Басып шығару нұсқасы
05.12.2017, 00:36

500 теңгелік банкнотта неліктен "Москва" бизнес орталығы бейнеленген?

Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл 500 теңгелік жаңа банкнотада "Москва" бизнес орталығының бейнеленуіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Әлеуметтік желілерде, БАҚ-та және халық ішінде 500 теңге номиналындағы жаңа банкнотаға қатысты дау шықты. Қаржы реттеушісі осы банкнотаға қатысты тіпті түсінік берді. Сөзсіз, коммерциялық "Москва" бизнес орталығының 500 теңге номиналындағы банкнотада бейнеленетіндей еліміз үшін ешқандай да игі мәні жоқ. Әлемдік тәжірибеде ұлттық купюрада символдық мәні бар суреттерді басу үрдісі бар. Сондықтан қоғам да, орталық банктер де бұл мәселеге бей-жай қарамайды", - дейді депутат Бақытбек Смағұл.

Оның айтуынша, Ресейде 200 және 2000 рубльдік жаңа банкноталарды жалпыхалықтық дауыс беру бойынша бекіткен, ал Қазақстанда да ұлттық валюта дизайны халықпен талқылануы қажет. "Бұл өте маңызды мәселе ғой, себебі ұлттық валютада ненің бейнеленетінін Ұлттық банктің дизайнерлері ғана емес, оны қоғам да талқылауы тиіс", - дейді ол.

Сондай-ақ, ол ұлттық валютада "Рухани жаңғыру" бағдарламасын және түркі әлемінің киелі орындарын бейнелеуді ұсынды.

"Біздің валютадағы жазулар латын графикасына өтумен шектеліп қалмауы тиіс. Онда киелі орындарды, қазақстандықтар үшін ғана емес, түркі әлемі үшін де елеулі орындар көрсетілуі тиіс. Табу үшін алысқа барудың немесе Интернеттен іздеудің қажеті жоқ. (...) Ұлттық ақшамызда киелі орындарды бейнелей отырып, оны Қазақстан халқына, жастарға, шетелдік туристерге және әлемдік коллекционерлерге насихаттауды ұсынамын", - деп қорытты ойын мәжілісмен.

Еске салайық, мұның алдында ҚР Ұлттық банкінің өкілдері банкнотадағы құстың суретіне қатысты пікір білдірген еді.

"Бұл жағдайда Ұлттық Банктің дизайнерлері натура ретінде құстың суретін қолданды. Жаңа банкнотадағы шағаланың ұқсастығы оның көп кездесетіндігімен түсіндіріледі. Банкнотада бейнеленген шағаланың кейпі мен ұшып бара жатқан сәті мұндай қанаттылар түріне тән. Мұндай суреттер өте көп", - деп түсіндірген еді Ұлттық банктегілер.


Ұқсас сілтемелер