Біздің қолымыздан бәрі келеді – Әмір Батыр
04.04.2017, 10:31

Біздің қолымыздан бәрі келеді – Әмір Батыр

VII шақырылымдағы Астана қалалық жастар мәслихатының депутаттығы сайлауына үмітін үкілеген көп жастың бірі ретінде «Қолғанат»  қайырымдылық ұйымының жетекшісі Әмір Батыр ініміз түскелі жатыр екен. Әрине, бұл сайлау масштабы жағынан үлкен де емес шығар. Дегенмен, елордалық жастар арасында аса маңызға ие оқиға деп атауға болады.

Осы орайда, атын бәйгеге қосқан үміткердің жеке басы, арманы мен мақсаттары және сайлауалды бағдарламасы турасында аз-кем сұхбаттасқан едік. Соны назарларыңызға ұсынамыз.

— Батыр, ең алдымен өзің туралы айтып өтсең. Қайдансың, қазір қайда оқудасың және қандай мұрат жетелеген азаматсың?

Мен, Әмір Батыр Әбдіғалиұлы, 2002 – 2014 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданындағы № 1-ші Т.Тәжібаев атындағы балалар үйінде тәрбиелендім. №1-ші жалпы орта білім беретін мектепте 11 жыл бойы білім нәрімен сусындап, Ұлттық Бірыңғай тестілеуден үздік нәтиже көрсеттім.

Бүгінгі таңда еліміздің беделді университеттерінің бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде «Әлеуметтік жұмыс» мамандығының 3-ші курс студентімін. Басқалардан ерек кеткен ештеңем жоқ, жатақханада тұрамын. Бар шамам жеткенше білім алып, еңбектеніп, қоғамдық жұмыстардан қалмай, тәжірибе жинау үстіндемін.

Ал өмірлік мұратыма келсек, «көпшілік замандастарымнан сондай айырма емес, яғни, ел қатарына қосылып, отбасы құрып, жемісті жұмыс жасап, мемлекетімізге пайдамды тигізу» десем, кезекші, әбден таптаурын болған жауап айтқан болар едім.

Жоқ, мен өзім балалар үйінде тәрбиеленіп, ата-анасыз өсудің ащы дәмін әбден татқандықтан, сондай-ақ, қоғамдағы жолымды қар күрегендей қиындықпен ашып келе жатқандықтан, түпкі мақсатымды – бүкіл жетім-жесірге жәдемдесу деп бір аузы сөзбен атаған болар едім. Сол үшін мықты болу, тәуелсіз болу, өзгеге пана боларлықтай тамыр жайып, күшею.

— Ойларың тым тереңде жатыр екен. Жасыңа тым ересек пікірлер айтасың. «Болар бала бесігінде бұлқынады» деуші еді…

e1aRASVUm9I— Иә, кейде ойлағаным болмай, бетім қайтқан кездері іскер бизнесмен, яки шешімгер шенеунік, қоғам қайраткері болсам «бүйтуші едім» деп қиялдап кететінім бар. Ондайда сонау Арыстағы жетімдер үйіндегі балаларды, тәрбиешілерімді жарылқап, одан облыстық деңгейдегі балалар үйлерін, одан шығып, республика, тіптен, әлемдік деңгейге шығып кететінім бар.

Хош. Бірді айтып, бірге кетіп қалдым-ау деймін.

Ең бастысы, тәрбиешілерім бала кезден болашағымның мәртебелі болатынына сендіре білді. Мен соған сендім, алтын белгіге ұсынылып, Астанадан бір-ақ шықтым. Мен сол үшін де оларға мәңгілік қарыздармын. Бірақ, қаншама балалар бұл мүмкіндікке ие емес. Өзім үшін біржағынан тәубе де етемін, екінші жағынан артта қалған жора-жолдас, іні-қарындастарым үшін үлкен өкініш те бар.

Жалпы, айта берсек, мәселе көп қой. Айталық, жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуының төмендігі, ал  мемлекеттік гранттардың небары бір пайызы ғана берілетіні қынжылтады.

Қалай десе де, мен солардың хақысы үшін талпынуға тиістімін.

— Талпынысыңның бірқатарынан хабарымыз бар. Қайырымдылық ұйымын құрғаныңды білеміз. Сол жөнінде кеңірек айтып өтсең?

vaOniKa4gzY— Алдыңғы жылы университетіміздің қабырғасында жетім балаларға, қарттар үйіне, көмекке мұқтаж жандарға жәрдем беретін «Қолғанат»  қайырымдылық ұйымының негізін қалаған болатынмын.

Біздің ұйымның міндеті – ата-анасының мейіріміне мұқтаж сәбилердің өмірін аз да болса шаттыққа толтырып, көздеріндегі үміт отын сөндірмеу, болашаққа деген сенімін арттыру болып табылады. Осы мақсатта көптеген іс-шаралар атқарып, ұйымның бірнеше бағытта жұмыс істейтін бөлімшелер санын көбейттік. Атап айтқанда, білім бөлімі, мәдениет бөлімі және спорт бөлімдері.

— Бірде БАҚ бетінен «Нұр Отан» партиясының қолдауымен балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында тоғызқұмалақтан турнир өткізгеніңді оқып қалғаным бар. Бұл да сол жұмыстардың бір парасы болса керек…

— Аталмыш іс-шара университетіміздің Бас ғимаратында өткен болатын. Турнирде жеңіске жеткен жас жеткіншектер арнайы дипломдармен,  бағалы сыйлықтармен марапатталды. Кейіннен «Жас Отанмен» бірігіп, республикалық деңгейде «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», «Бейбіт елдің өнерлі ұрпағы», «Мейірім шуағы» атты бірнеше концерт те өткіздік. Жалпы, бәрін тізбелеп жату мүмкін емес. Ол үшін бір сұхбатымыз жетпес еді.

Бұл орайда, қаржылық және ұйымдастырушылық тұрғыдағы қолдауын аямаған университет пен «Нұр Отан» басшылығына алғыс білдіремін. Өтінішпен барып, мәселемді айтқанда, сол кездегі «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов жеке қабылдап, бала демей, уақыт бөліп, кейіннен қаншама бастамалардың жүзеге асуына септігін тигізген нұсқауларын берген болатын.

«Шөлдегенде берген су, шекер емей немене» демекші, мен, мұны ешқашан ұмытпаймын. Алладан қайтсын!

a-nLChICUEs— Ондай азаматтардың барлығына да шүкір…

— Көп ағалар риядан қашып, атын ататқыза бермейді. Мүгедек бөбектердің емделуіне деп миллиондаған теңге жұмсаған жандарды да көрдім… Балалар үйіне қаншама көмектер берілді… Мен тек игіліктің себепшісі ретінде ғана басы-қасында жүрдім. Бәріне себеп – себеп.

— Тұлға ретінде саған кім көп әсер етті деп ойлайсың?

eG5g6o98zA4— Жаңа айтып өткенімдей, бала кезімнен көзқарасымды өзгерткен тілектестерім мен қолдаушыларымның пікірі еді. Көбіне рухани тұрғыдағы қолдауға мұқтаж баланың қатарында болдым.

Әлбетте, әркімге өзіне көмек көрсеткен жандар жақын келеді. Ендеше, осындай орайлы сәтте, жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытпасам маған сын. Қолдан келген көмектерін аямай келе жатқан Берік Уәли, Абылайхан Калназаров, Ерлен Білхан, Бекболат Тілеухан, Досымжан Таңатаров, Шахмардан Байманов ағаларыма «рахметтен» басқа айтарым жоқ.

Осылардан көп нәрсе үйрендім, тәлім алдым десем, артық айтпаған болар едім. Енді қалыптасып жатқан жаспыз ғой…(Күледі)

Мәслихат депутаттығына да солардай ел таныған, көпке қайыры бар жандардан болсам деп шығып отырғанымды несіне жасырайын!

Бұл сондай бір үлкен шара да емес шығар. Бірақ, біз үшін, біздің толқын үшін оның маңызын айтып жеткізе алмаспын сізге.

— Рас, Сайлауалды бағдарламаңнан бірқатар тұлғалардың құндылықтық әсерін байқағандай болғанбыз. Оларды өзің тарқатып өтсең?

IMG-20170401-WA0017— Бағдарламам 5 бағыттан тұрады: Біріншіден, «Қолғанат» қайырымдылық ұйымының филиалдарын «Нұр Отан» партиясының қолдауымен ашу жəне елордадағы қайырымдылық ұйымдарын жинақтап, орталық аппаратты орнату.

Екіншіден, балалар үйіндегі балаларға университет студенттерінің тарапынан тегін курстарын ашу.

Үшіншіден, ЖОО-ға түсетін балалардың санын көбейту, сапасын арттыру.

Төртіншіден, мүгедек жəне көп балалы отбасыларға қолдау көрсету.

Бесіншіден, балалар үйінен шыққан түлектерге ақпараттық қолдау білдіру.

— Бағдарламаңда «Нұр Отанға» басымдық беріпсің?!
— Әр ұйымның даму кезеңдері болады. Ендігі міндет – «Қолғанат» қайырымдылық ұйымын «Нұр Отан» партиясы өз қанатының астына алып, әрі қарай қайырымдылық жолында мақсат тұтқан көптеген іс шараларды іске асырсақ, нұр үстіне нұр. Біз үшін «Нұр Отан» аясында жұмыс атқару үлкен жетістік болар еді!

«Нұр Отан» партиясының бастауымен құрылған «Мейірімді жүрекпен» қозғалысы мен «Қолғанат» қайырымдылық ұйымының алған бағыт бағдарлары ұқсас болғандықтан, бұл салада жинаған тәжірибеммен бірге аталмыш ұйымға атсалысуға немесе жетекшілік жасауға ниетім бар.

Сайып келгенде, қоғамда белең алған ХХІ ғасырдың өзекті проблемаларының бірі –еліміздегі балалар үйімен тығыз байланысты. Себебі, мейірімге мұқтаж жас балалардың болашаққа дұрыс жол сілтер жанашырлары саусақпен санарлық. Олардың жаман жолға түспей, қоғамда өз орындарын табуға аз да болсын септігімізді тигізуге тиіспіз. Болашақта осы мәселелердің шешімін табу жолында аянбай еңбек етемін!

«Әр қазақ менің жалғызым» демекші, жалғыздарымызды жәутеңдетпейік. Демесін болайық. Аяушылық емес, жанашырлық танытайық. Басқасы басқа, мен, аяушылық пен жанашырлықтың аражігінің қандай болатынын жақсы білемін.

«Жастар – ел болашағы. Келешекте мемлекетіміздің бетке ұстар азаматтары атанатын да – жастар» дейміз. Олай болса, немқұрайдылыққа салынбай, Астана жастарын да маған қолдау білдіруге шақырамын!

Бір бағытта қозғалсақ, біздің қолымыздан бәрі келеді! Мен бұған сенімдімін!

— Сұхбатыңа рахмет!

 

Кәмшат Жақсылыққызы

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер