Басып шығару нұсқасы
16.01.2017, 13:53

ҚАЗАҚСТАН МЕН БАӘ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДА

Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Біріккен Араб Әмірліктері бірлескен үкіметаралық комиссиясының 6-отырысы өтті. Комиссия отырысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары аясында ұйымдастырылды.

Комиссия отырысына ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек және әмірлік тарапынан БАӘ Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Сұлтан аль-Джабер тең төрағалық етті.

Отырыс барысында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен БАӘ Экономика министрлігі арасында туризм саласы бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға, сондай-ақ, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен БАӘ жерүсті және су көлігі федералдық агенттігі арасында жолаушылар мен жүктердің халықаралық автокөлік тасымалы туралы Меморандумға қол қойылды.

Бұдан бөлек, тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, ауыл шаруашылық пен энергетика, транзит пен көлік, әскери саладағы ынтымақтастық, білім, денсаулық сақтау және дін, сонымен қатар, құқықтық-келісім базасын нығайту сияқты мәселелерді талқылады.

Отырыста БАӘ-не қазақстандық тауарларды және ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттау мен  Қазақстанның жекешелендіру бағдарламасына жеке компаниялар мен әмірлік қорларының қатысуы мәселелері қаралды.

2005 жылдан 2016 жылдың бірінші жартыжылдығы кезеңінде БАӘ-нен Қазақстанға келген тікелей инвестицияның жалпы ағыны 1,89 млрд. АҚШ долларын құрады.

2016 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, Қазақстанда БАӘ өкілдіктері мен филиалдарының қатысуымен 192 заңды тұлға жұмыс істейді.

Ұқсас сілтемелер