Басып шығару нұсқасы
20.10.2016, 13:05

Елімізде 53 мың кәсіпорынды әйелдер басқарады

Бүгінде еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктің 43%-ын әйелдер басқарып отыр, деп хабарлайды baq.kz.

Бұл туралы бүгін Астана қаласында өткен ІІ«Бизнес-идеялар алаңы» форумында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Астана қаласы бойынша аймақтық филиалының директоры Исламбек Қайырбеков айтты.

 «Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікті басқару ісінің 43%-ын әйелдер атқарып отыр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, шетел статистика агенттіктерінің мәлімдеуінше, Жапонияда 23%, ал АҚШ-та 38% әйелдер кәсіпкерлік фирманы басқарады, - деді Исламбек Орынбайұлы.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде іскер әйелдер 53 мың кәсіпорынды басқарып отыр.

Бұған қоса ол Қазақстанда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы іскер әйелдерге үлкен көмек көрсетіп жатқанын айтты.

«Қазақстанда «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы іскер қыз-келіншектерге үлкен көмек көрсетіп келеді. Бүгінде бағдарлама аясында Астана қаласы бойынша құны 24 967 млн теңгені құрайтын кәсіпкер қыз-келіншектердің 158 жобасы қолдау тапқан», - деді Исламбек Қайырбеков.