Басып шығару нұсқасы
24.12.2017, 09:35

«Кәрі қыз». Бұл - оң босағада отырған қыздарға жасалған психологиялық шабуыл

Қыз – қонақ. Әке-шеше­сінің   шаңырағы - оған «қонақ  үй». Қонағын Құ­дайындай  сыйлаған  қазақ сол себепті де  оларды  алақанында  аялаған. Өрімді­лер­дің  арқасында өріс кеңейді деп білген. Онысы  рас.  Арулар алысты жақын­датады. Құйрық-бауыр­  жегізіп, күйеу­ді жүз жылдық, құданы мың жылдыққа жеткізеді. Сол әрбір үйдің  шолжаң  ерке­сі үйінен өзі  құратын  отауға  ұзатылады, деп жазады halyk-gazeti.kz.

Қалыңдық қандай пайда әкеледі? Бастысы, әйел ба­қытына бөленеді. Ана бақытын ұялмай сезінуге үміті бар. Тойда  ет  жақындарының терін шығарып тұрып билеткізеді. Бүлдіршіндерді кәм­пит тергізіп, қуанышқа кенелтеді. Анасының көзіне жас оралады, әкесінің асқар тау екендігін сезіндіреді. Бір ғана  адам  қаншама жақ­сылық жасап тұр. Көрдіңіз бе?! Теңдессіз тегін сезімдерді тарту етіп тұрғанын. Ал оң босағада отырған қыз тек қаржылай көмек көрсете алады­.

Дереу олай ойламаңыз. Біз жасы егде тартқан қыздарды жазғырғалы жатқан жоқпыз. Әркім өз өмірінің қожасы. Не істейді, не қояды, өзі біледі. Алайда «айтпаса, сөздің атасы өледі». Олардың өзінен бұ­рын қоғамға да кері әсерін тигізіп жат­қанын ел біледі. Осы мәселені зерттеуші белгілі демограф Мақаш Тәтімов былай деген: «Кәрі қыздар көп. Бұл дегеніңіз – көтерілмеген шаңырақ, ашылмаған гүл, туылмаған  сәби». Аттай тулайтын сөз айтылды. «Кәрі қыз». Бұл - оң босағада отырған қыздарға жасалған психологиялық шабуыл. Сөз сү­йектен өтеді. Жалпы, намысты қыздардың шамына тиеді. Осылай айту дұрыс па өзі?! Көңіл қалдырады. Дегенмен етек-жеңді жинап, жан-жақтағы жігітке көз салдыруға септігін тигізеді.

«Басқа салғаны осы шығар. Тағ­дырдың жазғанына көнеміз де». Тұрмыс құрмаған қыздардың үйрен­шікті әңгімесі. Діни тұрғыдан алып қа­райықшы. Алла  тағал­а  адамға  ата-анасын­, тұрмыстық  жағдайын, нәсілін, жынысын, ұлтын, денінің саулығын таңдауға мүмкін­дік бермейді. Алайда әрбір тұлға өз өмірі үшін өзі шешім қа­былдайды. Қай жолды тура­лай­тыны оның ішкі ойына­ тікелей  бай­ланысты. Демек  адам  өз  өмі­рін өзі құ­рас­тырады. Тағдырды кінәлаудың  түк  те қажеті жоқ.

Бәрін қоя берейік. Тұрмыс құруға тосқауыл болатын тағы бір жағдайды мысалға келтірсек. Бойжеткеннің отау құруға ойы кетеді. Содан ата-анасына ішкі сырын айтты делік. «Оқу бітіріп алып, наныңды жегіз» деген сөз де бұл арада тыс қалмайды. Қалыңмалдың жөні тіптен бөлек. Қанаттыға қақ­тырмаған қызына өлген әкесі­нің құнын сұрайтындар да кезіг­еді. Амал нешік?! Қатардан қалыс қалғысы келмей, әке-шешесінің айдауынан шыға алмайды. Сол қалыңмал мен сүтақыға кететін қаржыны біреудің қалтасы көтерсе, екін­шісінде жоқ.

Халқы  неғұрлым көп болса, сол мемлекет тарихта ұзақ уақыт қалуға таласа алады. Сапада­н бөлек, адам саны да рөл ойнайды. Біз өмір сүр­генде қоғамға да қажет екені­мізді естен шығармағанымыз абзал.

Ұқсас сілтемелер