Басып шығару нұсқасы
11.10.2016, 10:50

Қарағандыда 40-қа жуық адам мінген автобусқа «қарақшылық шабуыл» жасалды

көрнекі сурет көрнекі сурет

Қарағанды облысында 40-қа жуық адам отырған автобусқа «қарақшылық шабуыл» жасалды, деп хабарлайды baq.kz.

Беттеріне бетперде киген лаңкестер әскери оқу-жаттығуға аттанған журналистерге автоматтан оқ жаудырған. Содырларға тілшілер түгілі, сарбаздардың өзі тосқауыл бола алмады.

 Адам толы автобусқа шабуыл жасап, басып алған содырлар ешкімге аяушылық танытар емес. Айнала дерлік жарылыс. Автоматтан толассыз атылып жатқан оқтың дыбыстары қанды қақтығыстың айқын айғағы.

Аса қауіпті саналатын қарулы қақтығыс кезінде сақтана білу жолдарын журналистер осылайша оқ пен оттың ортасында жүріп сезінді. Қауіпті аймақта өзін қалай ұстау керегін тілшілер Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығында үйренді. Осымен алтыншы жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан «Әскери дискурс» жаттығуларына 40-қа жуық тілші қатысып, кәсіптеріне қажетті мағұлматты тәжірбиеде көре жүріп алды. БАҚ өкілдері алдымен семинарға қатысып, артынша алған білімдерін іс жүзінде, яғни нағыз атыс майданында көрсетті .

«Шынайы өмірде мұндай ақпаратты пайдаланбау меніңше, жақсы болар еді. Бірақ, әрине, осындай дискурс, семинар міндетті түрде өткізу керек», - дейді қатысушы Баубек Қоңыров.

Тілшілерге қауіпсіздік үшін «Баспасөз» жазуы жазылған арнайы киімдер де берілді. Салмағы ауыр. Бірақ қатысушылар қанды қақтығыстан аман оралу үшін бұған да көндіккендерін айтады. Ұйымдастырушылардың да мақсаты сол.

Отынды сіріңке шиінсіз тұтату, лаңкестерден зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету, әскери оқиғаларды дұрыс жария ету. Тілшілерге осы және өзге де мәселелерді нұсқаушылар үш күн бойы түсіндіріп бақты. Дәстүрге айналған дәрістің соңғы күнінде журналистерге Қорғаныс министрлігінің арнайы сертификаттары да тапсырылды.