Басып шығару нұсқасы
14.12.2017, 13:59

«АрселорМиттал Теміртау» басшылығы наразылық танытқандарды сотқа берді

Шахтинск, Абай, Сарань қалаларының соттарына «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы басшылығынан шахтерлардың наразылығын заңсыз деп тану туралы шағым келіп түсті. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады 7kun.kz.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жауап берушілер қатарында «Қазақстандық», «Шахтинск», «Тентек», «Ленин», «Сарань», Күзембаев атындағы, Костенов атындағы және «Абай» шахталарындағы жұмысшыларды бастап шыққандар мен көміршілердің «Қорғау», металлаургтердің «Жақтау» кәсіподағы мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басқа да жұмысшылары бар.

«Шахтадан шықпай отырғандардың саны 1000-нан астам адам», - деді сотта.

Айта кетейік, 11 желтоқсаннан бері «АрселорМиттал Теміртау» жұмысшылары шахтадан шығудан бас тартып, жалақыны көбейту, зейнетке шығу жасын төмендету сынды бірқатар талаптар қойып отыр. Облыс әкімдігінің мәліметінше, шахтада 600-ден астам жұмысшы отыр. Бүгін компания басшылығы наразылық танытқандармен келіссөз тек жер бетіне көтерілген жағдайда ғана жалғасатынын мәлімдеген.

Ұқсас сілтемелер