Басып шығару нұсқасы
04.11.2016, 10:02

Арыстар ақталған күн

Қазақ елі үшін 4 қараша несімен құнды? Бәлкім біреу білер, біреу білмес, дәл осы күні алаш арыстары ҚазКСР Жоғарғы соттың шешімі бойынша ақталған болатын. Нақтырақ айтсақ, 1988  жылдың 4 қарашасында Жоғарғы соттың қылмысты iстер жөнiндегi алқа мәжiлiсiнде «Кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан «Алашорда» қайраткерлерінің контрреволюциялық, террористік астыртын құпия ұйымын әшкерелеу ісіне» қатысты сот үкімі қайта қаралады. Аталған істі қайта қарау алаш ардақтыларының ақталып, ортамызға оралуына түрткі болды. Мұның шарапатын ең біріншіден, жазықсыз жапа шеккен арыстардың ұрпақтары көрді. Өйткені, ес білгелі олардың мойнына «халық жауының ұрпағы» деген қарғыс таңбасы ілінген болатын. Екіншіден, осы оқиғадан кейін еліміздегі тарихшы-ғалымдар алаштануға ден қойып, батыл әрекетке бара бастады. Қазіргі таңда алаш арыстарының еңбектері қайта жарық көріп, ғалымдардың көптеген монографиясы оқырманға жол тартты. Әйтсе де соған қарамастан алаштану саласы алшаң басып кетті деп айта алмаймыз.

Жалпы, ресми алаштанудың басталғанына 25 жыл толғанымен, оның тамыры тым тереңде жатыр. Нақтырақ айтсақ, алаштануға арналған алғашқы пікірлер мен зерттеулер 1919-1920 жылдары мерізімді баспасөзде жариялана бастады. Осы мәселе бойынша қалам тартушылардың көш басында ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы мен қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин болды. Сондай-ақ бұдан өзге де азаматтар алаш тарихы туралы еңбектер жаза бастады. Дегенмен олардың жазған еңбектері алашорда тарихын біржақты қаралап, жоққа шығаруға бағытталған болатын. Сондықтан да алаштанудың бағы соңғы 25 жылда жанды десек артық айтпағандық болар еді. Өйткені осы кезеңде алаш арыстарының артында қалған мұралары мүмкіндігінше оқырманның қолына тиіп, мәре-сәре болды. Әйтсе де алаш арыстарының еңбектері толыққанды жинақталып, оған алаштанушылар тиісті бағасын берген жоқ. Басқасын айтпағанда, биыл 100 жылдығы аталып өтіп жатқан «Қазақ» газеті оқырманның қолына жетпей отыр. Тек қана басылымның 1913-1914 жылдарда шыққан тігінділері ғана арнайы кітап болып шықты. Дегенмен аталған кітапқа екінің бірінің қолы жете бермейді. Ал қалған 4 жылда «Қазақ» газетінде не жазылғанын қарапайым оқырманды айтпағанда алаштанушылардың өзі білмейді. Шын мәнісінде «Қазақ» газетінің 100 жылдығына орай аталған басылымның тігінділері кітап болып түгел басылып шығуы тиіс еді. Өйткені 1913-1918 жылдары шыққан газетте алаш тарихы кең көлемде қамтылған. Өзінің 100 жылдығында басылып шықпаған газет қашан оқырманның қолына жетеді? Өкінішке қарай, ол жағы белгісіз.
Иә, осыдан дәл 25 жыл бұрын алаш арыстарына жабылған жаланы қайта қарау туралы үкім шықты. Міне, осы үкімді қайта қарауға Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы Т.К.Аймұхамбетов, Жоғарғы соттың мүшелерi К.Т.Кенжебаев, Е.Л.Грабарник және Қазақ КСР Бас прокуроры Ғ.Б.Елемесов қатысты. Жиыны 14 томдық тергеу iсiнiң егжей-тегжейiн зерделей тексерiп, барлық куәлардың шағымдарымен танысып, тергеу тарапынан өрескел бұрмалаушылық пен заңсыздықтардың жол берiлгенiн анықтады. Сол кездегі Құқықтық комиссияның төрағасы, «Жұлдыз» журналының сын бөлімінің меңгерушісі, жазушы Т.Жұртбайдың Жоғарғы соттың мүшесі К.Кенжебаевқа берген әдеби сараптамалық қорытындысы бойынша «Алашорда» қайраткерлерінің шығармалары мен ғылыми еңбектерінде кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізілмегені расталды. Соның нәтижесінде Қазақ КСР-нің Қылмыстық және праволық Кодексінiң 375-бабын басшылыққа ала отырып Жоғарғы сот:
«Шешiм: СССР Халық Комиссарлар Советiнiң жанындағы ОГПУ-дің (Біріккен Мемлекеттік Саяси басқарманың - Т.Ж.) ІV коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Міржақып, Аймауытов Жүсiпбек, Есполов Мирза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әдiлев Дiнмұхамед, Бiрiмжанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Сафа, Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Дамолла, Болғанбаев Хайретдин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрiм т.б жөнiндегi қаулысының күшi жойылсын, олардың iс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын. Қазақ ССР прокурорының наразылығы қанағаттандырылсын» деген шешім шығарады.
Алаш ардақтысын ақтап алу ол заманда оңайға соқпағаны белгілі. Өйткені оларды ақтап алу былай тұрсын, тіпті алаштықтардың атын атаудың өзі ол уақытта қылмыс болатын. Әйтсе де дәл сол кезде Кеңес үкіметінің алаш арыстарын ақтамай, қасарысып тұрар қауқары да қалмаған-ды. Дей тұрғанмен «жыламаған балаға емшек жоқ» екенін ескерсек, алаш арыстары оп-оңай ақтала қоймағанын аңғарамыз. Шын мәнісінде алаш арыстарының ақталуына біз бүгінде жиі сынайтын Олжас Сүлейменовтің көп үлес қосты.  Нақтырақ айтсақ, 1987 жылы 13 қаңтар күні Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов: 1). Желтоқсан оқиғасына байланысты ұсталған және қысым көріп жатқан студенттер мен жастарды қорғау мақсатында. 2). Репрессияға ұшыраған жазушылардың мұраларын ақтау бағытында. 3). Басылымға тиым салынған шығармаларды қайта жариялаудың мүмкіндігін қарастыру барысында Тұрсын Жұртбайға Праволық комиссия құруды тапсырады.
Міне, осының нәтижесінде 1988  жылдың 4 қарашасында «олардың iс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын» деген Жоғарғы соттың шешімі шығады. Аталған шешім сол кездегі жастардың жаппай алаштануға бет бұруына себеп болды. 1988 жылы  алаштануға бет бұрған жастардың көпшілігінің есімі қазіргі таңда елімізге кеңінен танымал болды. Бұл алаш арыстарының артында қалдырған мұраларының өміршеңдігін білдіреді. Өйткені алашордашыларды тәуелсіз Қазақ елінен ешуақытта бөле-жара қарай алмаймыз. Әйтсе де солай бола тұра алаштану саласы елімізде көңіл қуантарлық деңгейде емес. Оны біз емес, алаштанумен жастайынан айналысып келе жатқан азаматтар айтып отыр. Жалпы осы ширек ғасыр ішінде алаштануда не істелді, сондай-ақ алдағы уақытта не істелуі керек? Бұл сұрақты алаш тарихын зерттеп жүрген азаматтарға қоюды жөн көрдік.

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Алаш мәдениет және рухани даму ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD доктор:

«Алаш көсемдері қалдырған мол мұра жиналып болған да жоқ»

Осы күні алаштанушы ғалымдардың дені біржола келмеске кеткен Кеңес империясының Алаш қайраткерлерін нақақтан-нақақ айыптармен жаппай өлім жазасына кескен, азап лагерлеріне айдаған немесе атқаны туралы құжаттарымен бірге, 1980-жылдардың соңына қарай оларды енді «жаппай» ақтаған іс-қағаздарын да бұрқыратып жариялауға құштар. Осыдан бір ой туады: көш соңында қалған халқын өрге жетелеп, қайтсем ұлттық елдігіміздің қара шаңырағын қайта көтерем, босағасын бекітемін, қайтсем де гүлдетем деп жүріп өз өмірін құрбандыққа шалған Алаш ардақтыларын ақтаудың еш қажеті жоқ еді. Менің түсінігімше, Алаш қайраткерлерін «ақтау» – олардың аруақтарын қорлау. Өйткені, біріншіден, олар халқының алдында да, Алланың алдында да ақ болатын. Қалың елі қазағының жадында олар әрқашанда сүттен ақ, судан таза болып сақталып келді. Оларды уақыт пен тарихтың өзі ақтады. Екіншіден, Алаш қайраткерлерін жаппай қырған кеңес өкіметінің өзі де, оның белшесінен қан кешіп құрған мемлекеті де құдай ұрып тамұққа кетті. Сондықтан оларды «ақтаған» құжаттарды жариялау тарих үшін де, халық үшін де еш қажеті жоқ. Алаш қайраткерлерін «ақтау» – кеңестік зұлым империяның құрдымға кетер алдындағы жан-тәсілімі, өзін-өзі ақтамақ болғаны еді. Ақыр аяғында істеген қара істерін мойнымен көтере алмай қирап құрыды.
Не істелді дегенге тоқталсам, ауыз толтырып айтатын ештеңе жоқ. Әркім, әр институт не университет, тіпті әр өлке немесе облыс өз білгендерінше өз жерінде туған Алаш қайраткерін бөліп алып, жеке-жеке, жұлма-жұлма етіп зерттеп, мұрасын жинап басып, төл тумасына шаң жуытпай, бірыңғай дәріптеумен әуре. Ширек ғасыр өтсе де Алаш қозғалысының тарихы бейтарап әрі сыни көзқарас тұрғысынан терең әрі жан-жақты зерттеліп, бүгінгі де келешек ұрпақ тағлым алатын салиқалы, іргелі тарихи еңбек жазылды деп айта алмаймын. Бәлкім, ондай еңбек жазу ертелеу де болар. Өйткені, Алаш көсемдері қалдырған мол мұра, рухани байлық толық жиналып болған да жоқ.
Әрине, дау жоқ, халқымыздың сонау көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі үзілмеген, біртұтас тарихын бастан-аяқ жазып шығу керек. Әйтсе де, бірінші кезекте және ең алдымен, Алаш қозғалысының, Алаш партиясының, Алашорда автономиясының тарихы мен Алаш қайраткерлері атқарып кеткен істерінің буыны қатаймаған бүгінгі елімізге беретін тарихи тағылымы, үлгі-өнегесі әлдеқайда жақын әрі құнды.
Не істелуі керекке келсем, Алаш қозғалысының тарихын Қазақ хандықтарының Ресей империясына өз ықтиярымен бодан болып қосылуы және сол қосылудың кейінгі салдарының тарихымен тығыз байланыстыра қарастыру, зерттеу керек. Жалпақ тілмен айтсам, Қазақ хандықтары Ресейдің құрамына судай сіңіп, қасықтай батамын деп кірген емес, автономиялық, вассалдық мемлекет боламыз деп кірді. Әлихан Бөкейханның шығармаларын мұқият оқысаңыз, осыған көз жеткізесіз. Ең бастысы, Ресейге қосылу туралы келісім-шарттар, грамоталар бойынша Қазақстан де-юре ешқашан Ресейдің соғысып басып алған отары болған емес, Ресейдің әлгі келісімдерді әлімжеттікке салып, біржақты әрі өрескел бұзуының салдарынан іс жүзінде, яғни де-факто отарына айналды. Күні бүгін қарапайым оқырман ғана емес, ғалыммын деушілердің ауыздарынан жиі естуге болатын бір пікір: Алаш көсемдері ұлт автономиясын Ресейден бөліп алуды көздеген жоқ, Ресейдің құрамында қалуды көкседі-мыс.
Оған айтарым, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысы, алдымен, орыс империясы құрамындағы қазақтың автономиялық, вассалдық мәртебесі мен құзырын заңды әрі іс жүзінде қалпына келтіріп алу (status quo), оны нығайту, содан кейін ғана дербес әрі ұлттық егемендікке қол жеткізуді көздеді. Алаш тарихы, Алаш қайраткерлерінің мұрасы терең әрі жан-жақты зерттелсе, осыған көз жетеді. Алаш тарихынан, әсіресе Алаш қайраткерлерінің іс-әрекетінен тек тағлым, бірыңғай үлгі-өнеге аламыз деу ағаттық. Сұқтанатын, ащы сабақ алуға болатын тұлғалар да жоқ емес. Шынайы тарих сол үшін керек. Сол себепті тарихымызға, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан сияқты сын көзбен қарай білуіміз керек.


Светлана СМАҒҰЛОВА, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы:

«Алаш зиялылары жайлы деректі және көркем фильмдер түсірсек»

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Алаш қозғалысы тарихы кең түрде зерттеу нысанына айналды. Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің қызметін алғаш болып қолға алған К.Нұрпейіс, М.Қойгелдиев, Д.Аманжолова және т.б. тарихшы ғалымдар тарихи шындықты қалпына келтіріп қана қоймай, Алаш қозғалысына деген жаңа көзқарасты қалыптастыра отырып, алаштану саласының негізін салды. 90-жылдары аталған ғалымдарымыздың Алаш қозғалысына арналған монографиялық еңбектері жарық көрді.
Мұрағат құжаттарында бұрындары құпия сақталып келген құжаттардың зерттеушілердің кең түрде пайдалануына жол ашылуы Алаш партиясына, Алашора үкіметіне мүше болған ұлт зиялыларының өмір жолдары мен олардың қазақ қоғамына сіңірген қызметтерін дүйім халыққа жеткізуге мүмкіндік туды. Нәтижесінде аттарын атауға тыйым салған Алаш қозғалысының Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Тынышпаев, Ж.Ақбаев, Р.Мәрсеков және тағы басқа Алаш қайраткерлері туралы ғұмырнамалық еңбектер жарық көрді. Ғылыми зерттеу нәтижесінде Алаш ісіне, Алаш қозғалысының жеке тұлғаларына қатысты диссертациялық, жеке монографиялық еңбектердің жазылуы алаштану үлкен ғылыми бағытқа айналғанын дәлелдеп берді. Алаш зиялыларының мұрасын жинақтап, құрастырып, халық игілігіне ұсынған С.Аққұлұлы, М.Әбдеш, М.Құлмұхамед, Д. Қамзабекұлы, Х.Тұрсын, Т.Жұртбаев, Б.Мүрсәлім, Ғ.Әнес, Е.Сайлаубай және т.б. ғалымдардың еңбектері алаштану ғылымының нәтижесі десек те болады.
Соңғы 25 жылда іске асқан шаруалардың жемісіне аталған еңбектерден басқа Ұлт теңдігін жалау етіп қазақ халқының жарқын болашағы жолында күрескен алаш қайраткерлеріне арнап шығарылған 2004-2007 жылдар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен ҚР Президенті мұрағатының дайындауымен «Алаш қозғалысы – Движения Алаш» деп аталған бес кітаптан тұратын төрт томдық құжаттар мен материалдар жинағын, «Алашорда» фотоальбомын (Б. Мүрсәлім), «Арыс» баспасынан жарық көрген «Алаш. Алашорда» энциклопедиясын, «Алаш» партиясының органы болған «Қазақ» газінің факсимлдік басылымын жатқызсақ артық болмас.
Кеңес өкіметі жылдарында жабық тақырыпқа айналып, есімдері мен еңбектері әлі де болса ескерусіз қалған Алаш арыстары жетерлік. Ендігі мақсатымыз, осы азаматтарды халық арасына ұлықтау үшін Алаш қозғалысы қайраткерлерінің тұрған және қызмет еткен орындары мен мекемелеріне ескерткіш тақта орнатып, «Алаш қозғалысы» сериясын ашып, соның аясында ғылыми және әдеби шығармалар жарияласақ, Алаш зиялылары жайлы құжатты, деректі және көркем фильмдер түсірсек, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанар еді.

Серік ЖОЛДАСБАЙ
"Жебе" газеті, 31 қазан 2013 жыл

Ұқсас сілтемелер