Басып шығару нұсқасы
03.03.2023, 12:18

Кеңестік Қазақстандағы қақтығыстар тарихының тағылымы сараланды

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге «Кеңестік Қазақстан: әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихының тағылымы (1920-1991 жж.)» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Ғылыми-практикалық конференцияны Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Е.Қабылдинов ашып, бас қосуға Астана қаласынан арнайы келген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары А.Т. Кемелов құттықтау сөз сөйледі. Ғылыми жиынды саяси ғылымдар докторы, профессор С.М. Борбасов жүргізіп отырды.  

Кеңестік Қазақстанда жүргізілген әлеуметтік эксперименттер, адам құқығының бұзылуы, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін ескермеген большевиктердің ұлт саясаты, Қазақстанға 1 миллион 207 мыңнан астам әртүрлі ұлт өкілдерінің күшпен жер аударылуы, тың және тыңайған жерлерді игеру барысындағы бассыздықтар, биліктегі қасаң бюрократия мен жемқорлық – әлеуметтік және этникалық қақтығыстардың туындауына себеп болды. Кеңестік өкімет орындарының халықтың талап-тілегіне құлықсыздығы апатты зардаптарға апарды. Жазылмаған «заңдылық» бойынша оқиғалар себеп-салдары талданбады, құжат-деректер құпияланды, бейкүнә адамдар қосақ арасында жаза тартып кетіп жатты...

Ғылыми бас қосуда ХХ ғасырдың 20-30-жылдары ашаршылықтан және түрлі індеттерден қырғынға, ұлт саясатына, әлеуметтік саладағы және экономикада жүргізілген ауытқуларға қарсы бас көтерулер, 50-60 жылдарда орын алған Кеңгір, Степлаг,  Лениногорск (Риддер), Зырияновск (Алтай), Жетіқара, Құсмұрын, Шымкент, Целиноградтағы көтерілістер туралы баяндамалар таныстырылды. Атап айтқанда, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты  Қ. С. Алдажұманов «1950-жылдардағы Қазақстандағы әлеуметтік және этникалық қақтығыстар туралы» кеңірек баяндаса, институттың бас ғылыми қызметкері тарих ғылымдарының докторы, профессор Г. К. Көкебаева «Ашық қоғам» архивіндегі Кеңестік Қазақстандағы қақтығыстар тарихына қатысты  материалдар» туралы сөз қозғады. Бір ғана 1959 жылғы Теміртау оқиғасы үш қырынан талданып, үш баяндамаға арқау болды. Профессор Қ. Алдажұманов жалпы және арнайы архив қорларының мәліметтерге сүйенген түйіндерін ортаға салса, тарих ғылымдарының докторы Г. Көкебаева оқиғаның Будапештегі  «Ашық қоғам архивінде» сақталған сараптамалық материалдарда сипатталуын талдап берді. Конференцияға Қарағандыдан арнайы келген тарих магистрі Асқар Құмар өз баяндамасына Теміртау оқиғасының тұрғындар жадындағы естеліктерін арқау еткен. Оқиғаның бұлай  кешенді талдануы тыңдаушы ықыласын арттырды.

Конференцияға арнайы келген тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Д. Д. Сүлейменова 1991 жылдың қыркүйегіндегі Орал оқиғасы тарихын баяндады. Баяндамашы Дәметкен апай мен Сайлау ағамыз тек зерттеушілер ғана емес, сол дүбірлі оқиғалардың куәлары. Баяндамаға арқау болған деректер мен сараптаулар сөйлеушінің Оралдағы дүрбелең туралы өмірлік естеліктерімен өрілген тың пайымдарымен құнды. Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының phd-докторанты Е. И. Стамшаловтың сөзі 1967 жылғы Шымкент көтерілісінің тарихына арналды. Астана қаласының мемлекеттік архивінің бөлім меңгерушісі Ғ. Т. Исахан Целиноградтағы оқиғалардың тарихына тоқталды. Ал  Ш. Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты  М. Ш. Қалыбекова Қостанай облысының Құсмұрын станциясындағы оқиғаны талдап, әңгімеледі.

Бұдан бөлек баяндамашылар Кеңестік кезеңде Қазақстанда орын алған әлеуметтік және этносаралық қақтығыстар тарихын зерттеудің методологиясын, бас көтерулердің кеңестік билік тарапынан бағалануын, тарихи оқиғалардың халық жадындағы бейнесін, тарихнамасын талқылады. «Бүркенген жерге бүрге үйір» болатынын айқын аңдаған көзіқарақты көпшілік конференция тақырыбына зор қызығушылық байқатты. Жиын барысында Түркімен ұлттық-мәдени орталығы өкілі Гүлнара Аннакулиева бас қосудың практикалық маңызы жоғары болғанын тілге тиек еткен  жүрекжарды пікірін ортаға салды. Ғылыми мәслихат соңында баяндамашыларға сұрақтар қойылып, қатысушылар өзара пікір алмасты.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржылай қолдауымен AP09259347 «Кеңестік Қазақстан: әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихының  тағылымы (1920-1991 жж.)»  жобасын іске асыру шеңберінде өткізілген ғылыми-практикалық конференция материалдары арнайы жинақ түрінде жарық көрмек.

 

Еркін Стамшалов

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология

институтының phd-докторанты

Ұқсас сілтемелер