Басып шығару нұсқасы
15.04.2026, 13:51

«Қазақ күшінің картасына» Түркістан облысы бойынша 2 символдық және 13 заттық Балуан тас енгізілді

Түркістанда «Балуан тас сапары» экспедициясының оңтүстік өңір бойынша қорытынды баспасөз конференциясы өтті

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Балуан тас сапары» ғылыми-танымдық экспедициясының оңтүстік өңір бойынша қорытындыларына арналған кеңейтілген баспасөз конференциясы өтті.

Аталған экспедиция 2026 жылғы 18–21 наурыз аралығында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының бастамасымен ұйымдастырылып, «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» атты ірі ғылыми-мәдени жоба аясында жүзеге асырылды.

 

Экспедиция барысында арнайы топ Түркістан облысы аумағындағы бірқатар тарихи және сакральды нысандарды қамтып, Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Отырар, Сауран аудандары және Түркістан қаласы бағытында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар бірқатар өндіріс орындарына шақырумен барып, жұмысымен танысты.

 

Баспасөз конференциясында экспедиция жетекшісі, «Baluan tas» академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров жобаның ғылыми-концептуалдық негізіне тоқталып өтті:

– «Біз “Балуан тас” ұғымын тек физикалық күштің көрінісі ретінде емес, ұлттық сананың, тарихи жадтың және рухани қуаттың жиынтығы ретінде қарастырамыз. Бұл экспедицияның басты жаңалығы – “символдық Балуан тас көтеру” ұғымын ғылыми айналымға енгізу. Яғни, біз енді тек ауыр тасты көтерген алыптарды емес, елдің рухани жүгін көтерген тұлғаларды да осы категорияда қарастыруды ұсынамыз. Бұл – қазақтың күш мәдениетін жаңа деңгейде интерпретациялау», – деді ол.

Ғалымның айтуынша, экспедицияның қол жеткізген негізгі нәтижелері мыналар:

Біріншіден, 1000 шақырымға жуық жол жүріліп, 10-нан астам киелі нысанға зиярат жасалған, сондай-ақ олардың «Қазақ күші» концепциясы аясындағы мән-маңызы қайта таразыланды.

Екіншіден, Қажымұқан атындағы облыстық спорт, Сұлтанбек Қожанов атындағы, Әбу-Насыр Әл-Фараби атындағы музейлердегі балуантастар мен тарихи жәдігерлер кешенді түрде зерттелді.

Үшіншіден, Қажымұқан Мұңайтпасұлы және өзге де жергілікті батыр-палуандарға қатысты бұрын беймәлім болып келген балуантастар табылып, тізімге алынды немесе фактчеккинг жүргізілуде.

Төртіншіден, ғылыми еңбектерге арналған тың деректер жинақталды. Атап айтқанда, Академия алдағы айлары шығаруды жоспарлап жатқан «Пілмен күрескен қазақтың 7 палуаны», «Ұлы даланың балуантастары» кітабы, «Көкпар қайдан шыққан? Генезис, этимология, сыр-құпиялары» атты ғылыми кітап пен «Көкпар» сериялы кітаптарының 1-2-3-4 томдарына түрлі материал жиналды. Бұған дейін жарық көрген қостомдықтың заңды жалғасы – «БАЛУАН ТАС. Балуандар мен күрес өнеріне байланысты аңыз-әфсаналар, қисса-дастандар, ел аузындағы әңгімелер (тарихи деректер)» еңбегінің 3-томын аяқтаушы мәліметтерге ие болды.

Бесіншіден, өңірдің әр нүктесінде 5 «Күш лекциясы» өткізіліп, 3 мыңға жуық адам қамтылды.

Алтыншыдан, сапалы фото-видео түсірілімдер жасалды. Фотолардың басым бөлігі алдағы уақытта өткізуі жоспарланып жатқан «Балуан тас» көрмелеріне қойылмақ. Ал видеолар балуантастар туралы деректі фильмдеріне пайдаланылмақ. Тағы бір ілкімді тұс, сапар барысында барлық нысандарға кәсіби дронмен әуелік фото-видеолық арнайы түсірілімдер жасалып, олар облыстық және аудандық әкімдіктің жауапты қызметкерлері, музей және әулиелі жерлер өкілдеріне жұмыс барысында қолдану үшін табысталды.

Жетіншіден, экспедиция аясында қазақтың дәстүрлі күш мәдениетінің маңызды элементі – «Балуан тас» көтеру рәсімі 80 жылдан астам уақыттан кейін қайта жаңғыртылды. Бұл тарихи сәт Шәуілдір ауылында өткен Наурыз мерекесінде жүзеге асып, палуан Арман Сүлейменнің орындауымен көпшілік куә болған маңызды мәдени-спорттық оқиғаға айналды. Әйгілі палуан ол іс-шарада салмағы 200 келіге жуық тас көтеріп, халық көзайымына айналды.

 

«Baluan tas» академиясының Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша өкілі Айдархан Мамырайханұлы экспедицияның рухани-мәдени маңызына ерекше тоқталды:

– «Бұл сапар – жай ғана зерттеу емес, бұл – ұлттық жадымен тілдесу. Біздің топ жүрген әрбір ауыл, әрбір кесене, әрбір балуан тас – тарихтың үнсіз сөйлеп тұрған куәгері. Қажымұқан сияқты тұлғалардың ізі қалған кеңістікті көзбен көру – оны кітаптан оқудан мүлде бөлек әсер береді. Бұл жоба болашақта қазақ руханиятына қызмет ететін іргелі еңбектердің негізіне айналады. Қатысушылар құрамы да өте іріктелген. Сапарға арнайы жасақталған «Балуан тас» журналистер мен блогерлер пулының тұрақты өкілдері, ғалымдар мен спортшылар болды. Мысалы, Зейін Әліпбек бастаған тілшілер мен блогерлер қосыны және Серік Ерғали бастаған ғалымдар шоғыры. Спортшыларды әйгілі балуан Арман Сүлеймен бастап жүрді», – деді ол.

 

Жазушы Асан Тұрабаев болса:

– «Бұл сапар – көзбен көріп, көңілмен түйсінетін үнсіз шежіре болды. Біз жүрген жол – жай ғана жер бедері емес, ол – қазақтың басынан өткен уақыттың ізі. Әр тастың, әр төбенің, әр әулие басының өз тілі бар екен. Сол тілді ұға алсаң ғана өткеніңмен тілдесесің.

Қажымұқан – сол тілдің ең асқақ үні. Ол туралы айтқанда, біз бір адамның ғұмырын емес, тұтас халықтың қайсарлығын сөз етеміз. Оның көтергені – тас емес, заманның салмағы. Оның жеңгені – қарсылас емес, күмән мен қорлық еді.

Бұл сапарда мен бір нәрсеге анық көз жеткіздім: халықтың жадын ешқандай уақыт өшіре алмайды. Ол жад кейде аңыз болып сөйлейді, кейде үнсіз белгі болып сақталады. Ал соны тірілтіп, қайта сөйлету – бүгінгі ұрпақтың мойнындағы аманат», – деді.

 

Ал Түркістан облысы туризм басқармасының «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының басшысы Асқар Әбубәкіров жобаның өңірлік дамуға қосар үлесін атап өтті:

– «Экспедиция нәтижелері тек ғылыми тұрғыдан ғана емес, туризмді дамыту тұрғысынан да өте маңызды. Түркістан өңірінде тарихи, сакральды және мәдени нысандар өте көп. Бірақ оларды осындай жүйелі жобалар арқылы біріктіріп, мазмұндық тұрғыдан ұсыну – уақыт талабы. “Балуан тас сапары” осы бағытта жаңа туристік маршруттар мен мазмұндық өнімдер қалыптастыруға негіз болады», – деп ойын тұжырды.

 

Бұл ретте топ жетекшісі Абылайхан Қалназаровтың экспедицияның әу бастан көзделген мақсатты қорытындыларын тұжырымдады. Ол:

– «Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясы қорытындысы бойынша «Қазақ күшінің картасына» 2 символдық Балуан тас және 13 заттық Балуан тас жеке-жеке нысандар ретінде енгізіліп, әрбірінің толық мағұлыматы ақпараттар базасына тіркелді. Сонымен қатар 4 заттық Балуан тас нақтылауды қажет ететіндіктен, кейінге қалдырылды. 3 символдық Балуан тас ғылыми жиында талқыланып, тіркеу немесе тіркемеу талқыға түсетін болады», – деп атап өтті. 

 

Айта кетейік, мұндай экспедициялардың ғылыми-мәдени маңызы орасан және нәтижелері Ұлы даланың дәстүрлі күш мәдениетін жүйелеуге, балуантастарды ұлттық мұра ретінде тіркеуге және оларды заманауи ғылыми әрі мәдени айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба ұлттық бірегейлікті нығайтуға, тарихи жадыны жаңғыртуға және өңірлік туризмді дамытуға серпін беретін маңызды бастама ретінде бағаланып келеді.

 

Тағы бір айта кетерлік жайт, «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» жобасының тұсауы былтыр Бас редакторлары клубы құрамының қатысуымен Наурыз мейрамында елордада кесілген болатын. Бұған дейін жоба аясында Ақтөбе және Павлодар облыстарына экспедициялар ұйымдастырылып, алғашқы ғылыми-мәдени деректер жинақталды. Реттік жағынан үшінші Түркістан бағыты – жобаның рухани-тарихи тұрғыдан ең маңызды кезеңдерінің бірі болды. Сонымен қатар бұл жолғы сапар Наурыз мейрамы мен Түркістанда өтетін Көкпардан әлемдік чемпионаты іс-шарасына орайластырылды. Бұдан бөлек Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдық мерейтойымен де үйлестірілді. Бұдан әрмен қарайғы экспедиция бағыттары Қостанай, Маңғыстау, Абай облыстарына жоспарлануда және оларға осы оңтүстік сапарының оңды тәжірибелері эталондық үлгі ретінде ұсынылмақ. 

Ұқсас сілтемелер