Басып шығару нұсқасы
11.06.2026, 10:43

Бағаналы найман Арыстанбай Арзықұлов

Мәделіқожаның «Арыстанбайға» деген арнау өлеңіне арқау болған Арыстанбай кім еді? Елден жеткен аңыздар бойынша Арыстанбай Сарысудан Шымкентке көшіп келген. Арыстанбай Арзықұлов туралы құжатта 1836 жылы туылған, 38 жаста, сауатты, діні мұсылман деп жазады.  Өзі найман руынан. Наймандарды Атбасардан Сарысуға, одан Созаққа, одан бері Түркістанға, Шымкентке дейін көшіріп алып келіп Арыс өзенінің бойынан шұрайлы жер алып беріп қоныстандырған осы Арыстанбай екен делінеді ауызша жеткен аңыздар бойынша. Аңыз болып тұрса да шындыққа жақын. Әлхисса біз Арыстанбайдың Шымкентке көшіп келместен бұрынғы өмірінен бастап кейінгі өміріне дейін тағдыр талайын зерттеп, бірнеше құнды мәліметтер таптық. Содан әріден бастасақ. Арыстанбайдың жастық шағынан.

Бағаналы болысында тұратын Арыстанбай Арзықұлов бастаған қазақтар 1855 жылы Көкшетау оязы Қылды Ноғай болысында тұратын Дәулетпай Мейірмановтың әйелі Сүтешті төркіндеп келе жатқан жерінен тонап кетті деп Көкшетау облыстық Дуанына арыз түскен екен. Арыздың түскен жылы 1857 жылы. Арыз жазған кісі Қылды-Ноғай болысының (Атығай Қарауылдың ішіндегі бір атасы) ауыл старшыны Дәулетпай Мейірманов. Тоналған заттар екі ат, құны 250 сом 90 тиын тұратын шапандар, ішіктер, ыдыс аяқ, әртүрлі бағалы заттар. Дәулетпай ұрыларды іздеген кезде аға сұлтан Таң (Тәни) Тортаев, билер Ерден Сандыбаев, Тоқпан Өтетілеуов, Қабыл және Қарабатырлар куәлердің көзінше сенің қатыныңды тонаған Бағаналы наймандардың ішіндегі: басышысы Арыстанбай Арзықұлов, жанындағы жолдастары үшеу Ақшалбар, Түнғатар және Піскенбас деген тақымы кеппес ұрылар деп айтқан. Даулетпай Мейірмановтың осыдан басқа ешбір дәлелі жоқ. Тергеу кезінде қатыны Сүтеш Мейірмановадан сұрағанда 1855 жылы шілде айында Көкшетаудан Есенбай болысынан (Қарауыл ішіндегі Есенбай елі) төркінімнен қайтып келе жатыр едім. Жанымда мені ертіп жүрген Жайылған Киікпаев деген ағайыным болған. Қандысай деген жерге келген кезде түс уақытында қолында жалаңдаған қылышы, асынған мылтығы мен сойылдары бар төрт қазақ қайдан екенін білмеймін алдымыздан атып шықты. Сірә жол торып, тосып жатса керек, сол төртеудің алдында жүрген сұр ат мінген ұзын кісі Сүтештің атын шылбырынан ұстап тоқтатып, жерге түс деп бұйырды. Сүтеш түспеймін деген соң 3 рет қамшымен басынан салып-салып жіберді. Артынан үш қазақ жүгіріп келіп киімін шешіп алды. Атын ер тоқымымен бірге және бүкіл қоржындағы заттарын тонап алып кетті. Жанындағы кісі екеуі жаяу қалып ауылына әрең жетті. Тонаушылардың бастығы сұр ат мінген, ұзын бойлы, жирен (русый) кісі, аузында күрек тісінің біреуі немесе екеуі жоқ. Басқа үшеуінің түрін қорыққанымнан есімде сақтай алмадым дейді Сүтеш. Киікпаевтың да атын алған, оның да басынан ұрған, үстіндегі бүкіл киімін шешіп алған. Тоналған заттардың құны 250 сом 90 тиын.

О заманда Бағаналы наймандар Атбасар округтік дуанына қараған ірі ел еді. Тергеуге қатысуға Атбасарға би, хорунжий Ерден Сандыбаев шақырылды. Ерден би: Мен Мейірмановқа оның қатынын тонап кеткен ұрылардың кім екенін ешқашан айтқан жоқпын деді. Мейірманов расында маған келді. Менің қатынымды Арыстанбай Арзықұлов жанындағы үш жолдасымен бірге тонап кетті деп өзі айтты. Сосын Ерден би Арыстанбайды шақырып алып Дәулетпаймен беттестірдім. А.Арзықұлов кінәсін мойындаған жоқ. Д.Мейірманов болса ешбір дәлел, айғақ көрсете алмады.

Тергеуге аға сұлтан Таң Тортаев шақырылды. Ол ештеңе есімде қалмады деді. Ерден Сандыбаев куәлердің көзінше Дәулетпайға «сенің қатыныңды тонаған Бағаналы наймандардың ішіндегі Арыстанбай Арзықұлов» - деп айтты ма, жоқ па дым есімде жоқ - деді.

Тергеуге Тоқпан Жамантаев пен Өтетілеу Сантағұловтар да шықырылды. Бірақ олардың жайлауы алыс болған себепті келе алмады, келсе де Таң Тортаев сияқты ешбір мардымды жауап бере алмайтын сияқты.

Айыпкер ретінде тергеуге Арыстанбай Арзықұлов пен Ақшалбар Маңкүшіков шақырылды (кейбір жерде аты Ақдамбал деп атайды). Олар біз Сүтеш деген қазақ әйелді тонаған жоқпыз деп мойындамады.

Екеуінің ауылын тінтіп көрдік. Күдікті заттар табылмады. Жылқы үйірін де іздеп көрдік айтқан сұр ат жоқ.

О заманда Бағаналы наймандар Атбасар округтік дуанына қарайтын ел еді. Атбасар округтік Дуаны осы іс бойынша тергеу ұйымдастырып ең соңында қорытынды ретінде былай дейді: 1857 жылы 26 октябрде 304 және 311 статьялар Арыстанбай Арзықұлов пен Ақшалбар (Ақдамбал) Маңкүшіков тергелді. Тағылған айыптар бойынша ешбір кінасы дәлелденбеді, сондықтан екеуін де өз еркіне қоя бердік. Сондықтан Көкшетау оязы Қылды-Ноғай болысында тұратын Дәулетпай Мейірмановтың әйелі Сүтешті және Киікпаевты тонап кету жөніндегі арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын.  (ЦГА РК 345 ф оп 2 дело 46 Приговоры Областного правления Сибирскими киргизами для ревизии 1862г. – 1366 бет).

Арыстанбай осыдан кейін Сарысудан Шымкентке қарай біржола көшіп кетеді. Арыстанбай Арзықұлов туралы 1874 жылғы құжатта 38 жаста, сауатты, діні мұсылман деп жазады. Сонда Арыстанбай 1836 жылы туған кісі. Өзі найман руынан. Наймандарды Атбасардан, Сарысудан, Созаққа одан бері Шымкентке қарай көшіріп алып келіп Арыстың бойынан жер алып беріп қоныстандырған осы Арыстанбай екен делінеді ауызша жеткен аңыздар бойынша. Аңыз болып тұрса да шындыққа жақын. Себебі Арыстанбай Шымкент оязының кіші көмекшісі болып тұрған кезде көптеген мәселелер бойынша Ояз бастығына ықпал етіп, мәселені тез шешуге мүмкіндігі болған. 1868 жылдан бастап өкіметтен рухсат алып Найман арықты қаза бастағаны туралы деректер бар. Арыстанбайдың үстінен көп арыз тұскен. Өзбекстан Ұлттық Архивы И-17 фонд 1 опись «По обвинению младшего помощника Туркестанского уездного начальника Арыстамбая Арзакулова в преступлениях по должности 1874-1875 гг. на 175 листах» деген №12916 делода көптеген мәліметтер сақталған. Яғни 175 беттік істің өтірігі қайсы, шыны қайсы біз білмейміз. Ояздың Кіші көмекшісі болып тұрғанда Арыстамбай халықпен көп жұмыс жасайды, кейбір кісілер бізге көп қиянат, қысым жасайды, парақорлық қылады т.б. деп Арыстанбайдың атын атап домалақ арыздар домалатады. «Халық болған соң аласы бар, құласы бар». «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» - деген. Арыстанбайға Шымкентте Оязнойдың көмекшісі деген үлкен қызметте отыру оңайға соқпағанын білеміз. Бұл қызмет Арыстанбайдың шашын ағартқан десек те болады. Мысалы соның ішінде бір даулы істі тарқатып айтып берейік. Арыстанбай өзінің қызметтік мансабын пайдаланып Сарыкөл болысынан келген Бердібек Құлмағамбетұлын 30 күнге қамап қояды. Сарыкөл деген Сырдария бойындағы бір жер. Құлағы түрік ескі адамдар біледі Сарыкөлді. Сол Сарыкөлден келген Бердібектің руы Маңғытай-Саңғыл елі. Арыстанбайдың туысқаны Арыс болысында тұратын найман Құлман Шоқайұлының төрт түйесін, бір атын ұрладың деген айыппен ұсталады. 1873 Билер сотында Арыс болысынан Құлман Шоқаев мына билерді: Тасболат (Тасболат Кешуов қоңырат болуы керек), Исламқұл (Исламқұл Сәдірмеков найман биі), Арысбай биді таңдаған. Маңғытай Саңғыл болысынан келген Бердібек болса Күнжарық, Әлібай, Машан деген билерді таңдаған. Бірақ осылардың ішіндегі Күнжарық би қайтыс болып кеткен еді. Сондықтан келе алмаған.

Негізі 1874 жылы 11 январда Құлманның арызы бойынша Түркістанда Билер құрылтайы болып Батырбек Бейбітов, Таушен Қарин деген екі кісі келіп түйелерді Бердібек алмаған болса ант берсін деген шешім шығарған. Бірақ ол екеуі ант беруге келмеген соң айыпкер Бердібек даугер тарапқа 180 тілла төлесін деген шешім шығарған. Сол шешім шығарған билердің аты жөні: Айту, *Кебеқозы (әйгілі Кепе қозы датқаның өзі), Бекбай, Байтерек Жайынбаев (қоңырат, руы Жаманбай), Тасболат Кешуов (бұл да), Ахмет Түкібаев. (*Бұл жерде аты аталған билер Қоңыраттың, найманның атақты билері, осылардың ішінде ең ірісі Кебеқозы датқа болған, би болған. Қазір Шымкентте Кебеқозы датқа мешіті бар.) Арыстамбай мәзкүр болған іс бойынша Бердібекті абақтыға қамап қойды,  110 тілла төлесең шығасың дейді, Бердібек 3 түйе 80 тілла төлеп шығады. Шыққан соң «мені нахақ күйдірді» - деп Арыстамбайдың үстінен арыз жазады келіп. Батырбек Бейбітов, Таушен Қарин дегендер мені өмірде танымайтын адамдар, сондықтан олар бұл іске байланысты Түркістанға мүлдем келген де жоқ дейді.

Енді осы Бердібектің қарсы жазған апелляция арызы бойынша мәселе Ташкент сотында қаралатын болады. 5 июнь 1874 жылы Кебеқозы Әжиевті, Тасболат Кешуовты, Бекбайды, Есмұхамед Есеналинді Түркістан губерниясы оязной судьясы шақырады. Кебеқозы билер Түркістаннан шығып Ташкентке сотқа барады. Арыстанбай да Ташкентке сотқа барады. Тынышбай Медетов Шымкентке кетеді. Тынышпай мен Арыспай старшын Арыс болысында тұратын еді. Осы іске қатысы бар Айту, Байтерек, Ахмет Түкібаевтар да Ташкентке баруы керек еді. Олардың Ташкентке сот алдына баруы үшін болыстарға бұйрық берілді. Жаңақорған болысында отырған найман биі Исламқұл Сәдірмеков хабарды алған соң Ташкентке аттанып кетеді. Жаманбай болысында отырған қоңырат биі Байтерек Жайынбаев Шымкентке қарай сапарға шығады. Маңғытай Саңғылдардың сол кездегі болыс басқарушысы Дүйсембі Сауранбаев деген кісі болған. Ол Түркістаннан солтүстікке қарай 600 шақырым жерге Сарысуға жайлауға көшіп кеткен еді. Сондықтан келе алмайды деген жауап келеді. Негізі Түркістан ояз бастығы майор Реймерстің 20 июнь 1874 ж қатынас хатында көрсетілгендей бұл іске сегіз бидің қатысы болған екен. Осылардың барлығы келіп жауап беруі тиіс болған.  

1875 жылы Арыстанбайдың үстінен жаңа бір іс ашылады. 1868 жылы Шу өзенін кешіп өтіп бара жатқан Сарысу болысының қазақтарын, басқа да сауда керуендерін тонады деген айып тағылады. Бұл сот ісі Көкшетау ояздық судьясының алдында қаралады. Ол кезде Сарысу Көкшетауға қараған. Сарысу ісі бойынша Сарысу сотының шешімі шығып 1860 жылдар соңында және 1870 жылдардың басында Арыстанбайдың Сібір қазақтарының жерінде көшіп қонып жүргені анықталған, сол жылдары ол бір топ жігіттерімен бірге басқа елдің адамдарын тонап, барымталап кеткен екен. Ташкент, Бұхара, Қоқанға бара жатқан саудагерлерді де тонаған. Тергеу делосы Шымкент судьясы тарапынан Ташкент судьясына тапсырылады. 

Осы арыздар және Аманқұл би Кенембаев сияқты билердің, қарапайым азаматтардың көптеген басқа да арыз шағымдардың себебінен Арыстанбай айыпты деп танылып, сотталып, қызметінен алынып тасталады. Сотта кейбір айыптаулар алынып тасталады. Барлық сот шығындарын Арыстанбай өзі төлейді.  1876 жылы Арыстанбай Шу болысына көшіп кетеді. Шу болысының құрметті азаматы деген атақ алады. Кейбір Арыстағы наймандардың шежіресімен айналысып жүрген азаматтар Арыстанбайдың моласын Арыстан, Темірланнан іздеп жүр. Бірақ олар қателеседі, біздің ойымызша ол Шуда қайтыс болған. Нақтысы Арыстанбай Сарысуда немесе Шуда қайтыс болуы мүмкін. Архивтан індетіп іздесе табылады бәлкім. Оның артында іздететін ұрпақтары, жанашыр демеушілері жоқ болып отыр. Ұрпақтары да сол жақта қалуы мүмкін. Біз бір ғана баласын білеміз. Жәкей деген бір баласы Жәкей Арыстанбаев Темірланға келіп тұрған. Темірлан жеріндегі наймандардың бас көтерер азаматы болған. 1920 жылдардағы құжаттар Жәкей Арыстанбаевтың аты көп аталады. Репрессия жылдарында 1920-1930 жылдары Темірландағы, Арыстағы наймандар Өзбекстанға, Тәжікстанға қарай ауып көшіп кеткен, Жәкей Арыстанбаев сол жақта қайтыс болған болуы мүмкін. 1960 жылдары Тәжікстандағы босқындар Қазақ ССР-да мақта егістіктерін дамыту саясатына қатысты жұмыс күші қажет болып, өкіметаралық келісіммен Қазақстанға Темірланға Арыс бойына қайтып қоныс аударады. Ауылда Арыстанбай ұрпақтары қалған  жоқ дейді шежіре жазып жүрген елдің азаматтары. Арыстанбайдың қызықты өмірі, қилы қилы тағдыры болған. Әттең артында іздеуі, сұрауы жоқ болғандықтан елеусіз қалып қойған тұлға болып отыр. Темірланда тұратын бірен-сараң туыс ағайындары болса оны іздетуге қаражатымыз жоқ деп отыр. Осы зерттеуді өз қаражатыма жүргіздім.

 

Нұржан Сәдірбекұлы, тарихшы генеалог. 12.01.2025

Пайдаланылған материалдар:

1. «Арыстанбайға» арнау өлең. Жас Қайрат журналы, 1924 жыл

2. Қазақстан Республикасының Орталық архивы, 345 ф оп 2 дело 46 Приговоры Областного правления Сибирскими киргизами для ревизии 1862г. – 1366 бет

3. Өзбекстан Ұлттық Архивы №И-17 фонд, опись №1, дело №12916 «По обвинению младшего помощника Туркестанского уездного начальника Арыстамбая Арзакулова в преступлениях по должности 1874-1875 гг. на 175 листах»

Ұқсас сілтемелер