Басып шығару нұсқасы
28.01.2018, 14:30

Қонақ келгенде келін... (Қонақтың қандай түрлері болады?)

Есентемір Бөленді Асау шешен қонаққа шақырып отырып:
 - Е, бөле! Сізден бір-екі ауыз сөз сұрайын, рұқсат па? — депті.
 - Е, шырағым, сұра! — депті Бөлен.
 - Құдайдың бергені, үйден қонақ кетпейді. Бірі кетсе бірі келеді. Біреулері бір келмейді, бірнеше келеді. Осыларды келініңіз көріп «мынау тағы келе жатыр ма?»—дейді. Бұл неткені? — депті Асау.
 -Ол келіннің ырысы кеткені,— дейді Бөлен.
 -Ауылдың жас балалары кәрі қонақты жақтырмайды, соны күтуден ерінеді. «Осы шалдарға не жоқ, қыдырды, жеді, бірсыпыра қызықты көрді, енді үйлерінде жатса қайтеді?»— дейді. Бұл неткені?
 — Ол балалардан ерік кеткені.
 — Бөле! «Қонақ-қонсы» дейді қазақ.
Қонақ деген кім, қонсы деген кім?
 — Қонақ деген мына мен, жылына бір рет шақырту - мен келемін. Қонсы деген мыналар,— деп айналадағы кісілерді көрсетеді. Пәленнің үйіне пәлен келіпті, барып амандасайық деп келеді.
 — Ал, Бөле! Қонақ неше түрлі болады?
 — Қонақ төрт түрлі болады:
 Арнайы қонақ,
 Құдайы қонақ,
 Қыдырма қонақ
 Қылғыма қонақ.
Енді Бөлен Асаудан:
 — Жігіттің неше жұрты бар? — деп сұрайды.
 — Жігіттің үш жұрты бар деп ойлаймын,— дейді Асау:
 Қайын жұрты — міншіл,
 Өз жұрты — күншіл,
 Нағашы жұрты — сыншыл.
Сонда Бөлен: — Жігіттің төрт жұрты болатын еді, біреуін тастап кеттіңіз. Ол — елінің азаматы. Бәрінен де артық сол еді- ау! — депті.

 

Дереккөз: jastar.kz

Ұқсас сілтемелер