Басып шығару нұсқасы
30.05.2025, 19:10

Талдықорғанда «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ есептік отырысы өтті

Бүгін Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің соңғы жылдардағы қызмет барысы туралы есептік отырысы өтті.

Жиынның модераторы – Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы, бірлестіктің облыстық филиалының жетекшісі Гүлнар Тойлыбаева болды.

Іс-шараға «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев, «Мемлекеттік және басқару институты» коммерциялық емес білім беру мекемесінің ректоры Әбікен Тоқтыбеков, еліміздің барлық облыстарынан келген мәслихат төрағалары мен бірлестіктің өңірлік филиал жетекшілері, сондай-ақ Жетісу облысының депутаттары қатысты.

 

Отырыстың күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды:

1. «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ қызметінің есебі. Жиын барысында ұйымның өткен кезеңдегі жұмысы қорытындыланып, өңірлердегі бірлестік қызметінің жай-жапсары талданды.

2. ҚР Парламенті Сенаты жанындағы мәслихаттармен өзара іс-қимыл кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылған ұсыныстарды іске асыру тетіктері туралы. Бұл бөлімде қатысушылар мәслихаттар қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстарды жүзеге асыру жолдарын талқылады.

 

Бұл ретте «Қазақстан мәслихат депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев 3-4 сәуірде Тәуелсіздік сарайында өткен айтулы іс-шараның бұрынғы-соңғы жиындардан концептуальдығымен ерекшеленгенін атады.

«Өздеріңізге мәлім, ол отырыста Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында, Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысындағы бастамалары негізінде бірқатар ұсыныстар айтылды. Соларды іске асыруда мәслихаттар белсенділігінің шешуші рөл атқаратыны даусыз. Мәселен, Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың оқыған баяндамасы бізге нақты бағыт-бағдар беруімен құнды идеологиялық-стратегиялық жоба болды», – деді ол.

 

Бұдан бөлек Төлеубек Төлеуұлы: «2022 жылғы конституциялық реформалардың аясындағы мәслихаттар дербестігін нығайтқан жүйелі шаралар нәтижесінде көп нәрсеге қол жетті. Қолымызда күш бар. Тек дұрыс қолдануымыз керек. Айталық, Әдістемелік орталық құру деген қашаннан айтылып келе жатыр. Бұған дейін РҚБ сіздерді өз күшімен ұйымдастыру, ақпараттық-материалдық жағынан қамтамасыз етіп келді. Қаншама кітап жарық көріп, тұрақты түрде журналдар шығуда және тағы басқа іс-шаралар бар. Бірақ бұл жеткіліксіз. Сіздер де кеңінен атсалысуларыңыз керек», – деп тұжырымдады.

 

Отырыстың қорытындысы бойынша бірқатар шешімдер қабылданып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды.

 

Айта кетейік, Жетісу облысындағы бұл басқосу екі күнге созылды. Бірінші күні қатысушылар Сарқан ауданын аралап, жергілікті «Фисюков Ю.В.», «Туралыков», «Нұрбек» сынды жеке қосалқы шаруашылықтар жұмысымен танысқан еді.

 

Анықтама ретінде: «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ 2005 жылы еліміздің барлық өңірлеріндегі мәслихат депутаттарының бастамасымен, сондай-ақ шетелдік тәжірибені ескере отырып құрылған. Қазіргі уақытта бірлестіктің өңірлерде филиалдық-өкілдік құрылымдары бар. Бұл филиалдардың жұмысын филиал төрағалары (әдетте, мәслихат төрағалары) басқарады және еліміз бойынша барлығы 223 мәслихатты қамтиды. Олардың қатарында 20 облыстық, 37 қалалық және 166 аудандық мәслихат бар.

Жарғыға сәйкес, РҚБ-ның басты мақсаты – қоғамды одан әрі демократияландыруға, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыруға, әлеуметтік әділеттілікті орнықтыруға, елдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған экономикалық және саяси реформалар саласында белсенді жұмыс істеу үшін мәслихат депутаттары мен еліміздің өзге де азаматтарын ерікті түрде біріктіру.

 

Ұқсас сілтемелер