Жиын Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өтті. Отырысқа сенаторлармен бірге облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Кеңес беташарын ашқан Сенат Спикері конституциялық реформалар Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жүйелі өзгерістердің жалғасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция Әділетті Қазақстан қағидаттарын іске асыруға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң үстемдігін нығайтуға, сондай-ақ адам капиталы, білім, ғылым және инновацияны дамытуға берік құқықтық негіз қалыптастырады.
Отырыс барысында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Т.Т. Мұқашев сөз сөйлеп, конституциялық реформалардың мәні мен өңірлік деңгейдегі маңызына тоқталды.
– Біз жай ғана құжатты талқылау үшін жиналған жоқпыз. Біз мемлекеттің ертеңін баянды ететін негізгі тұғыр туралы сөз қозғау үшін бас қостық. Конституция – бұл жай ғана заңдар жинағы емес. Ол – халықтың үні, әділетке деген ұмтылыстың жазылған формасы, мемлекеттің ар-ожданы, – деді Т.Мұқашев.
Оның пікірінше, жүргізіліп жатқан реформа мемлекеттік билік тармақтарының теңгерімін нығайтып, Парламент пен жергілікті өкілді органдардың құзыретін кеңейту арқылы басқару моделін ашық, есепті әрі жауапты жүйеге көшіруге бағытталған.
– Конституцияның күші мәтінде ғана емес – оны жүзеге асыратын адамдарда. Егер біз батыл болсақ, ел үшін жанымыз күйсе – Конституция жұмыс істейді. Әділ болсақ – мемлекет нығаяды. Жауапты болсақ – халық сенеді. Содан соң біз өңірлердің дамуын тек экономикалық көрсеткішпен өлшемеуіміз керек. Біз оны азаматтардың сенімімен өлшеуіміз керек. Сенім бар жерде – тұрақтылық пен инвестиция, болашақ бар, – деп атап өтті ол.
Бұдан бөлек Т.Мұқашев мәслихаттардың демократиялық мемлекеттің тірегі екенін айта келе, «Еститін мемлекет» қағидатының нақты мазмұны өңірлік деңгейде ашылатынын жеткізді. Оның айтуынша, ұзақ мерзімді даму берік институционалдық негізге сүйенуі тиіс, ал жаңғырған Конституция – мемлекеттік тұрақтылықтың, құқық үстемдігінің және қоғамдық келісімнің басты кепілі.
«Дамыған елдер тәжірибесінен мәлім болғандай, ұзақ мерзімді даму берік институционалдық негізге сүйенеді. Бұл тұрғыдағы жаңғырған Конституция – мемлекеттік тұрақтылықтың, құқық үстемдігінің және қоғамдық келісімнің басты кепілі. Ал оның нормаларын өңірлік деңгейде толық әрі сапалы іске асыру – мәслихат депутаттарының тікелей жауапкершілігі емес пе?» , – деп сауалдады РҚБ төрағасы.
Баяндама барысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, мәслихаттардың стратегиялық жоспарлау мен бюджет қалыптастырудағы рөлін күшейту, атқарушы билік қызметіне бақылауды жүйелеу мәселелері де көтерілді. Сондай-ақ барлық деңгейдегі депутаттардың округтерінде Жергілікті өзін-өзі басқару кеңестерін құру бойынша пилоттық жобалар, ауылдық жерлерде жеке қосалқы шаруашылықты дамыту және өңірлік бастамаларды кеңейту қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар Астана қаласы мәслихаты төрағасы Т.Қ.Зейнұлқабден, Павлодар облыстық мәслихат төрағасы И.С.Теренченко, Ақтөбе облыстық мәслихат төрағасы Г.Р.Сүйінтаева және Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Н.Ә.Әбішев сөз сөйледі. Олар да жоғарыда айтылғандарға қатысты өз ойларымен бөлісіп, ортаға салды.
Жиын қорытындысында қатысушылар конституциялық реформаларды өңірлік даму стратегияларымен үйлестіру, халықпен тұрақты диалог орнату және алдағы саяси науқандарға белсенді қатысу ел дамуының жаңа кезеңіндегі маңызды міндет екенін атап өтті.
Кеңес отырысы жаңа Конституцияны іске асыру – тек құқықтық өзгеріс емес, сонымен қатар саяси мәдениетті жаңғырту үдерісі екенін айқындап берді.