Басып шығару нұсқасы
14.03.2018, 17:16

Қазақстан мен Тәжікстан арасында дін саласындағы ынтымақтастық бойынша меморандумға қол қойылды

Бүгін Астанада Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Дін істері, ұлттық дәстүрлер, мерекелер мен салт-жораларды реттеу Комитеті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды silteme.kz АА.

Құжатқа Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев пен Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Дін істері, ұлттық дәстүрлер, мерекелер мен салт-жораларды реттеу Комитетінің төрағасы Давлотзада Сулаймон қол қойды.

Меморандум аясында дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу саласында, оның ішінде діни экстремизмнің алдын алу мәселелері бойынша тәжірибе алмасу қарастырылған.

Тараптар өзара қызығушылық тудырған мәселелер бойынша кездесулер мен іс-шаралар ұйымдастырып, нақтырақ айтқанда деструктивті діни идеологияның және діни экстремизм көріністерінің таралуын болдырмау мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлауда.

Бұдан бөлек, тараптар бірлескен зерттеулер жүргізу үшін ғылыми-зерттеулермен айналысатын ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіруде.

Құжатта тараптар бірлесе өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары шеңберінде дін саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыратындығы көрсетілген.

Сондай-ақ, Қазақстандық және тәжікстандық ведомства басшылары екіжақты ынтымақтастық мәселелерін де талқылады.

 

Ұқсас сілтемелер