Басып шығару нұсқасы
21.12.2017, 18:38

Елбасы атына Тәуелсіздік күніне орай хаттар мен жеделхаттар келіп түсті

Мемлекет басшысының атына ұлттық мерекеміз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай хаттар мен жеделхаттар келіп түсті, деп хабарлайды akorda.kz.

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтау жеделхаттар келіп түсті.

Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани өзінің хатында: «Соңғы жылдары ортақ мақсат пен мүдденің арқасында біздің екіжақты қарым-қатынасымыз жемісті дамып келе жатыр. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы өңірдегі ынтымақтастық пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі сенімді серіктес болып саналады», – деп атап көрсеткен.

Морокко Королі VI Мұхаммед жеделхатында өзара құрмет пен достыққа негізделген екі ел арасындағы қарым-қатынастарға жоғары баға беріп, оның әрі қарай табысты дами түсетініне сенім білдірді.

Австралияның генерал-губернаторы Питер Косгроув өзінің жеделхатында: «ЭКСПО-2017» көрмесінің Астана қаласында табысты өтуімен құттықтаймын. Бұл шара үкіметтеріміздің өкілдері мен білім саласындағы мамандарымыздың кездесулер өткізуіне мүмкіндік берді», – деп атап өткен.

Мемлекет басшысына және Қазақстан халқына өзінің құттықтауларын Швеция Королі Карл XVI Густав пен Бруней Сұлтаны Хаджи Хассанал Болкиях жолдап, бақ-береке тіледі, сондай-ақ еліміздің өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдірді.

Ұқсас сілтемелер