Басып шығару нұсқасы
28.08.2016, 20:01

Мәскеудегі жантүршігерлік өрттен 14 қырғыз мигранты қаза тапты

Ресейдің төтенше жағдайлар жөніндегі қызметі Мәскеудегі қоймада болған өрттен 17 адамның қаза тапқанын, қазір өрттің өшірілгенін хабарлады деп жазады Азаттық.

Мәскеуде баспа қоймасындағы өрт 27 тамыз күні таңертең шыққан. Төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет "Ғимараттың есігі лаулап тұрды. Өрт сөндірушілер баспаға кіре алмай, қабырғаны қиратып кірді" деп хабарлайды. Ресей президенті Владимир Путинге тікелей бағынатын Ресей тергеу комитеті өртке байланысты қылмыстық іс қозғаған. Мәскеудің төтенше жағдайлар жөніндегі қызметінің басшысы Илья Денисов өрттің электр шамынан шыққанын айтады.Денисов өрт сөндірушілердің баспа ішінен 16 мәйіт тапқанын, күйік шалған төрт адамды ауруханаға жібергенін, оның бірі ауруханада қайтыс болғанын хабарлады. ҚазАқпараттың мәліметінше, өрттен қаза болғандардың 14-і Қырғызстан азаматтары. «Өртте қаза тапқан 17 адамның 14-і Қырғызстан азаматтары, қалған үшеуі ресейлік», - деді төтенше қызмет өкілі. Оның айтуынша, зардап шеккен тағы үш адам ауруханада жатыр. Сонымен қатар Қырғызстан үкімет басшысы орынбасары Гүлмира Құдайбердиева Бішкектегі өрт құрбандарын еске алу жиынында Мәскеуден баспада шыққан өрттің себептерін тексеруді талап ететіндерін мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, Қырғызстан үкімет басшысы Соуронбай Жиенбеков Ресей премьері Дмитрий Медведевпен телефон арқылы сөйлескен.

Ұқсас сілтемелер