Нұрлан Ноғаев балықты шетелге өңдеп сатудың маңызын түсіндірді
02.02.2017, 20:23

Нұрлан Ноғаев балықты шетелге өңдеп сатудың маңызын түсіндірді

Бұл туралы ол бүгін 1 ақпанда Құрманғазы ауданында өткен көшпелі кеңесте айтты. Жиынға Атырау облысындағы балық шаруашылығы саласының дамуына қатысты мемлекеттік қызметкерлер қатысты. 
  Кеңесте Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев балық шаруашылығының өңделген өнімдерін экспортқа шығаруды арттыру мәселесін алға қойды.   "Атыраулық балықты ресейлік кәсіпкерлер сатып алып, терең өңдеп сатып отыр. Бұны біз неге жасай алмаймыз? Елбасы биылғы жолдауында ауылшаруашылық саласы еліміз үшін стратегиялық басым бағыттардың бірі екендігін айтты. Сол себепті біз Атырау облысында экономиканы әртараптандыра отырып, экспортқа  терең өңделген өнімді шығаруға ден қоюымыз керек”,  - деді ол.   Оның айтуынша, бұл тұста түрлі қиындықтар болуы мүмкін. Әйтсе де, бұл түптің түбінде кәсіпкер үшін де, қарапайым тұрғындар үшін де орасан зор пайда. Жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуы да маңызды екендігі айтылды.   Айта кетелік, аймақта балық аулап сатумен айналысатын жиырмаға жуық компания бар. Өндірілген өнімнің тоқсан пайызға жуығы Ресейге, қалған бөлігі Украина, Германия, Франция елдеріне пұлдап отыр. Әйтсе де, экспортқа шығарылып жатқан өнімдердің көп бөлігі өңделмеген күйде кетіп жатыр. Балықты өңдеп сататындар қатарында "Каспий балық", "Амангелді" секілді өндірістік кооперативтер бар. Мәселен, "Каспий балық" кооперативі ешқандай қалдықсыз жұмыс істейді. Компания менеджерлерінің айтуынша, балық қалдықтарынан ұн жасалып, ол мал азығы ретінде сатылады.   Балықшылар жиын барысында балықты тексеруден өткізудің қиындығы мәселесін де көтерді. Олардың айтуынша, кәсіпкерлер аулаған балықтарын сатар алдында лабораториялық тексеруден өткізу үшін жол азабын тартып облыс орталығына баруы керек. Құрманғазы ауданында осындай лабораторияның жоқ екенін алға тартып, қиындығымен бөлісті.   Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев орынбасарына бұл мәселемен айналысып, ауданнан лаборатория ашуды қамтамасыз етуді тапсырды.   Жиында аймақ басшысы былтырғы Құрманғазы ауданына сапары кезіндегі тапсырмалардың орындалысын да сұрады. Аудан әкімі берілген 67 тапсырманың 29-ын ғана орындай алғанын айтты. Қалған тапсырмалар орындалып жатыр.   Айта кетелік, Атырау облысында 40 балық шаруашылығы учаскесі бар. Кәсіпшілік балық аулаумен 19 балық шаруашылығы субъектісі айналысып отыр. Былтыр жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін бюджетке ‪213 104 478‬ теңге түскен.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер