Басып шығару нұсқасы
13.10.2016, 11:04

«Еділ мен Жайық» әніне ескерткіш қойылды

  «Асылым», «Жайлау­көл кештері», «Әселім», «Еділ мен Жайық», «Оралдың ерке сама­лы» секілді ешқашан ескір­мей­тін керемет әндердің авторын ерке сыл­қым Ақ Жайық­ты жағалай қонған жай­саң ел аудан орталығының қақ төрін­де орнатылған ақын Жұбан Молда­ғалиев­тің ескерткіші маңында күтіп алды.

– Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы­мен орайлас келген Илья ағамыздың мерейтойы қуанышымызды еселей түсті. Кеңес Одағы күркіреп тұр­ған уақытта еш тайсалмай «Мен қазақ­пын!» деп өткен Жұбан ақын­ның өлеңіне «Еділ мен Жайық» әнін жазып, қазақтың ұлттық рухын ас­қақ­­тат­қаны үшін біз Илья аға­мыз­ды ерек­ше мақтан тұтамыз, – дей келе Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жола­манов сексеннің сеңгіріне көтері­лген сұлу сазды сазгерге ақбоз ат мінгізді.

– Біздің заманымыздың Махам­беті болған Жұбанның қазақы сана­да, рухани ділімізде алар орны ерекше. Осы өр рухты қастерлеп, ақиық ақын­ның, батыл да батыр азаматтың ес­керт­кішін ауылдың қақ ортасына орнатқан ауданның басшы-қосшы азаматтарына алғыс айтып, басымды иемін, – деді Илья Жақанов.

Осы сәттер Жұбан ақын мен Илья ком­по­зитордың шығармашылық ша­бы­тынан туған «Еділ мен Жайық» әніне арналған композицияның ашы­луы­на жалғасты. Илья аға мен Батыс Қазақ­стан облысы әкімінің орын­баса­ры Бағдат Азбаевтың толқыны тай­дай тулаған айдын төсіндегі қана­тын жайған қос аққу бейнеленген үш­бу туындының ақ жамылғысын сыпырды.

Талай жылдан бері бүкіл жұрты­мызды тебірентіп, сазы мен сөзі, әні мен өлеңі бірі-біріне керім жарасып, айрықша мақтаныш сезіммен тербеп келе жатқан әннің ауыл төріне ескерткіш болып жайғасқаны қандай жарасымды! Аудан әкімінің бас­тамасымен орнатылған бұл туын­дының авторы Ақжайық ауданының түлегі – Асқар Отарғалиев. Ком­позицияда Еділ деп еңіреген Қазтуған жырау мен Жайық деп жандасқан Махам­беттің ұлы арманы анық көрі­ніс тауып, Еділ-Жайық бір арнада тоғы­сып, ынтымаққа шақырып тұрғандай.

Жұбан ақынның ескерткіші маңында саябақ бар. Сол саябаққа композитор Илья Жақанов бастап, өзге жұрт қостап, бірнеше түп қара­ғай көшетін екті.

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ