Басып шығару нұсқасы
25.10.2016, 21:53

Сауд Арабиясы Қазақстанға инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр

24 қазанда Эр-Рияд қаласында  Қазақстан Республикасы Президентінің Сауд Арабиясы Корольдігіне  ресми сапары аясында «Қазгеология» Ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ мен «Metals Corners Holding Co» компаниясы Қазақстанның аумағында геологиялық  барлау жұмыстарын жүргізуге инвестициялар туралы  келісімге қол қойды.

Құжатқа «Қазгеология» АҚ Басқармасының Төрағасы Ғалым Нұржанов және «Metals Corners Holding Co» компаниясының Төрағасы Шейх  Насыр Али Аль Агель қол қойды.

Келісімнің мақсаты – Қазақстан Республикасында түсті және асыл металлдар (алтын, мыс, қорғасын, мырыш, күміс) кен орындарын іздеу, барлау және өндіру жөніндегі жобаларды бірлесіп іске асыру болып табылады. Инвестициялардың бастапқы көлемі 50 млн. жуық АҚШ долларын құрайды.

Келісімге қол қойылғаннан кейін «Metals Corners Holding Co» Қазақстандағы жер қойнауын пайдалану жобаларын іске асыруды қаржыландыратын, 100% меншігіндегі еншілес компаниясын ашуды жоспарлауда.

«Metals Corners Holding Co» компаниясы Сауд Арабиясында, сондай-ақ басқа да елдерде алтын, күміс, марганец, мыс, мырыш пен басқа да металлдар барлау және өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асырады. Сауд Арабиясымен жасалған мұндай маңызды келісім-шарттар екі мемлекет үшін де тек экономикалық жағынан ғана емес, халықаралық өзге де қарым-қатынастардың одан ары нығая түсуіне оң ықпалын тигізбек.

Ұқсас сілтемелер