Qamshy.kz ақпарат агенттігі мән-жайды білу үшін журналистік зерттеу жүргізді. Індетіп ізіне түсіп, ең алдымен Раушанды қылмыскерлерден арашалап алған «Желтоқсан-86» қоғамдық ұйымының төрайымы Гүлбахрам Жүнісованы таптық (видеода Раушанды құшақтап тұр). Ол кісі базарға керегін алуға барып, ойда жоқта қыздың қасынан табылыпты.
– Қазір мен қыздың жанында ауруханада отырмын. Бұл оқиға турасында прокуратураға хабарлап, мәселе көтеріп жатырмын. Жауапты органдарға осы шулы жағдайдың түбіне жетпей қоймайтынымды да жеткіздім. Бұл қызды енді бір Алла ғана менің қолымнан алады. Ол жерде тағы да өзбектің, қырғыздың, қазақтың 20 шақты қызы бар. Раушанның айтуынша, притонның біреуі Сейффулин мен Варшавская көшелерінің қиылысына таяу, Дулатов-17 мекен-жайында орналасқан. Үлкен қонақүй дейді. Иесі Марал деген әйел екен. Ал кешегі келіншек бұрын дәл осындай қылмыспен ұсталған. Қырғызстандық нөмір таққан көлік қашып үлгерді. Біз іздеу салып, арыз бердік. Дегенмен видеокамераларда қайда бағыт алғаны, бәрі сақтаулы. Жақын күндері ұсталады деп үміттенеміз. Қазір Раушан психологиялық тұрғыда өте ауыр жағдайда. Әбден зәбір көріп шошынған. Тіпті мен қыздың жалғыз өзін палатада тастап кетуге қорқып отырмын. Себебі бұған дейін притон иелері полициядан да, ауруханадан да қыздарды ақша беріп алып кетіп жүрген екен. 4 жыл бойы қыздарды алдап әкеліп, азаптап, мазақтап, бүгінгідей жағдайға жеткізген. Раушанның халі кешегіден гөрі жақсарды, өз-өзіне енді келді. Базарға мен өзім қажет затымды алуға бардым. Жанымда базардағы саудагерлер, басқа да бір топ азамат болды. Қылмыскерлер қолындағы ең бағалы дүниесінен айрылғандай қызды менің қолымнан жұлып әкетпекші болды. Мен оларда қару болғанына 100 пайыз кепілдік беремін. Ол қызды неге іздейді? Әлбетте, нанынан айрылып жатқасын осылай әбігерге түседі. Бұлардың қолындағы қыздар жылдар бойы өз үйлерін, бауырларын көрмеген. Таяқтың астында өмір сүрген. Қазір Раушанның қауіпсіздігіне өзім жауапты болып отырмын, — дейді Гүлбахрам Жүнісова.
Оның сөзінше, Раушанның әкесі Қарғалы ауылында біреудің малын бағады екен. Ал інісінен мүлде хабарсыз. Барлық туған-туысынан күдер үзген. Анасы қайтыс болған. Ал Раушан сынды тағы 20 шақты қызды құлдықта ұстап отырған апалы-сіңілі Венера мен Айгүл деген әйелдер Жетісу аудандық Ішкі істер бөлімінде қамауда отырған көрінеді.
Гүлбахрам Жүнісовамен сөйлескен соң біз жәбірленушінің өз аузынан осы қылмыстың жай-жапсарын естиік деп Алматы облыстық ауруханасына арнайы бас сұқтық. Раушан бізді самарқау қарсы алды. Дәрігерлер қойған диагноз бойынша қыздың миы шайқалған, қол-аяғы жараланған. Шошынып қалған. Әйтсе де біздің сауалдарымызға толық жауап бере алды. 4 жылда көрмеген қорлығы қалмаған қыз о баста жеңіл жүріске өз еркімен түскенін мойындады.
— Осыдан төрт жыл бұрын «Алтын орда» базары маңында бір таксиге отырдым. Жезөкшелікпен айналысуды маған сол кісі ұсынды. «50-50 шартымен жұмыс істейсің, жатар орның, ішер асың тегін, қыдыратын жеріңе қыдырып, елден тәуір өмір сүресің», — деді. Мен келістім. Ол өзінің адамдарына хабарласып, олар мені бір сағаттың көлемінде алып кетті. Жарты жылдай маған ұрмай, соқпай, барын беріп, жақсы қарады. Кейінірек бір күнде 30 мың теңге «план» шығарасың деген талап қоя бастады. Таппасам, соққыға жығып, оқтаумен ұратын. Венера мен Айгүл күні бойы өз үйлерінің шаруаларын жасататын. Сәл қателессем, аямай сабайтын. Басымнан пышақпен ұрып қан-жоса қылып, қанды тоқтата алмай өздері де үрейленген кездер болды. Венера мені қонақүйге апарып, кешкі сағат 9-дан таңғы 6-ға дейін, шал демей, мас демей, неше түрлі еркектерге қызмет көрсетуге мәжбүрлейтін. Клиенттерден көмек сұрағанымды біліп қойғанда өлімші етіп тепкілеген. Бір апта ештеңеге жарамай қалдым. Венераның әпкесі Айгүл жаны ашып ортамызға түсетін.
Ⓒqamshy.kz Ⓒqamshy.kzВенераның әпкесі Айгүл
Арамыздағы бір қызды өзім қашырып жібердім. Оған: «мені құтқар, мына жерден алып шық», — дегенмін. Бірақ жарты жыл күттім, қыздан хабар болмады. Соның өзінде бір рет қашып кетіп, туысымның үйін паналадым. Венера адамдарымен келіп, «Алтын орда» базарында самса жеп тұрған жерімнен қолымды қайырып алып кетті. Тағы да таяқ жедім, оқтау сынғанша ұрды, қорлықтың неше түрін көрдім, — дейді Раушан.
Жәбірленуші осыдан 10 шақты күн бұрын қашып шығыпты. Амалын тауып өздерін қамап ұстайтын үйдің есігін ашып, қылмыскерлердің сыртынан кілттеп кеткен. 10 күн бойы жертөледе түнеп жүрген Раушан 5 мамыр күні «Саяхат» жаққа келеді. Сол жерде Венераның 1998 жылғы ұлы кездесіп, қорқытып-үркітіп, көлікке ұрып-соғып отырғызған. Бағдаршамға жақындағанда Раушан жүріп бара жатқан көліктің есігін ашып, секіріп түскен. Қарсы бетте қатты келе жатқан көлік қызды қағып, сол жерде есінен танған. Бағдаршам маңынан өтіп бара жатқан кездейсоқ жігіт Раушанды көтеріп, халық көп шоғырланған орынға әкеледі. Олардың артынан іле-шала Арман деген жігіт «қыздың ағасымын» деп жұлқып алып кетпекші болады. Базардың ішінде айғайға басқан қызды Гүлбахрам Жүнісова мен саудагерлер қорғап қалады.
Раушан бұл притонның иелері полиция қызметкерлерімен ауыз жаласқанын жасырмады. Кейде қызыл жағалылар жезөкше қыздарды 3 сағатқа қамап қояды екен. 3 сағаттан кейін құжаты бар қыздар босап шығады да, құжатсыз қыздардың әрқайсысына притон иесі 30 мың теңгеден төлеп, шығарып алады. Кейін сол 30 мың теңгенің есесін жұмыс барысында қайтарып алады.
— Полиция қызметкерлеріне «мені жібермей алып қалыңдаршы» деп айтуға қорқатынмын. Себебі олар біздің иелерімізбен бірге жұмыс істеді. Марал есімді 60 жастан асқан әйел бізге: «Жердің түбіне түссеңдер де тауып аламын», — дейтін. Венера мен Айгүл біз сияқты қыздардың еңбегін қанап, Боралдай жақтағы Рахат ауылынан үлкен үй салып, су жаңа көліктер сатып алған. Мұның бәрі – біздің 4 жыл бойғы береміз деп уәде еткен жалақымызға жасалған нәрсе. Ол жердегі қыздардың көбі өз еркімен жүрген жоқ. Алдап, арбап, қорлап ұстап отыр. Исаева Махаббат деген қырғыз қызды мүгедек болып қалғанша тепкінің астына алып, жібере салды. Қылмыскерлер лайықты жазасын алса екен, – дейді Раушан.
Дереккөз: qamshy.kz