекелестік шешеді және заң көмегін көрсету саласында да дұрыс бәсекелестік болуы тиіс».

Қай қырынан қарасаңыз да, еш міні жоқ, өте орынды әрі нанымды сөз. Бір орында жалпайып отырып алған қай жақсылық дейсіз, мерзімі келген соң әркім де қызметін өзгеге беруі керек. Осындайда ой келеді, адвокаттар алқасында шалқайып 25-30 жыл отырған шіркіндердің қылығы саяси әлемдегі сырқаттың сықпытынан сыр аңдатпай ма екен өзі?! Міне, осы тұрғыдан келгенде спикер айтқан «уақыттың өзгергеніне» күдікпен қарайтындар көп қазір.

Неге? Неге деріңіз бар ма, билік эшалонындағы бұрынғы басшылардың дені әлі сол маңайда жүр. Кеше әкім болған, бүгін – министр, ертең – сенатор. Немесе керісінше. Әрине, жоғары билікке жастардың келіп жатқанын жоққа шығарудан аулақпыз. Бірақ солардың түбін «қопарып» көрсең, кемінде тең жартысы  биліктегілердің бірдеме-сірдемесі болып шығады. Осыдан кейін шынайы бәсекелестіктің бар екеніне кімді сендіре алғандайсыз?!

Жарайды, арыға бармай-ақ, парламентті төңіректеп көрейікші. Мәжілістегі қанша депутат бірнеше сайланым бойы орынын босатпай келе жатыр? Көп емес шығар, бірақ аз да емес. Олардың алды қазір сексенге таяды. Сонда қарттық меңдеген осындай шал-шабырдың орынын басатын өзге адам табылмаған ба? Әлде бұл шынайы бәсекелестіктің жемісі ме? Егер солай десек, онда осы қартаң кісілер халықтың қамы үшін шыр-пыры шығып, парламенттің төрінде айғай салып жатуы керек еді ғой. Әсіресе, ел мен жердің тағдыры тартысқа түскен ондаған оқиғалар тұсында.

Әрине, депутаттарды төраға таңдамайтыны рас. Олар партияның белгілеуімен іріктеліп, «халықтың қалауымен» парламентке барады. Демек Мәжілісмендердің «тиянақ табу» мәселесін спикерге жапсырудың еш жөні жоқ. Алайда «Нұрлан Нығматуллин адвокаттар алқасы төрағаларының сол ұйымды неше жыл басқарғанын неге сонша тәптіштеді екен?» деген сұрақ қазір әркімнің көкейінде тұр. Өйткені Нұрландікі бір қарағанда дұрыс болғанымен және бір үңілсең, қиыс секілді көріне береді. Себебін Сіз де сезетін шығарсыз, «Түйенің соқырлығын айтсаң, Құнанбайға тиеді» демеуші ме еді, қазақ атам. 

©Сансызбай Нұрбаба

Қамшы.kz

 
Опубликовано в Саясат жүзі

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер