Қазақстан мемлекеттік және жергілікті басқару жүйесінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, білікті ұйымдастырушы, Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының ректоры, «Мәслихат және әкімдік» журналының бас редакторы Әбікен Әбілұлы Тоқтыбеков өмірден өтті.
Бұл – тек бір әулеттің ғана емес, күллі мәслихаттар қауымының, мемлекеттік қызмет жүйесінің, жергілікті өзін-өзі басқару саласының орны толмас қайғысы.
Әбікен Әбілұлының бүкіл саналы ғұмыры ұлт пен мемлекетке қызмет етуге арналды. Ол мемлекеттік басқарудың теориясын ғана зерттеген ғалым емес, оны тәжірибеде қалыптастыруға тікелей еңбек сіңірген тұлға еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізде жергілікті өкілді билік институттарын қалыптастыру, мәслихаттардың қызметін жетілдіру, депутаттардың кәсіби әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстардың бел ортасында жүрді.
Өзі басқарған Мемлекеттік және жергілікті басқару институты ондаған жылдардан бері мыңдаған мәслихат депутаттары мен аппарат қызметкерлерінің, әкімдер мен мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттырудың негізгі орталықтарының біріне айналды. Бұл жетістіктің артында Әбікен Әбілұлының ұйымдастырушылық қабілеті, талапшылдығы және мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруға деген табанды ұстанымы тұрды.
Ол бас редактор болған қазақ және орыс тілдерінде шыққан «Мәслихат және әкімдік» журналы нешеме жылдар бойы жергілікті мемлекеттік басқару мәселелерін талқылайтын, тәжірибе алмасатын, заңнаманы жетілдіруге арналған ұсыныстар жарияланатын беделді кәсіби алаңға айналды. Әбікен Әбілұлы осы басылым арқылы елдің түкпір-түкпіріндегі депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлердің тәжірибесін ғалымдар танымымен тоғыстырып, жергілікті басқару мәдениетінің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Әсілінде оның Жұмабай Тәшеновтің, Өзбекәлі Жәнібековтің, Нағашыбай Шәйкеновтің, Кәкімбек Салықовтың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа таныстырудағы қайраткерлігін де атап өтпей болмас.
Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігімен оның байланысы ерекше болды. Ол біздің ұйымның барлық бастамасына жанашырлық танытып, өңірлердегі мәслихаттардың беделін көтеру, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту, депутаттардың құқықтық және кәсіби даярлығын жетілдіру мәселелерінде әрдайым пікірлес, кеңесші әрі сенімді серіктес болды.
Біз бірге көптеген маңызды жобаларды жүзеге асырдық. Әсіресе мәслихатшылардың құзіретін көтеруге арналған қазақ және орыс тілдерінде шыққан «Мәслихат депутатының күнделікті кітабының» алар орны ерекше. Оның сыртында «Мәслихат депутаты қандай болуы керек?» кітабына да бір кісідей атсалысты. Мәслихат төрағалары және депутаттарына берген тренингтерінің санына жетіп болмайды.
Кеше ғана емханадан шығысымен алдағы айларға жоспарланған іс-шаралар тізбесін талқылап сөйлескен едік. Ортақ жоспарларымыз көп болатын. Амал не, тағдырдың жазуына қарсы тұру мүмкін емес екен. Сол жоспарлардың енді Әбікен Әбілұлынсыз жүзеге асатынын қабылдау өте ауыр.
Ол қандай қызмет атқарса да, ең алдымен есімі үлкен әріппен басталатын адам болып қалды. Кішіпейілдігімен, қарапайымдылығымен, зиялылығымен, әріптестеріне деген сыйластығымен ерекшеленді. Оның құзырына келген адам мәселенің шешімін ғана емес, ақыл-кеңесін, азаматтық қолдауын алып шығатын. Сондықтан да оны әріптестері басшы ретінде ғана емес, ұстаз, қамқор аға ретінде құрметтеді.
Бүгінгі күні еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жүрген мыңдаған мемлекеттік қызметкер, мәслихат депутаты, әкім мен басқарушы мамандардың кәсіби қалыптасуында Әбікен Әбілұлының қолтаңбасы бар десек, артық айтқандық емес. Бұл – оның халқына қалдырған ең үлкен мұрасы.
Өмірде адамның байлығы да, мансабы да уақытша. Ал елге сіңірген адал еңбек, артында қалған шәкірттері мен игі істері ғана мәңгі жасайды. Әбікен Әбілұлы дәл осындай өнегелі ғұмыр кешкен азаматтардың қатарынан орын алды.
Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі атынан және жеке өз атымнан Әбікен Әбілұлы Тоқтыбековтің отбасы мен туған-туыстарына, әріптестері мен шәкірттеріне, барша жақындарына қайғыра көңіл айтамын.
Қазақ елінің мемлекеттік басқару жүйесін дамыту жолында аянбай еңбек еткен арда азаматтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады.
Иманы саламат, жаны жәннатта болсын!
Төлеубек Мұқашев,
«Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы