Басып шығару нұсқасы
04.05.2018, 11:16

Сабыр Рахымовтың Ташкенттегі ескерткіші орнына қайта қойылатын болды

Генерал Сабыр Рахымовтың Ташкенттегі ескерткіші бұрынғы орнына қайта қойылатын болды. Бұл туралы Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев Наманган облысына қарасты Нарын ауданындағы жиын барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі gazeta.uz сайтына сілтеме жасап.

Аталған жиында көрші елдің мемлекет басшысы ескерткішті орнына қайтару тарихи әділдік болар еді деген пікірін білдіріп кетті. Әрі бұл шаруаны 9 мамырға дейін бітірген дұрыс болатынын атап өтті.

Айта кетейік, генерал Сабыр Рахымовтың ескерткіші 2010 жылдың соңына дейін Ташкенттің орталығындағы Алмазар (бұрынғы Сабыр Рахымов) ауданы әкімдігі ғимаратының алдында тұрған болатын. Кейін сол кездегі президент Ислам Каримовтың бұйрығымен қазақ генералына орнатылған тас мүсін Ғафур Ғұлам атындағы саябаққа көшірілген еді.

Аудан атының өзгертілуі қоғамды түрлі пікірталас туындатып, көпшіліктің талқысына түсті. Ғалымдар мен аудан өкілдері жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша тарихи атаудың қайта берілгені дұрыс деген пікір айтқан болатын.

Айта кетейік, Сабыр Рахымов 1902 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданы, Көкібел ауылында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, жас қалған Рахымовты шешесі (өзбек қызы) Өзбекстанға алып кеткен. 1922 жылы сол жақтан әскер қатарына шақырылған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда полк, кейін дивизия қолбасшысы болды.

1941 жылы шілдеде жау қоршауын бұзып шыққандағы батылдығы үшін 2-рет Қызыл Ту орденімен марапатталып, полковник шенін алды. Оның дивизиясы Дондағы Ростовта, Кавказда ұрыс жүргізді. Беларусьті, Польшаны азат етуге қатысты. Рахымов Ленин, 4 рет Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, 2-дәрежелі Суворов ордендерімен, медальдармен марапатталған. Ташкенттегі бауырластар зиратына жерленген генерал-майор Кеңес Одағының Батыры атанған.

Ұқсас сілтемелер