Басып шығару нұсқасы
13.01.2017, 12:45

ШЕТЕЛДІК 1000-НАН АСА ТАСЫМАЛДАУШЫ КӨЛІК ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ӘКІМШІЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ

 
 ҚР ИДМ Көлік комитеті шетелдік тасымалдаушылардың арнайы рұқсат құжатсыз жүк тасымалдауларына жол бермеу мақсатында 2016 жылдың 15 қазаны мен 31 желтоқсаны аралығында өткен «Көліктік бақылау – отандық тасымалдаушылардың мүддесін қорғауда» акциясын қорытындылады.

Рұқсат қағаздары шетелдік тасымалдаушыларға Халықаралық келісімдерге сәйкес беріледі. Әр ел серіктес мемлекетке өз территориясында жүк тасымалдауға белгіленген мөлшерде квота береді. Осыған орай, жүк тасымалдайтын компаниялардың квотасы болмаса немесе уақыты біткен жағдайда шет мемлекеттің территориясында жүк тасымалдай алмайды.

Сонымен, акция шеңберінде көліктік бақылау органдарымен  19096 шетелдік автокөлік тексеріліп, 1041 тасымалдаушы Қазақстан Республикасының көлік заңнамасы мен халықаралық келісім нормаларын бұзғандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 484 рұқсат жүйесі бойынша. Ресейлік 213, украиндық 33, түріктің 26, беларустың 25, литвалық 22, латвиялық 9 және басқа 156 тасымалдаушы тиісті құжатсыз Қазақстан аумағында жүк тасымалдаумен айналысқан.  

Жалпы 2016 жылдың 12 айында халықаралық келісім нормаларын және Қазақстан Республикасының көлік заңнамасы бұзған үшін 4520 шетелдік тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 2047 тасымалдаушы Халықаралық келісім нормаларын бұзғандары үшін жауапқа тартылған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы территориясында каботажды тасымалдауды жүзеге асырған 913 құқық бұзушылық анықталған.

Бұл акция жыл сайын өткізіледі.