Басып шығару нұсқасы
02.11.2017, 03:24

Шымкенттіктер экс-әкіміне арнап ән шығарды

Шымкенттік белгісіз әншілер өздерінің бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа арнап ән жазды, деп хабарлайды Baq.kz-тің өңірдегі тілшісі.

Күні кеше қызметімен қоштасқан Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты халық қимастықпен шығарып салып отыр. Кешеден бері әлеуметтік желілерде тұрғындар экс-әкімнің жұмысын бағалап, оның жаңа қызметіне табыс тілеп, мақтауларын жаудырып жатыр. Бүгін шымкенттік бір топ жас Әбдірахымовқа арнап ән жазып, оның жұмыс барысындағы әрекеттерінің видеосынан клип әзірлеген.

Креативті идеямен жасалынған видеоның желіге салынғанына бір сағат та уақыт өтпесе де, әп-сәтте Қазнетті шарлап кетті. Шымкенттіктер Айқын Төлепбергеннің «Как дела?» әнінің мәтінін өзгертіп, орындап шыққан. Онда Әбдірахымовтың қызметін ауыстырғаны, қыста аязды Астанада қалай жаурамай жүретіні әзілдеп айтылады.

Қызметін ауыстырған әкімге арналған әннің қайырмасында «Как дела, Ғабидолла?» деген сөзін естіген желідегілер аталған видеоны бір-бірімен бөлісуде. Әнді орындаған жастардың кім екені белгісіз.

Еске сала кетсек, Ғабидолла Әбдірахымов кеше әкімдік лауазымнан босап, жаңа қызметке тағайындалды. Енді ол «Нұр Отан» партиясының хатшылық қызметін атқармақ. Бүгін Шымкент әкімдігінде еңбек етіп жүрген кезінде қол астында жұмыс істеген қызметкерлерімен қоштасқан бұрынғы әкім оларға алғысын айтып, тіпті ренжіткен болсам, кешірім сұраймын деп те ағынан жарылған болатын.

 

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

 

Ұқсас сілтемелер